Бес жылдан кейін Қазақстанда қандай мамандықтар пайда болады?
Қазіргі таңда заман ағымымен бірге күн сайын жаңа мамандықтар пайда болса, ал енді бірі ескіріп, бара-бара сұранасын жоғалтуда. Осыған орай, Еңбек және қоғамдық даму министрлігі болашақта танымалдылығы артып, беделге ие болатын жаңа мамандықтардың атласын құрастырыпты.
Жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласы - әр саладағы сарапшылардың пікірі ескеріліп құрастырылған, болашақта пайда болатын мамандықтардың жинағы.
Ұйымдастырушылардың сайтында көрсетілгендей, ұсынылған мамандықтар атласының материалдары технологиялық форсайт негізінде болашақты болжау әдістемесін қолдануға негізделген. Технологиялық Форсайт алдыңғы қатарлы технологиялар мен кең инновациялардың дамуымен қандай еңбек дағдылары сұранысқа ие екенін анықтауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, аталмыш атласта тоғыз сала мен 55 сарапшы пікірінің негізінде 463 мамандық іріктелген. Олар 2025 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі деп күтілуде. Сіздерге кәсіптер атласындағы ең қызық деген мамандықтарды ұсынамыз.
Сүт фермаларындағы роботты мал өсіруші
Ауыл шаруашылығын цифрландыруға деген сұраныстың өсуі мен ауыл шаруашылығы саласындағы адам санының қысқаруынан 2025-2030 жылдары пайда болады деп күтілуде.
Маман сүт фермасында роботтарды, атап айтсақ, сауын роботтарын, азықтандырудың автоматтандырылған жүйелерін, көңді жинауға арналған роботтарды басқара алады.
Сандық агроном
Егістіктің өнімділігін бағалау, топырақты агрохимиялық зерттеп қарау, материалдарды (тұқымдарды, тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын, суаруды және т.б.) саралап енгізу, вегетациялаудың спутниктік мониторингі, алқаптарды қарап шығу - жұмыстардың барлық түрлерін орындау цифрлық технологияларды пайдалануға негізделеді екен.
Эко талдаушысы
Өндірістің экологиясына қойылатын талаптар мен зиянды заттар эмиссиясына салынатын айыппұлдың өсуі кәсіпорын басшылығының шешім шығару үшін көп ақпаратты қажет етуіне алып келеді: айыппұл төлеуді жалғастыра беру, зиянды заттарды сүзгіден өткізіп жоятын құралдарды немесе тазалағыш құрылыс нысанын сатып алу. Экоаналитиктің міндеті - зиянды заттардың қоршаған ортаға эмиссиясын есептейді, жаңа сүзгіден өткізгіш құралдарды орнатудың немесе құрал-жабдықтарды жаңарған технологиялық жабдықтармен ауыстырудың техникалық-экономикалық негіздемесін дайындайды.
Адам капиталын дамыту бойынша инженер
Әр адамның CRM-картасы негізінде адам денсаулығын сақтау және дамытудың жеке бағдарламасын әзірлеп, оны жүргізетін маман. Ол әрбір қызметкерге жеке портрет әзірлейді және оның денсаулығының дамуына болжам жасайды, ауруын бақылап, нақты бір жұмыстарға жіберу немесе жібермеу жөнінде шешім шығарады.