"Halyq Monitoring" сайты іске қосылды
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тарапынан электронды деректер базасы құрылған. Атап айтқанда, "Halyq Monitoring" сайты іске қосылды. Сайтқа бюджет қаражатына салынатын нысандар, құрылыс-монтаж жұмыстарының басталу және аяқталу мерзімдері, тапсырыс беруші, мердігер мекемелер мен авторлық және техникалық қадағалауды жүзеге асыратын ұйымдар, бөлінген қаржы мөлшері туралы мәліметтер енгізілуде.
- Биыл сайтқа мемлекеттік қаражат есебінен салынып жатқан 35 нысан енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыстың көлемін ұлғайту және қарқынын арттыру мақсатында мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің қорытындысы бойынша жаңадан салынатын құрылыс нысандарын енгізу жоспарланып отыр,-деді облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының орынбасары Марат Мырзабеков.
Жыл көлемінде басқарма тарапынан тұрғындарға 1169 қызмет көрсетілді. Оның 500-і сарапшылық қызметке аттестаттауға, 669-ы лицензиялауға қатысты болған.
-Өткен жылы құрылыс сапасына қатысты 172-і әкімшілік іс қозғалып, 49 млн. 622 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Салынған әкімшілік айыппұлдың 43 млн. 422 мың теңгесі бюджетке өндірілді. Ал қалған 6 млн. 200 мың теңгесі өндіру сатысында. Анықталған ақаулар мен кемшіліктер дер кезінде жойылды. Айта кететін жайт, облыстағы құрылыстың сапасы қатаң бақылауда ,-деді Марат Салқадинұлы.
Брифингте сала мамандары биыл 1964 пәтерлік 101 тұрғын үйді пайдалануға берілетінін айтты.
- Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы мен инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым желілерін жүргізу үшін мемлекеттік бюджет есебінен 11,0 млрд.теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар, жыл көлемінде кредиттік тұрғын үй бойынша 665 пәтерді құрайтын 38 тұрғын үй халық игілігіне беріледі. Ал жеке коммерциялық құрылыс салушылар есебінен 220 пәтерді құрайтын 6 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде,- облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов.