» » Жүректегі маздаған жыр жалыны

Жүректегі маздаған жыр жалыны

Сыр елі қашаннан  ақын-жыршылардан  кенде болмаған. «Сыр сүлейлері» деген сөз тіркесінің қалыптасуына тіке­лей осы өнердің әсері бар. Ескі қазақы түсінікте «сүлей» «су иесі» деген мағынаға келеді. Біз айтып отырған теңеу, «сүлей» сөзін «жыр иесі» деген түсінікпен қабылдағанымыз жөн секілді. Мәселе атауда емес, қандай мағына берсе де сөздік қорымыздан мықтап орын алған қастерлі сөз Сырдың бойындағы жұртшылыққа ғана тән екені жасырын емес. Сан ғасырлардан  бермен қарай өрелі де текті өнерді өрге сүйреп, дәрмені жеткен же­ріне дейін өрістетіп келген өнерпаздар тізімін санамалауға біршама уақыт қажет болады.
Расында адам баласы ал­дың­ғы толқынға қарап өседі. Жеті атасынан жыраулық дәс­­түр үзілмей, осы дәуірге же­тіп, мұрат өнерді замана талабына сай дамытып келе жат­қан әулеттер де бар. Кешегі уа­қыттарда Сырдың сырлы өнерінің басында тұрған Жө­нел­дік әулеті және Дүзбенбет әулеті еді. Жөнелдіктен Еш­нияз, Ешнияздан Жүсіп, Жүсіп­тен Мұзарап пен Мүсілім (ұрпақ жоқ), Мұзараптан Сабыт, Сабыттан кейін шынжыр қа­тар келе жатқан із үзіліп тұр. Алдағы уақыттарда ізден біреу шығар деген, төреші уақыттан үмітіміз де жоқ емес.  Дүзбенбет тұқымы қанындағы саф өнердің үзігін жалғап келеді, құдайға шүкір айтамыз. Текті өнер деуіміздің де мәні осы жерде, қанмен берілетіндігінде жа­тыр. Таңғы жұпар ауаны тоймай жұтып, көкжиекке көз сал­ған әрбір пенде мына жал­­ған­ның соншалықты қию­ласа құралғанына тамсана қа­ра­йтыны жасырын емес. Әрине, ақылдың көзімен қарай алса. Сол секілді жыраулық өнердің де көкжиегі тым ауқымды әрі жетелі жанның зеренін толтырар әсер етуші жақтары да бар. «Әр адам жыр тыңдайды сана болса, санасыз жыртыңдайды балаларша» деген тәмсіл бекер айтылмаған. Жырдың нәрімен сусындап, жүрегінен өткізе алған кез келген ақыл иесі парасатқа иек артатыны да сондықтан. Ұлттық ру­ха­нияттың сұрқы қашып, сұлбасы қалған заманда жан­кештілікпен өрелі өнерді мұрат тұтып, түпкі міндеттен басын алып қашпай, жырдың жолына құрбан болуға даяр азаматтар да бар.
Дүзбенбет тұқымына тиіс­­­ті жы­­раулықтың жалауын жел­­біретіп келе жат­қан Алашқа әйгілі Жиенбай жы­раудың шөбересі, Рүс­тем­бек­тің немересі, күміс көмей Кө­шенейдің бел баласы Арнұр ту­ралы  аз жазылып жүрген жоқ. Әкесі жарық дүниемен қош­­тасқанда небәрі он айлық шақалақ ес біліп етек жи­ған­нан бастап ата мұраға адал­дықпен қызмет етіп келеді. Қар­мақшы ауданы, Ақжар ауылындағы №28 мектептен онжылдықты бітіргеннен кейін Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның «Халық әні» кафедрасына Сыр бойы ма­қам-саздары бойынша оқу­ға түсіп, екінші курсында ден­­­саулығына байланыс­ты Қы­­зыл­ордадағы Қорқыт ата атын­­­дағы мемлекеттік универ­ситетінің белгілі жырау, ҚР еңбегі сің­ген қайраткері А.Алматов бас­қаратын «Халық әні» кафедра­сына ауысып, осы іргелі оқу орнын 1995 жы­лы бітіріп шық­ты. Арнайы ма­мандық алып шыққалы айма­ғымыздың мәде­ниет саласынан қол үзбей, осы саланың өр­кендеуіне өз үле­сін қосып отыр­ған орны айрықша өнерпаз. Ру­ханиятқа жа­саған еңбегі ес­­керусіз қал­май, осы жы­лы ҚР мәдениет министрінің «Мәдениет сала­сының үздігі» төс­­белгісімен марапатталды. Елі­­­мізге белгілі қаншама жас жы­рауларға ұс­таз­дық етіп, Қар­м­ақшы ауда­нындағы К.Рүс­тембеков атын­­дағы жыраулар үйінің ашы­­луына себеп­ші болып, осы мекеменің  ая­ғы­на тұрып ке­туіне үлкен еңбек жасап, алты жыл басшы­лық жасады. Арнұр – сол кез­дегі Қармақшы ауданын бас­қарған өнер жанашыры Нұр­таев рзақұл ағамыздың қол­дауымен облысымыздағы «Жы­раулар үйі» деген ұғымды қалыптастырушы тұлға. Себебі, бұл Қазақстандағы жалғыз мә­де­ниет ошағы еді. Одан кейінгі жылдарда облыстық филар­монияның директоры болып та қызмет етті.
2006 жылы Көшеней Рүстем­бектің мұрасы жинақталған «Жұлдыз боп аққан жыр ғұ­мыр» атты кітап, 2016 жылы жырау­дың жеке үнтаспасын жарық­қа шығарды. Тұрмағамбет Із­тілеуовтің 125 жылдығына арнал­ған республикалық жыршы-жыраулар байқауында бас жүлде – «Джип» автокөлігін иеленді. Алматы қаласында жыр­шы-жыраулардың «Сыр керуені» атты фестивалін, «Ақ­мешіттен – Астанаға» аталатын жыраулық фестивалін ұйым­дастырды. Арнұрдың еңбегі мен атақтары мұнан да көп, әрине. Бірақ, біз оның бәрін тізбелеуді мақсат тұтып отырған жоқпыз. 
Қазіргі уақытта Арнұр Қар­мақшы аудандық мәдениет үйі­нің директоры болып қыз­мет атқаруда. Жалын атқан жас­тық шағымызды, талай-талай қызығы мен қиындығы мол өмір белес­те­рінен бірге өтіп келеміз. Екеуміз бір жылдың төліміз, жыр мұраның ізінде келе жатқан ақсақал, қарасақалдардан етенелеу қылатын да сол құрдастық. Осы көңіл достыққа бастап, он жеті жасымыздан бірге келеміз. Өзім дегенге өзегін жұлып беруге әзір тұратын қасиеті, өзгеден өзгешелеу етіп тұратыны да сол бабадан дарыған  киелі тұрпат болуы мүмкін. Арнұрды атадан қалған мақам-саздарды нәшіне келтіріп орындауы басқадан ерекшелеп тұрады. Иірімдерді беруі, мақамның мәнін келтіретін «а», «ң» дыбыстарының үстінде ырғақты ойнауы осы тұқымға ғана тән ерекшелік екенін, жырдан хабары бар кез келген адам білетін шындық. Көмейден шығатын құмығыңқы қоңыр үн тыңдағанның құлақ құрышын қандыруында да үлкен мән жатыр. Неге? Себебі, діни аңыздарда адамнан бұрын үн пайда болғаны жайлы және ол осы қоңыр үн екені айтылады. Сондықтан кез келген әуен, яғни, музыка адамды ғарыштық байланысқа шығарады. Батыс­тың даңғаза музыкасы адам бойындағы байланыс сезімін жартылай, яки, белге дейін ғана көтереді. Олардың жұлқына билеп, сондай кездерде өзін ұмыта жұлынып жататыны сондықтан. Ал, қазақтың күйі немесе жыры сол сезімді бас-аяғы бес минуттың ішінде биік дәрежеге көтеріп, ғарыштық байланысқа түсіру мүмкіндігіне иелік қылады екен. Бұл – әр адамның сана деңгейіне тікелей байланысты жайт. Сондықтан да жырдың өзегі ақыл-нақылға толы болып, көкірекке парасат сәулесін түсіреді. Міне, жоғарыда айтылған жырдың тылсым сырына жауап беруші біріншіден – орындаушыдағы үн, екіншіден – қасиетті қара домбыра. Осы айтылған жақ­сы қасиеттердің барлығы кейіп­керіміздің бойына ұялап, берік орын алған десек, асыра мақ­тағандық емес. Арнұрдың оша­ғының отын жағып, ұрпағын өсіріп, тәрбиелеп отырған жары Салтанат та әуелден осы әулетке жаратылғандай жан. Құдайдың берген Әулет атты ұлы мен Балнұр есімді қызын өсіріп, оқытып отырған бақытты шаңыраққа жақсылықтан басқа тілеріміз жоқ.
Жыр көгінде жарқырап тұр­ған Дүзбенбет әулетінің сәу­­ле­сін әлсіретпей, алдағы дә­уір­лерге жеткізу міндеті де Арнұрдай жыраудың аза­маттық міндеті һәм парызы. Осы жолдағы қайырлы әре­кеттеріне береке тілейміз. Құдай бойына құйған өнерді мәпелеп, ұрпақтан-ұрпаққа мирас ету бақыты екінің бірінің маңдайына жазылмаған.
Атадан балаға, баладан ұрпаққа бұлтармай жол тартқан жырдың көші тоқтамағай!
                                  Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,
жырау,
ҚР мәдениет қайраткері.
11 желтоқсан 2019 ж. 514 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031