ҚР Ұлттық экономика министрі Сыр елінде
Жылыжай мемлекет тарапынан қаржылай қолдау тауып, жұмысын 2020 жылы бастады. Өндіріс орны көкөністерді өсіру және сату есебінен табыс табуда. Мұнда жылына 700 тонна қияр мен қызанақ өндіріліп, республиканың өзге де аймақтарына жіберіледі.
Аумағы 2,2 гектарды құрайтын жылыжай испандық автоматтандырылған технология негізінде жұмыс істейді. Яғни мұнда өсірілетін көкөністердің жыл бойына температурасы реттеліп, тамшылатып суару, тыңайтқыштарды беру процесстері автоматты түрде жүргізіледі.
Облыс әкімі аймақта жергілікті өнімдер қорын көбейтуге ерекше басымдық берілгенін және әрбір ауылдың географиялық ерекшелігіне қарай бақша өнімдерін егу жұмыстары қолға алынғанын атап өтті. Бұл жобаның маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдеріне деген бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік беретінін қаперге салды.
Жылыжай жұмысымен танысқан министр аграрлық саладағы жобаларды көбейту нарық бағасына тікелей әсер ететінін атап өтіп, осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіруге мән беру қажет екенін тілге тиек етті.
Мұнан кейін, Әлібек Қуантыров Қосшыңырау ауылдық округ тұрғындарымен кездесіп, Сырдария ауданындағы «Ауыл ел бесігі» мемлекеттік бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстарды саралады.
Сондай-ақ, күріш өңдеу зауытының, «Dalatex» ЖШС-гі тігін фабрикасына барып, жұмысын көреді. Мұнан өзге, облыстың Қоғамдық кеңес өкілдерімен, кәсіпкерлермен кездесіп, азаматтардың жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі