Екінші оқу кезеңінің әскери дайындық сабақтары басталды
Қызылорда гарнизонындағы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті әскери кафедрасында 2020-2021 оқу жылының екінші оқу кезеңіндегі әскери дайындық сабақтары басталды.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті әскери кафедрасында бірінші оқу кезеңінде әскери дайындықтың оқу үдерісі қалада қалыптасқан санитарлық эпиодемиологиялық жағдайға байланысты толығымен қашықтықтан оқыту әдісімен өткізілген болатын. Әрине, мұндай оқыту әдісі әскери дайындықта білім алып жатқан жастардың бойында әскери тәжірибелік машықтардың қалыптасуына толық мүмкіндік бермейді.
Жоғарғы оқу орны басшылығының шешімі бойынша 2020-2021 оқу жылының екінші оқу кезеңінде оқу үдерісі аралас форматта, яғни, дәріс, семинарлық сабақтар «онлайн» режимде, ал тәжірибелік, лабораториялық және тактикалық сабақтар білім алушы студенттердің тікелей қатысуымен «офлайн» режимде жүргізу жоспарланып отыр.
Әскери кафедрада дәріс, семинарлық сабақтар «Класрум», «Zоом» бағдарламалары және Watsapp желісінің көмегімен, ал тәжірибелік, саптық және тактикалық сабақтар университеттің оқу материалдық техникалық базасында жүргізілетін болады.
2020-2021 оқу жылының екінші оқу кезеңінде әскери мамандықтардың бейіндік және жалпы әскери пәндері бойынша оқу сабақтарын 90 сағат көлемінде, ал оқытушының басшылығымен білім алушы студенттердің өзіндік жұмысын жүргізу 30 сағат көлемінде өткізу жоспарланған.
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
сержант Мұхит Қонаров