Коронавирус: қызылордалық науқас ауруханаға жатқызылды

- Арнайы мамандардан құрылған топ ауру анықталған ошақты дезинфекциялау, аурудың алдын алу сияқты шараларды атқарып жатыр. Сондай-ақ науқаспен қарым-қатынаста болған адамдардың тізімі жасалуда. Алдын ала мәліметке сәйкес 30-ға жуық адам есепке алынды. Жақын қарым-қатынаста болғандар стационарлық карантинде. Олардың денсаулық жағдайы медициналық бақылауда, - деді Ә.Әбдіқайымова «Хабар 24» арнасында онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында..
Спикер қызылордалықтарды сақтық шараларын күшейтілген режимде жүргізуге шақырды.
- Ірі сауда орындарында, дүкен, шағын маркеттер мен базарларда, адам көп шоғырланатын орындарда дезинфекция ережелері қатаң сақталуы тиіс. Тұрғындар көшеге шыққанда бетперде тағуы қажет. Біздің беретін нұсқауымыз – үйде қалу, көпшілік болып жиналмау, үйге келетін қонақты азайту керек, - деді ол.
Жалпы, бүгінгі күні Қызылордада 111 адам медициналық бақылауда. Олардың 87-і үй карантинінде. Ал 24-і провизорлық стационарда карантинге, 14 күнге медициналық бақылауға алынды.