Қызылорда облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының құрамы 59,3%-ға жаңарды
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 111-1 бабына, «Nur Otan партиясы» қоғамдық бірлестігі Жарғысының 9.8. тармағына сәйкес және 2021 жылдың 10 қаңтарында өткен Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының сайлауына байланысты, «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы» қоғамдық бірлестігі Саяси кеңесі Бюросы шешімімен 27 кандидаттан тұратын тізім бекітіліп, Қызылорда облыстық мәслихатының VII шақырылымының депутаттары ретінде тіркеу үшін облыстық сайлау комиссиясына жолданды.
Жалпы, облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының құрамы 59,3%-ға жаңарды. Олардың орташа жасы -50, яғни 7 жылға жасарды.
Тізімдегі 19 кандидат – праймериз жеңімпаздары, 8 кандидат Саяси кеңес Бюросының квотасы бойынша бекітілген.
Партия Төрағасының облыстық мәслихаттағы жастар мен әйелдердің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасы нақты іске асырылды. Яғни, облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының жаңа құрамының 45 %-ы әйелдер мен 35 жасқа дейінгі жастардан тұрады.
Негізінен облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» депутаттық корпусына білім беру, денсаулық сақтау, ҮЕҰ, БАҚ, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және т.б. салалардың өкілдері енді.
Депутаттық мандат иелерінің 3-уі ғана бұрынғы мемлекеттік қызметкерлер.
Естеріңізге сала кетейік, «Nur Otan» партиясы сайлау қорытындысы бойынша 27 депутаттық мандат алды. «Ақ жол» – 3 мандат, 3-і «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан.