Тарихы мен тынысы бір қос өңір
Құрылғандарына тоқсан жыл толғалы отырған Қазалы мен Қармақшы аудандары – ежелден ауылы аралас, қойы қоралас өңірлер. Ертеде шекара дейтінді білмейтін қазақтардың ата-баба салтымен қыз алысып, қыз беріскен, құдалық мың жылдық дейтін дәстүрі арқасында ағайындық пен туыстықтың тамыры тереңге жайылған қос өңірді тірлігі мен бірлігі жарасқан, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ел деп бекер айтпайды.
Тұранның тарихы бар отты желдей
Тұран ойпатынан орын тепкен екі ауданның топырағында қалың тарихтың жасырынып жатқаны айқын. Біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ-І ғасырлардағы қаңлы тайпаларының орналасқан бұл аймақта көне қалалардың орны көп, талай ғасыр өте олар толық сақталмай тек топырақ үйінділері түрінде жатқан соң олардың орны асарлар, қорғандар делінген. Олардың бәрі бір-біріне ұқсас болғандықтан, негізгі бөлігі шоғырланған Жетіасар шатқалының атымен атаған. Бұл аймақтан Бидайық асар, Сырлы асар, Дөңгелек асар, Үңгірлі асар, Томпақ асар, Қара асар, Жалпақ асар, Ашақ асар, Алтынды асар дейтін Жетіасар қалашықтары мен елді мекендері Қуаңдария өзенінің сол жағалауында болғаны анықталды. Шірік-Рабат, Қосқала және басқа тарихи ескерткіштер де осы көненің куәсі. Оған бертіндегі Оғыз қағандығының орталығы Ежелгі Жанкент, Мыңтөбе қалашықтары, Құттыбай, Келімбет, Сырлыбай мазарлары мен Сараман-Қоса және Ұзынтам мұнаралары, Алыптың қорғаны, Қарақ тауы деген қорғандарды қоса берсек, Сырдария, оның ескі арналары Қуаңдария, Ескідария және Жаңадария өзендері бойына орналасқан ежелгі тарихымызға тереңдей түсеміз.
Ал батыр-бағландарға келсек Жалаңтөс баһадүр, Жанқожа, Ақтан, Басықара, Ашабай мен Сырлыбай, Жылқыайдар мен Жетес, Үмбет пен Ерімбет, Байбекұлы Бақа би және басқа әйгілі батырлар мен би-шешендер есімдерінің қайта ұлықталып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Мұның бәрі болашақ ұрпақ үшін қажет.
Бүкіл түркі жұртына ортақ Қорқыт бабамызға байланысты аңыз-әпсаналар мен оған қойылған ескерткіштердің бастауы да осы Тұран ойпатында. Сондықтан ұлы ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың атақты «Түркістан» өлеңіндегі «Тұранда ер түрігім туып-өскен» деп басталатын жыр жолдарын тебіренбей оқу мүмкін емес. Тарихты терең білетін Мағжан ақын «Тұранның тарихы бар отты желдей» дей отырып, әріге кетеді:
Ертеде Оқыс, Яқсарт-Жейхун, Сейхун,
Түріктер бұл екеуін дария дейтін.
Киелі – екі су жағасына,
Болмаса, барсаңшы іздеп бабаң бейітін!
Бұл аталған дариялардың қазіргі Әмудария мен Сырдария екені белгілі. Міне, осы Сыр бойына жақын орналасқан Қазалы мен Қармақшы аудандары солтүстігінде Аралдың Қарақұмы, оңтүстігінде Қызылқұмның төбелі құмдары болып келетін кең даланы алып жатыр. Аралдың экологиялық зиянын былай қойғанда, екі ауданның ортасына орналасқан Байқоңыр ғарыш айлағынан келетін зардапты бірдей тартып жатқан қос өңірдің мұңы да бір, қуанышы да ортақ. Екі ауданның орталығы да бір теміржолдың бойындағы стансалар – Қазалы мен Жосалы, оның ортасын Төретам стансасы бөліп тұр. Байқоңыр қаласы тура осы Төретам стансасынан басталатындықтан екі ауданның да жұмыс іздеген жастары негізінен осында келеді. Көз алдыңда көкке ұшып жатқан зымырандарды көрген кезде ғарышқа ұшуды армандамайтын жан бола қоймас. Екі ауылдың жастарының арманын Жосалыда туып өскен Мұхтар Аймаханов атты бауырымыз орындаймын деп біраз еңбек сіңірді. Ғарышқа ұшқан Айдын Айымбетовпен бірге Мәскеуде көп дайындықтан өтті. Кезек Мұхтарға келгенде мәселе созылып кетті. Бірде ғарышкер-батыр Тоқтар Әубәкіровтен сұхбат алған кезде осы мәселенің мән-жайын сұраған едім. Сонда батыр ағамыз: «Байқоңыр ғарыш айлағына иелік ететін Ресей елі. Өкінішке орай, көп жағдайда қожайынның айтқаны, қазаншының еркі болатынын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Ғарышкер Мұхтар қазір Мәскеуде ғарыш саласында жұмыс істеп жүргенімен, жуық арада ұшатындардың қатарынан көрінбейді. Ал жасы болса елуден асып барады. Сондықтан ендігі үміт тек одан жас жігіттерде» деген еді.
Ғарышқа үш батырымыздың – Тоқтар, Талғат, Айдын бауырымыздың ұшқаны рас. Дегенмен, Байқоңырға жақын ауылда туып өскен Мұхтардың да ғарышқа ұшқанына қуанар едік. Бәрінен бұрын Қазалы мен Қармақшы бөркін аспанға атар еді. Ауылдағы асық атып, балық аулап жүрген талай қарадомалақ балалардың ғарышкер болсам деген арман-үмітіне қанат бітер еді. Өлең-жырға жақындау жүретіндеріміз «Тұраннан ер ғарышкер туып-өскен» деп Мағжанша жырлар едік...
Айтпақшы, «Қазалы» газетінде жарияланған «Курскіде» шыңдалған Болат» атты очеркімнің басты кейіпкері – «Курск» ядролық сүңгуір қайығында қызмет еткен тәжірибелі теңізші, екінші рангалы капитан Болат Қыпшақбайұлы Жүсіпов те осы Қармақшының тумасы болатын.
Жамиғы қазақ бір туған
Жыр дегеннен шығады Қармақшы мен Қазалы өңіріндегі көнеден келе жатқан жыраулық дәстүр де ұқсас. Сыр сүлейлерінің бәрі дерлік Қармақшы жерінен шыққаны белгілі. Оның басты себебін зерттеушілер күй атасы, жырдың пірі – Қорқыт бабамен байланыстырады. Елдегі жалғыз жыраулар үйі де осы ауданнан ашылған. Қазақстанға белгілі жырау, Қармақшының тумасы, профессор Алмас Алматов Қармақшы мен Қазалыны – қос анасындай көреді. Екі ауданда да болатын халыққа қажетті игі шаралардың басы-қасында жүретін Алмас ағамыздың да өз жыраулық мектебі бар. Атақты жыраудың Сыр бойы термешілерінің өнерін насихаттаудағы еңбегі ұшан-теңіз. Ол ең алдымен Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында жанынан тұңғыш «Халық әні» кафедрасын ұйымдастырып, дәстүрлі жыршы-жыраулардың жоғары білім алуына жол ашты. Енді қазір Астанадағы «Шабыт» қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі ән» кафедрасында жемісті еңбек етіп жүр. Алмас Алматов Сырдың елі – жырдың елі екенін дәлелдейтін белгілі жыраулар мектебінің қалыптасқанын айтады. Ешнияз сал, Балқы Базар, Дүр Оңғар, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет, Шәмшат, Көшеней Рүстембеков, Ерімбет Көлдейбекұлы, Нұртуған Кенжеғұлұлы секілді Сыр сүлейлерінің есімдері жыраулық дәстүр өнерінде алтын әріптермен жазылғанын айтып, олардың жастарға берер тәлімі мол жырларын насихаттаудан жалыққан емес.
Осы жыр жампоздарының бірі Балқы Базар Оңдасұлы не дейді: «Атамыз алыс болғанмен, жамиғы қазақ бір туған, бір пәлеге жолығар, есебін таппай сөз қуған. Әуеде ұшқан көк шулан, әуезі төмен аққудан, жақсының сөзі жырлайды, тілі тәтті бал судан...». Осылай төгілтіп кете беретін қазақы өсиетті сөздерді тыңдай бергің келеді. Сыр сүлейлеріндей мазмұны мол, мақамы майдай жағатын жыршы-жыраулар сирек. Олардың ізін туған жердің топырағынан жаралған талантты жандар ғана жалғастыра алары анық. Бір қуанарлығы, осы жыраулық дәстүрді ұстанған жастарымыз көбейіп келеді. Жастайынан жыр-термелер тыңдап өскен жастардан елін сүйер, еңбегімен танылар азаматтардың өсіп шығатыны анық. Жан азығы өмірдің темірқазығына, алдағы мақсат-мұратқа жеткізеді.
Еңбек етсең емерсің
Қазақ жан мен мал азығын қатар ойлайтын халық. Сондықтан «еңбек етсең емерсің» деп жерге астық егіп, қырға малын өргізіп, тіршілігін жасап келе жатқан екі ауданның шаруашылығы да ұқсас. Егін дегенде Сыр маржаны – ақ күріш өсіруде екі өңірдің шаруашылық қожалықтары айтарлықтай табысқа жетіп келеді. Ал ата-баба дәстүрі – төрт түлік өсіруге байланысты екі ауданда да жеке қожалықтардың тірлігі жақсы жолға қойылған. Сондай-ақ үкіметтік несиелерден қолдау тауып жеке кәсіпкерліктерін дөңгелетіп жатқандар да аз емес. Елдің дамуына өзіндік үлестерін қосып, бастаған істерінің бағын жандырып жүргендерді көргенде қалай қуанбассың. Ал туған жерден түлеп ұшып, ауданның ғана емес, бүкіл қазақ елінің мақтанышы болып жүргендер қаншама. Мәселен, Қармақшыдан шыққан, еліміздің түкпір-түкпірінде, әртүрлі салада еңбек етіп, үлкен жетістікке жеткен азаматтар баршылық. Атақты академик Камал Ормантаев ағамыз, Астана қаласындағы «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі хирург Юрий Пя Қармақшы ауданының тумалары.
Ал Қазалы дегенде Халық Қаһарманы Роза Бағланова, Мәжіліс депутаттары Наталья Геллерт, Бақытбек Смағұл, күміс көмей әнші Мәдина Ерәлиева, белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев, жазушылар Бекділда Алдамжаров, Серік Асылбеков, Сейітқұл Оспанов және басқа көптеген танымал азаматтармен қоса, қазір кәсібімен елге танылған «РЗА» АҚ басшысы Самұрат Имандосов сияқты бүгінгі күннің еңбеккерлерін айта аламыз.
Міне, осындай туған жердің атын елге танытқан ерлердің есімдерін атағанда Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп айтқан сөздері еске түседі.
Иә, туған жер атты қасиетті өлкеміз тәуелсіз еліміз бірге өркендеп, өсіп келеді. Қазалы мен Қармақшы осы тәуелсіз, байтақ еліміздің бір бөлшегі. Төскейде малы бірге өскен қос ауылда ағайындық бірлік, берекелі тірлік бар. Ендеше, қос өңіріміз домбыраның қос ішегіндей болып, бір жырмен, бір үнмен жараса берсін демекпіз.
Сәдуақас ЖҰБАТОВ.