» » СЕНБІЛІККЕ САЛҒЫРТТЫҚ: Найзаменен түртсе де, жатырсың, қазақ, оянбай!

СЕНБІЛІККЕ САЛҒЫРТТЫҚ: Найзаменен түртсе де, жатырсың, қазақ, оянбай!

«Тазалық – иманның жартысы» деген. Аудан басшылығының ұйымдастыруымен сонау көктем келіп, жылғалардан су аққалы бері екі ай тазалық айлығы деп жарияланды. Әйтсе де, қыс бойы жұрттан жасырып, қар астына қалдырған қоқысымызды ақ мамық еріген соң қайда қоярмыз?! Тыққанымыз іннен шыққан тышқандай басын қылтитты, енді сенбілікте тазартпасақ, тіпті ұят. Ел-жұрт кетпен-күрегін, айыр-тырмасын иыққа асып сенбілікке бара жатса, бәзбіреулер баяғы қалың ұйқыдағы қазақ тәрізді қаймықпай, міз бақпай тағы отырды. Сұлтанмахмұттың түртетін найзасы керек шығар, бірақ, мұнан соң қараңғы қазақтың көгіне шығып күн болсын ба олар?! Қош, көрген-баққан, жиған-терген дүние, суреттер сөйлесін, дәлелдер қылаң берсін.
Басқаны қайдам, білім мекемелері қоғамдық жұмысқа өзгелерді үйрететіндей деңгейі бар. Қашан, қай уақытта әлемжеліні ашсаңыз да, «Сенбілікке көп шығады, содан қайдан білім болсын» деп өкпе-назын білдіріп жататын ұстаздар қауымы. Кеңес Одағы кезеңіндегі ұстаздар тіпті балалармен бірге топтық төбелестің ішіне кіріп кетіп, азан-қазаны шыққан ортадан өз шәкірттерін түгендеп жүретін. Бүгінгілерде ондай қауырт жоқ. Бірақ, реніштері көп-ақ. Әйтсе де, «көппен көрген ұлы той» деген ұстанымды жанына жақындатпағандар қатарында аудан әкімінің баспасөз хатшысы А.Қозыбақовтың мәлімдеуінше, №30 орта мектеп бар. Аталған ұжымның жауапкершілігіне берілген Есқараев, Мүсірбаев, Сәрке батыр көшелеріндегі аяқсу арықтары күл-қоқыстан тазартылмаған. «Сардарбек» балабақшасына тапсырылған Жамбыл, Молдахмет жырау көшелері де осы күйде. Сондай-ақ, «Кенженұр» балабақшасы атқаруы тиіс Қабылан батыр көшесі, аудандық кітапханаға жүктелген Мәдірайым ишан көшесі, аудандық оқушылар үйіне жүктелген Қ.Наметша, Шегебайұлы көшелері күл-қоқысқа көміліп, қаз-қалпында тұр.
«Бізге тазалықты емес, құрылысты берсін» дегені ме, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі де тапсырылған жұмысқа селқос қараған сыңайлы. Бөлімге жүктелген Шумилов көшесі күл-қоқыстан арыла алмай әлі тұр. Қаражат жайын қарап машықтанған аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі де «бұл – біздің қол емес» деген тәрізді, Жангелдин көшесі қоқыс қалдықтарынан көз ашпай сол күйінде. «Шипагер» емханасы Тайшық би көшесіне мүлдем ат ізін салмаған. Мұндай да болады екен ғой. «Байқоңыргаз» ЖШС Жастар көшесін жауапкершілікке алған еді. Алайда, ол да сын садағына ілікті. Көше күл-қоқыстантазартылмаған. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі сенбілікті тіпті ұмытып кеткен тәрізді. Айсауытов көшесі басшыларға «Ай қарап отырсыңдар ма?» дегендей мұңайып тұр. Тілін білсең, табиғат та тіл қатады. Алайда, аялай білмеген алақанға не десін?! Сенбілікке шығудың сәті түспей жүргендер қатарында аудандық кәсіпкерлер палатасы да бар. Бекітілген Нақыпов көшесі қоқысқа көміліп әлі тұр. Обаға қарсы күрес бөлімі қоқысқа қарсы күресе алмай жүрген сияқты. Сералиев көшесіне барсаңыз, осылай ой түйесіз.
Жосалы кентіндегі 114 көшенің тазалығын қамтамасыз етуде 6 аймаққа бөлініп, 74 мекемеге көше жүктелген. Тиісінше тазалық жұмыстарынан жиналған күл-қоқысты «Қармақшы тазалығы» ЖШС Камаз автокөлігімен 4 мәрте қатынап, арнайы полигонға жөнелтті. Алайда, «көп түкірсе көл боладыны» ұмытып кеткен мекемелер де қимылдаса жарар еді. Өз ортамыздың абаттанып жатқаны өзімізге жақсы.
Өйткені, таза аймақ – өз үйің!
 

Аян СПАНДИЯР.
 
10 сәуір 2018 ж. 1 265 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031