Ақпараттық тур
Қармақшы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің қолдауымен ашылған туристік агент Демеу травелмен Қармақшы аудан тұрғындарына Түркістан қаласына ақпараттық тур ұйымдастырылды. Турда Арыстан баб, Укаш ата, Отырар көне қалашығы сынды жерлер қамтылды.

Отырар көне қалашығы (Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Фараб) – ортағасырлық қала орны. Түркістан облысы Отырар ауданының Темір темір жол стансасынан солтүстік-батысқа қарай 7 км жерде орналасқан. Отырар 8 ғасырдың басынан Тарбанд (Трабан) деген атаумен белгілі. Бұл атау Күлтегін және Білге қаған құрметіне арналған көне түркі жазбаларда кездеседі. 8 ғ-дағы араб географы Якут “Тарбанд, Тұрар, Тұрарбанд пен Отырар – бір қала” деп жазады. Араб тарихшысы Табаридің Отырар патшасын әл-Мамун халифтың жауларының бірі деп атағанына қарағанда, Отырар 9 ғ-дың өзінде-ақ ірі қала болған. 10 ғ. жазбаларында Кедер деген орталық қаласы бар Фараб аймағы аталады. Отырар 5 – 15 ғ-ларда Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Моңғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала болды. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, қалада сол кезде әлемдегі аса ірі кітапхана және көптеген мешіт-медреселер болған.
Укаш ата кесенесі Аңыз бойынша, Үкаша ата сахаба Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың сенімді серігі әрі күзетшісі болған. Жергілікті тұрғындар “Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жауырынының астындағы мөрді сүйгеннен кейін Үкаша сахабаның денесіне атса – оқ, шапса – қылыш өтпеген” дейтін ертегіге бергісіз әңгімені ғасырдан-ғасырға жалғап, айтып келеді. Аңызға жүгінсек, қайсыбір мысық пиғылды, іштарлық танытқан дұшпандары қапияда бас салып, Үкаша атаны қапы қалдырып, бақиға аттандырған көрінеді. Таң намазында басы сәждеге енді барғанда дұшпанның қылышының соққысынан жерге салбырап түскен сахабаның мүбәрәк басы ешкімге ұстатпай, құдыққа түсіп кетеді. Ал, құдық болса, жерасты жолдары арқылы, сонау Меккедегі зәмзәм бұлағымен жалғасады дейді, айтушылар.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімі