Конституция
» » ТАРИХ ПЕН ТАҒЫЛЫМ ТОҒЫСҚАН МҰРАЖАЙ

ТАРИХ ПЕН ТАҒЫЛЫМ ТОҒЫСҚАН МҰРАЖАЙ

Қазақ даласының шежірелі тарихында шөл мен шөлейт аймақтарды игеріп, мал шаруашылығын өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан еңбек адамдарының орны ерекше. Сол бір кезеңде ел игілігі жолында аянбай тер төккен азаматтардың өнегелі өмірі мен жарты ғасырдан астам уақытқа созылған еңбек жолын кейінгі ұрпаққа таныту мақсатында Қуаңдария ауылының 60 жылдық мерейтойы қарсаңында ауылды көркейту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, халық игілігі үшін ауылдағы №186 орта мектеп ішінен «Құтты мекен – Қуаңдария» тарихи мұражайы ашылған болатын. Жуырда сонда барған сапарымызда мұражай жұмысымен танысып, таң-тамаша болып қайтқан едік. Оқырмандарды да осы бір тағылымы мол тарихи-танымдық орданың тыныс-тіршілігімен таныстырып, ауыл шежіресінен сыр шертуді жөн көрдік.
Бізге мектептің математика, химия пәнінің мұғалімі Жазира Егізбаева мұражайдағы жәдігерлермен таныстырды. Әуелгі сөз ауылдың құрылуы тарихына арналды. Мұнда кеңшардың алғашқы директорларының суреті ілініпті. Олардың қатарында 1964-1966 жылдары шаруашылықтың іргетасын қалаған Жандос Есетов, Ілияс Мырзақұлов (1966-1974), Абат Кенжалиев (1974-1981), Құснадин Смағұлов (1981-1987), Бекмырза Еламанов (1987- 1990), Қуанышбек Ахметов (1990-1994) және Сабырбек Игенбаевтар бар.
Мұражай қорында кеңшардың қалыптасуы мен дамуына зор еңбек сіңірген есепшілердің, зоотехниктердің, мал дәрігерлерінің, партия хатшылары мен экономистердің фотосуреттері, жеке заттары, орденмедальдары мен құжаттары қойылған. Олардың қатарында Сейітқасым Лаубаев, Мұрсал Әбдіров, Әбілтай Байболатов, Сламбек Жақсылықов, Амантай Қараманов, Әшім Ибраев және Иманзада Дастанбаев сынды азаматтар бар.
Сондай-ақ ұзақ жылдар бойы бас зоотехник қызметін атқарған Жауынтай Нұртаевтың қызметтік құралдары мен қолжазбалары да көпшілік назарына ұсынылған.
Мұражайдың маңызды бөлімдерінің бірі – екінші тың игеру кезеңінде мал шаруашылығын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан еңбек ардагерлеріне арналған. Қыс бойы мал басын аман сақтап, көктемде төл алып, қаракөл өндіріп, күзгі науқандарды табысты өткізген шопандар мен ферма еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі ерекше құрметпен дәріптеледі.
Абай Құнанбайұлының «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деген даналық сөзі осы бөлімнің негізгі ұстанымы ретінде алынған.
Еңбек майталмандары Әміртай Кенжебеков, Иманғали Ержанов, Өтеген Қарабисенов, Үсен Ақышбаев, Сахи Ибраев, Абат Жекеев, Әлибай Тілеуқабылов, Машақбай Мүсіркегенов, Қалжан Бисенбаев, Найман Шаянбеков, Ержан Махамбетов, Есболат Кеңесбаев, Құндақбай Құпияев, Тұрлыбай Жұбатов, Баян Ахметов, Төлеу Есбаев, Икрамша Егизбаев, Исахан Алмағанбетов, Жайшылық Төртбаев, Ермахан Шағаев және өзге де еңбек ерлерінің өнегелі өмір жолы осы бөлімде кеңінен қамтылған.
Мұражай төрінен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет» деген тағылымды сөзі орын алған.
«Туған жерден түлеп ұшқан жауһарлар» бөлімінде ауылдың рухани өміріне үлес қосқан ақын-жазушылардың шығармашылығы насихатталады. Олардың қатарында Сламбек Жақсылықов, Серікбек Бұқарбаев, Шегебай Құндақбаев, Сәнтөре Пірманов, Сахи Әбдіразақов, Айкүміс Ілиясқызы, Ләйлі Құндақбаева, Алтай Нұртаев және Бекжан Сүлейменов бар.
Мұражайдың келесі бөлімінде қазақ жерінің байтақ даласын бейнелейтін карта қойылып, Қызылқұм өңіріндегі қасиетті мекен – Қуаңдария ауылының тарихи орны айшықталған. Сонымен қатар есепшілер пайдаланған есепшоттар, қол сөмкелері мен түрлі марапаттары қойылған.
Тарихи тұлғаларға арналған бөлімде 1768-1867 жылдары Сыр өңірінде, Бұхара және Хиуа хандықтары арасында елшілік қызмет атқарған көрнекті қайраткер Таңатар Жайылханұлының өмір жолы баяндалады. Сондай-ақ оның тікелей ұрпағы, Қазақстан Республикасы Әділет министрі қызметін атқарған Айтбай Әлібаевтың құжаттары мен марапаттары көпшілік назарына ұсынылған.
«Отан үшін от кешкен қуаңдариялық батырлар» бөлімінде Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман оралған майдангерлердің ерлігі баяндалған.
Ал «Ұрпаққа ұлағат үйреткен алғашқы ұстаздар» бөлімінде ауылдағы білім беру тарихына ерекше орын берілген. Кеңшар құрылғанға дейін Ерімбет елді мекеніндегі мектепте еңбек еткен алғашқы ұстаздардың өмірі мен еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде ұсынылады.
Олардың қатарында мектептің алғашқы директоры Тілеген Әбдікешов, оқу ісінің меңгерушісі Нұрадин Ибраев, мектеп директоры Тұрымбет Смағұлов, бастауыш сынып мұғалімі Махамбет Құлахметов, ұстаздар Раушан Тәжіғұлова, Сара Бисенбаева, Үсен Баймаханов және Қазынаш Көшерова бар. Ұстаздардың жеке заттары мен марапаттары да осы бөлімге қойылған.
Мұражайдың ашылуына қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған азаматтарға арнайы алғыс тақтасы да орналасқан. Онда «Тарыдай жақсылықтың таудай сауабы болсын, Сіздерге!» деген жүрекжарды тілек жазылған.
Осы «Құтты мекен – Қуаңдария» атты мұражайдың ашылуына себепкер болған Жанұзақ Орданов пен Нағымедулла Байшуақовтың да еңбегін айтпай кетуге болмас.
Ауылдағы бұл тарихи мұражай – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір. Ол ауылдың қалыптасу тарихын, еңбек адамдарының ерлігін, елге қызмет еткен азаматтардың өнегелі жолын ұрпақ жадында мәңгі сақтайтын рухани қазына болып қала бермек.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
29 маусым 2026 ж. 126 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№49 (10517)

30 маусым 2026 ж.

№48 (10516)

27 маусым 2026 ж.

№47 (10515)

23 маусым 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 392
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 912

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031