Футболдан Германия чемпионаты қайта жалғасты
Екі айға созылған үзілістен кейін футболдан Германия чемпионаты қайта жалғасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еуропадағы жетекші төрт чемпионаттың қатарына кіретін бундеслиганың 26-туры көрермендерсіз өтуде.
Алтын жүлдеден үміткер Дортмундтың «Боруссия» командасы өз алаңында «Шалькені» қабылдап, 4:0 есебімен тас-талқан етті. Бұл матчта алаң иелерінен португалиялық Рафаэл Геррейру қос голдың авторы атанса, нидерландылық жас шабуылшы Эрлинг Холанн мен бельгиялық Торган Азар да құр кеткен жоқ.
Бундеслигада үздік төрттікке ілінген командалар чемпиондар лигасына жолдама алады. Содан үміткерлердің бірі Менхенгладбахтың «Боруссиясы» да өз бәсекесін сәтті өткізіп, үшінші орынға көтерілді.
Майндағы Франкфуртта жергілікті «Айнтрахтпен» болған матчтың алғашқы жеті минутында-ақ қонақтардан франциялықтар Алассан Плеа мен Маркус Тюрам екі гол соғып, мәселені шешіп тастады деуге болады. Екінші таймда алжирлік қорғаушы Рами Бенсебаини 11 метрлік пенальтиден есепті 3:0-ге жеткізсе, алаң иелерінен португалиялық Андре Силва есепті қысқарта алды.
Есесіне жүлделі орындарға қол созып келе жатқан, чемпиондар лигасында ойнап жүрген «Лейпциг» командасы өз алаңында сүрінді. «Фрайбургтың» қорғаушысы, германиялық Мануэль Гульде бірінші таймда есеп ашып, командасын алға шығарды. Ал алаң иелері көптеген мүмкіндікті мүлт жіберді. Тек команда капитаны, даниялық шабуылшы Юссуф Поульсен таразы басын теңестіре алды. Бұдан кейін «Лейпциг» тіпті жеңіліп қала жаздады. Абырой болғанда, төрешілер дұрыс шешім қабылдап, ойыннан тыс қалған қонақтардың қосымша минутта соққан добын есептеген жоқ. Сөйтіп бұл ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.
«Вольфсбург» Аугсбургта жергілікті клубты 2:1 есебімен тізе бүктіріп, Еуропа лигасында ойнауға мүмкіндік беретін алтыншы орынға шықты.
Бундеслигада 55 ұпаймен көш бастап келе жатқан атақты «Бавария» (Мюнхен) 26-турда жексенбі күні Берлинде «Унион» командасымен шеберлік байқасады. Мюнхендіктерді қос «Боруссия» өкшелеп келеді.
Дортмундтықтарда 54 ұпай болса, Менхенгладбах клубының одан екі ұпайы кем. 51 ұпай жинаған «Лейпциг» төртінші орында. Бесінші сатыдағы «Байер» (47 ұпай) сырт алаңда көш соңындағы «Вердермен» күш сынасады.