Қазақстанда биылдың өзінде энергия тапшылығы сезілуі мүмкін
Отандық энергетиктер алдағы қысты үрейлене күтіп отыр. Қазақстанның Бірыңғай энергожүйе операторының мәліметінше, елімізде электрқуатын тұтыну көлемі аса зор қарқынмен өсіп келеді. Былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда биылғы 9 айда энерготұтыну көлемінің өсуі 7,2% құрады. Оңтүстік өңірдегі өсім, тіпті 11,8%-дан асып жығылды. Электрқуаты ең көп тұтынылатын кешкі мезгілде Қазақстандағы қуатты тұтыну көлемі былтырғы көрсеткіштерден 1500 МВт-қа артық, соның ішінде Оңтүстік аймақ бойынша – 400 МВт.
Энергетиктердің болжауы бойынша, Қазақстанның Бірыңғай энергожүйесінде қазан-желтоқсан айларының өзінде қуат тапшылығы шамамен 1,7 млрд кВт/с-қа жетуі ықтимал. Бұл сандар электрстансаларында жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігіне, гидроэлектрстансаларындағы су тапшылығына әкеліп соқтырған қуаңшылыққа және Жамбыл ГРЭС-інің отынмен қамту мәселелеріне негізделген.
Бұл факторлардың барлығы, әсіресе, оңтүстік аймақта, электрқуатымен қамтамасыз етуді уақытша шектеу ықтималдығын жоққа шығармайды. "KEGOC" АҚ мәліметтеріне сүйенсек, Оңтүстік аймақта 4350 МВт элетрқуаты тұтынушыларға жеткізіледі. Ал, өндірілетін энергия көлемі 2250 МВт-тан аспайды. Оның өзінде Жамбыл ГРЭС-і 4 блоктың толық қуатында жұмыс істесе ғана. Солтүстіктен Оңтүстікке энергия транзитінің көлемі 2100 МВт-ан аспайды. Демек, шамамен 400 МВт энергияны аса жоғары бағамен Ресейден сатып алуға тура келеді.
Айта кеткен жөн, көптеген мемлекеттер қазір энергодефицитке тап болып жатыр. Жаңартылатын қуат көздеріне ден қойған Еуропа елдерінде газдың бағасы тарихи максимумдерден асып жығылды. Қытайда электрқуаты тапшылығынан зауыттар мен фабрикалардың жұмысы тоқтап жатыр. Қырғызстанда Тоқтоғұл ГЭС-дегі судың тартылуына байланысты электрқуатын жоспарлы түрде жаппай өшіру ықтималдығы туралы халық ескертілді.
Дүниежүзілік энергетика апталығында баяндама жасаған "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма Төрағасы Алмасадам Сәтқалиев атап өткеніндей: "Халық санының күрт өсуі, өнеркәсіпті автоматтандыру және электрмен қамту үдерістері бүкіл дүниежүзінде электрқуатының тапшылығына әкеліп соқты. Қазақстанда негзігі қуат көзі – көмір жағу. Біздегі көмір, газ және электрқуатының бағасы әлем бойынша ең төмен деп айтуға болады. Салдарынан еліміздің экономикасы энергиятұтыну көлемі бойынша дүниежүзінде 12-ші орынға көтерілді. Қысқамерзімдік болашақта біз энергиямен қамту проблемаларына тап болуымыз ықтимал".
"Самұрық-Қазына" Қоры басшылығының пікірінше, энерготапшылық проблемасын шешу үшін еліміздің энергетика саласын түбегейлі жаңарту қажет. Сонымен қатар электрқуаты мен газдың бағасын нарық қағидаттарына сәйкес реттеп, әділ түрде қалыптастыру қажет.