» » АҚИҚАТТЫ ТУ ЕТКЕН ТУЫНДЫ

АҚИҚАТТЫ ТУ ЕТКЕН ТУЫНДЫ

Қазіргі заманда дүние жүзінде сегіз миллиард екі жүз елу миллиондай халық өмір сүруде. Әрқайсысының өз болмысы, өз ерекшелігі бар. Оның әрқайсысы бүкіл әлемдік, бүкіл адамзаттық құндылық, құбылыс, болмыс болып табылады. Ешқайсысы да, еш жерде, еш уақытта, еш заманда, еш жағдайда жойылуға тиіс емес. Бірақ өткен Кеңес кезеңінде дін бізге басымызды айналдыратын апиын әлпетінде, жаңа, жақсы, озық атаулыға бөгет іспетінде, ескіліктің қалдығы, өткен кезеңдегі барлық кемшіліктің бірден-бір кесірі ретінде ұғындырылып, оның тәрбиелік тағылымдарынан рухани тазалықты талап етер шарттарынан ат-тонымызды ала қашуға тура келтірді. Мешіттер мен шіркеулер қиратылды. Құнды діни кітаптар өртелді. Діни кадрлар қудалауға түсті.
Бақытымызға орай, өткен ғасыр аяғында талай рет тағдыры тарихтың тәлкегіне түсіп, мың өліп, мың тірілген халқымызға Құдай соғыссыз, қарусыз, қансыз егемендік пен елдікті сыйлады. Ұлтымыздың мыңдаған жыл аңсаған арманы орындалды. Осыған мың да бір шүкіршілік етудеміз. Еліміз егемендік алып, Зайырлы мемлекет болғанымен, бұрынғы Кеңес заманындай біздің діни көзқарасымызға шектеу қойылған емес. Соның нәтижесінде соңғы деректер елімізде 2945 мешіт халқымызға Құдайға құлшылық жасауға қызмет жасап келеді. Осынша мешіт болғанымен оны қай уақытта, кім салды дегендей тарихи кітап жазылған жоқ, тіпті зерттеулер де болған емес. Салған кезде ашылу салтанатында айтылып белгілі болғанымен уақыт өте келе санамыздан өшіп ұмытыла бастайтыны сөзсіз. Ал Қызылорда қаласындағы «Айтбай» мешітіне келетін болсақ қазір көненің көзі, мәдени мұра, сәулет өнерінің туындысы деп қана білеміз. Қашан салынды, кім салды, қызмет көрсету дәрежесі қандай екені жұмбақ күйінде қалып келді. Мешітті салдыруға байланысты түрлі алыпқашпа әңгімелер туындауда. Егемендіктің алғашқы аласапыран кезеңінде Кеңес заманында жинақталған, жасалған байлықтар мен құндылықтарды жекешелендіру желеуімен иемделіп қалу үрдісімен қатар рулық рухты көтеру, жақсылықтар болса соны өздеріне қарай тартып икемдеу үрдісі де етек алды. Рушылдық туын жоғары ұстаған шежіресінде Айтбай есімі бар кейбір пысықайлар аталарының атын шығаруды мақсат тұтып, даңғазалықпен мешіт атын иемденуде.
Мешітті – Алланың үйі, имандылық (шындық) үйі деп атайды. Шындық үйінде нағыз шындық болуы тиіс болса да, түрлі алыпқашпа әңгімелер таратып жалғандыққа жол беріп, ру туын биік ұстаушы «қайраткерлер» халықты адастыру сенімін ұялатуда. Олардың өз руын ұлықтап біздің аталарымыз салды деуі Алланың үйін саудаға салғандай. Жаратқанға сенсе, шын мұсылман болса нақты дәлелдермен бұлтартпайтындай етіп жеткізбейді ме деген ой туындатады.
Ел арасында түрлі болжамдар айтылып жүрген уақытта, яғни жақында «Айтбай» мешіті: аңыз бен ақиқат» кітабы жарыққа шықты. Кітапқа ерекше көңіл бөлінгені сондай, қолға ұстап қарағаннан-ақ жақсы әсерге бөленесің. Кітап авторлары Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» сыйлығының иегері Нұрсұлтан Мықтыбай мен «Айтбай» мешітінің имамы Асхат Асқарұлының жауапкершілікпен ақиқатты, шындықты бәрінен жоғары қойып біріге тер төккенін көреміз. Жоғарыда айтылған жағдайлардың барлығына тарихи деректерге сүйене отырып, оларды архивтерден, түрлі деңгейдегі кітапханалардан, музейлерден және сол кезеңдерде мешітте қызмет жасаған көнекөз қарттардан, жөндеу, қайта жабдықтау жұмыстарымен айналысқан тұлғалармен, мамандармен кездесу жасап, сұхбаттасып, бір тұжырымды шынайы тарихи зерттеліп жарық көргені айқын көрініс тапқан.
Қолға ұстап парақталғаннан бастап, оқу барысында 150 жылдық мешіт тарихын ғана емес, осы кезеңдегі ата-бабамыздың өмір сүру тарихын көреміз.
«Айтбай» мешітінің салынуы, өмірде пайдалануының көптеген беті Сыр бойының киелі тарихымен, әсіресе нақтырақ айтсақ Қызылорда қаласының тарихымен астасып жатыр. Сыр өңіріндегі елдің отырықшылыққа бет бұрған жылдарынан бастау алған. Жалпы авторлардың қажырлы еңбегі мен ғылыми дәлелдемелерді айқын көрсетіп, зерттеу ісін жүйелі түрде жүргізіп, мешітті салған нағыз адамның есімін жарыққа шығарған, қазақ еліне танытқан еңбек.
Бұл кітап «Айтбай» мешітіне арналған тарихи кітап, яғни тарихи энциклопедия. Бүкіл еліміздегі мешіттердің ішінде тарихы жазылған тұңғыш кітап болып отыр. Міне, осындай ерекшелігі мен маңызын, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойына тартуы екенін ескере отырып, еліміздің бас муфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы Қызылорда қаласына арнайы келіп, 2025 жылы 19 қараша күні кітаптың тұсаукесеріне қатысып, өзінің жүрекжарды құнды пікірлерімен бөлісіп, Н.Мықтыбай мен А.Асқарұлының «Айтбай» мешіті: аңыз бен ақиқат» деп аталатын кітабының шын мәнінде, тұтас дәуірдің жүгін арқалаған құнды еңбек екеніне баға берді. Сонымен қатар облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов қатысып кітаптың танымдық маңызын, мешіт тарихының Қызылорда қаласының тарихымен сабақтасып жатқанын жеткізді. Кітаптың тұсаукесері барлық ауданда да болып өтті. Кітап тұсаукесерінде материалдарды жинақтау кезіндегі 45 минуттық деректі фильм көрсетіліп, фактілерді нақтылап көрсетіп жазылған жайларды айқындай түсті.
Ерекше атап өтерлігі, авторлар мешітке байланысты деректерді нақтылау мақсатында тек еліміздегі ғана емес, сондай-ақ Ресей елінің Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор қалаларындағы мұрағаттарда, Ташкент қаласындағы Өзбекстан Республикасының Ұлттық архивінде жүйелі түрде жұмыс жасап, айрықша еңбек еткен. Кітапты құрастырушы Н.Мықтыбай тарихты зерделеу барысында қалай еңбек еткенін, шындығы мен әрбір деректерді тапқандағы қуанышын айта отырып, өздерін одан әрі жемісті жұмыс жасауға жетелей түскенін әсерлеп айтып, зиялы қауымға да, дін саласының өкілдеріне де жеткізе білді. Олардың осы тарихи кітапты оқуға деген, білсем деген ынтасын арттыра түсті, үлкен сенім қалыптастырды. Кітаптағы материалдарды нақты айта отырып, әр оқиғаға талдау жасап, шынайы біліктілігін көрсетті. Қандай да бір түйткілді жай болсын тарихи деректермен айқын көрсетіп дәлелдеді, тұшымды түсінік берді.
Кітаптың тұсаукесеріндегі айтылған сөздерді естіп, кітапты оқи отырып өткен кезеңдегі мына оқиға еске түседі. 2000 жылы жерлесіміз Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, оңтүстік өңірдің (Шымкент, Қызылорда, Жамбыл облыстары) жауапты хатшысы болған жазушы Н.Серәлиевтың 60 жылдық мерекесін атап өтуге арналған шараға ҚР Президенті әкімшілігінің жауапты қызметкері жазушы Әкім Ысқақ бастаған зиялы қауым өкілдері ауданымызға келді. Салтанатты мәжілісте Ә.Ысқақ Н.Серәлиевтің өмірімен таныстырып, өмір сүру, кітап жазу, кітап мазмұнының оқырманға қалай жететінін, қандай тағылым алатынын жанжақты баяндады. Дария көңілден шыққан сөз, мөлдір бұлақтай әрбір тыңдаушының шөлін қандырғандай болды. Архивте жұмыс жасау бақыты бұйырғанын, ұзақ жұмыс істеу, оқығанды көңілге тоқи білу адамды дана, зерделі де білгір қылады, ал тарихи деректерді оқи отырып, ой елегінен өткізіп мәйегін, түйіндерін көңілге тоқып, есте сақтай білмесең, нақты тұжырымың болмаса, ойыңды әртарапқа шашыратсаң есі ауысқан, алжыған адамдай боласың деп көрсетті. Архивпен жұмыс жасау кен қазғанмен бірдей, бір жақсы нәрсені тапсаң аржағынан бір асыл шығады, ал оның ар жағынан тарихтың түрлі алтын-маржандары қазылып жатқандай шыға береді. Яғни бір мәлімет тапсаң ол қандай құжаттан алынғаны көрсетіледі. Сөйтіп одан әрі қаза түсесің, шыңырауға сүңги бересің деген-ді.
Бұл архив құжаттарының құдіреті болар. Бір деректерге байланысты архивте жұмыс бастап едім, сонда жіпсіз байланып 10 жылға жалғасып кетті. Көмбеден көмбеге кездесіп, қазынадан қазынаға тап бола бердім деп көрсетті.
Кітапты оқи отырып, парақтап әрбір тарихи құжаттарды көріп, кітапты шығарушылардың жоғарыда көрсетілген қиын жолды еселі еңбегімен еңсере білгенін көреміз.
Алғашқы мешіттер Жаратқанға мінәжат ету, Исламның қағидаттарын оқып үйреніп көңілге тоқып, жүрекпен ұғыну орны ғана емес, бүкіл қазақ аймағы үшін сауат ашып, білім мен ғылымға жол ашу мектебі болған.
«Айтбай» мешітінің салыну тарихын зерделеуде ар мен ақиқатты ту еткен азаматтар қазіргі кезде Қазақстанда ғана емес, бүкіл бұрынғы Кеңес одағы мемлекеттерінде ұрпағы, іздеушісі жоқ екеніне қарамастан алыпқашпа, жалған мәліметтер батпағынан Айтбай Балтабаевтың мешітті салдырғаны жайлы ақиқатты аршып алған.
Мешіттің 1875 жылы құрылысы басталып, 1878 жылы толық аяқталады. Айтбай Балтабаев кім дейтін болсақ? Ол біздің өңірде қазақтан шыққан ең ірі капиталист, көпес болған. Оған дәлел 5 базары, қала бойынша ең алғашқы екі қабатты үйі болса, орта Азияның бірнеше ірі қаласымен сауд- саттық жүргізген. Ірі мал сою алаңы, тері өңдеу кәсіпорны жұмыс істеп тұрған. Перовск уезінің ревкомы 1918 жылы қазан айында иленбеген терілерді азық-түлік бөлімінің қоймаларына жинап алады. 24 адамнан жиналған түрлі малдың 55250 терісінің 21076-сы, яғни 38 пайыз мал терісі Айтбай Балтабаевтыкі екен.
Ресейдің патша өкіметінің 1868 жылғы «Ережесі» бойынша мешіт салуға тек генералгубернатордың, ал молдаларды тағайындауға әскери губернатордың рұқсаты керек болған.
Қазақ даласының мыңғырған малы болған аса ірі байы «Мырқы қажы», «Жаппас Мырқы» атанған Мырқыайдар Жарасбаев Перовск уезіне қарасты болыстардың басқарушылары, ауылдық старшиналар, билердің өтініштерін қоса отырып 1878 жылы 27-ақпанда және 1884 жылы 22-мамырда, яғни 2 рет генерал-губернаторға мешіт салуға рұқсат сұрап, өтініш түсірген. Бірақ өтініштері қараусыз қалдырылып, рұқсат берілмеген. Демек жергілікті халықтың сауаты ашылмасын, оқымасын деген ұстаным болған сияқты. Сауаты ашылған адам көкірегі ояу, көзі ашық, өмірге деген көзқарасы бөлек, билеушілердің іс-әрекеттеріне баға беретіндей дәрежеде болады. Басқа өңірдегілермен де қарымқатынас орнатады. Бір іске біріге, бірлесіп мәселе көтеруге мүмкіндігі ашылады.
Міне, осындай жағдайда Айтбай Балтабаевтың мешіт салдыруға қол жеткізуі ол кісінің көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты, жанжақты биік дәрежелі жан болғанын көрсетсе керек. Бірақ Кеңес өкіметінің, Перовскіде қанішер атанған Гержодтың зорлығы мен көрген қуғын-сүргініне шыдамай, бүкіл ауыл болып 1920 жылы қаңтар айында Ташкентті бетке алып көшіп кетуге мәжбүр болған. Ол жақта да байыз таппай Ауғанстан асқан. Тектілік болса керек, ұрпақтары кейін елден іздеп келсе берерсіңдер деп мешіттің суреттері мен сызбаларын көршісіне аманат етіп қалдырып кеткен.
Мешітті пайдалану деректері
Мешіт салу басталғаннан бергі 150 жылда біздің өңірде қазағымыздың басынан қандай нәубеттер өтсе, ол «Айтбай» мешіттеріне де тән болған.
Мешіт салынып, біткеннен кейін келушілер аз болып 10 жылдай бос болған. Кейін ақылдасып Қожа Ахмет Иасауидің кесенесі жанындағы молдалар мектебінде ұстаздық еткен Ысқақ Ғайыновты алып келіп, бас имам болып қызмет еткен.
1920 жылы мешітті жауып тастаған.
1926 жылдан қала билігі қойма ретінде пайдаланған.
1937 жылы жер аударылған корейлердің тұрғын үйі. Кейін педагогикалық курстың жатақханасы мен мал өсірушілер мектебі орналасқан.
1939 жылы 19-тамыздан корей театры. Соғыс жылдарында эвакуацияланған халықты қабылдау жатақханасы, 1950 жылдары кинотеатр, кейіннен мектеп-интернат, 1970-1981 жылдары тігін цехы, 1982 жылы «Қызылордареставрация» ғылыми арнаулы шеберханасы, 1988 жылы облыстық филармонияның 180 орындық концерт залы болған. 1989 жылдың 17 мамырынан мешіт болып ашылып, қызмет көрсетуде. Жалпы мешіт ғимараты салынып біткеннен бергі 88 жыл ғана құлшылық үйі болып жұмыс жасауда.
Мешітті сақтап қалған тұлғалар
Бірінші 1979 жылы қаланың дария жағалауы аймағын мешіт ғимаратымен қоса сүріп тастап, жаңа құрылыстар салу жобасы межеленеді. Сол кезде Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының бастығы Ж.Үмбетов бұрынғы «Айтбай мешітінің» ғимараты өткен ғасырдан келе жатқан ішкі және сыртқы безендірулері ерекше назар аударарлық сәулеттік маңызы зор мәдени ескерткіш екенін көрсете отырып, жергілікті маңызы бар нысан ретінде мемлекеттік қорғауға алу керектігі жайлы мәселе көтереді.
Нәтижесінде 20 күн өткенде «Айтбай» мешіті ғимараты бар 28 нысанды жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші тізіміне енгізілгені жайлы Қызылорда облаткомының шешімі шығып, сақталып қалады.
Екінші рет 1988 жылы ғимараты облфилармонияға беріліп, ішіне қайта жабдықтау жүргізіле бастағанда «Қазақтың Өзағасы» атанған, біртуар азамат сол кезде Қазақ КСР Орталық партия комитетінің хатшысы болған Өзбекәлі Жәнібеков жұмыс сапарымен облысқа келгенде арнайы мешітке барып, нақты жағдайды біліп, барлық құзырлы орган басшылығын жинап, жиын өткізеді. Ғимараттың өз мақсатында мешіт болып қалуы керектігін және 7 жылға созылған қайта жаңғыртып жөндеу жұмыстарын жедел аяқтауды тапсырады. Сөйтіп ғимаратты орталық жылу жүйесіне, ауызсуға қосып, үзіліссіз жұмыс істеп, 1989 жылы мамырда құлшылық үйі болып, есігін айқара ашады. Сонымен қатар Бұхарадағы «Мир-Араб» медресесінен білім алған, кейін Ташкент Орта Азия университетін бітірген Ыдырыс Ақмырзаевты мешіт имамы етіп белгілейді.
Өзбекәлі Жәнібеков – «Айтбай» мешітінің тағдырын шешкен, тарихи әділеттілікті қалпына келтірген тұлға есебінде мешіт тарихында ойып тұрып орын алатыны сөзсіз.
Кітапта мешіттің салынуына, оның түрлі ішкі құрылымдарына, құрылысын қайта жөндеп, жаңғыртуына және оған басшылық жасаған, сәулеттік, ұсталық өнер туындысын жасаған тұлғалар жайлы көптеген құнды дерек қамтылған. Кітап ұзақ уақыт бойы жинақталған зерттеулерден, ұлттық кітапханалар мен архивтерден алынған мұрағат құжаттарынан, толымды деректерден тұрады.
Жалпы мұсылман қауымына, ата-баба өмірін білсем деген әрбір азаматтың оқып, ой елегінен өткізіп сусындайтын құнды және оқып шықса, нұрға бөленетін туынды деп санаймын.
Ә.ҚҰЛДҮЙСЕНОВ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы
11 қаңтар 2026 ж. 40 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№2 (10470)

10 қаңтар 2026 ж.

№1 (10469)

06 қаңтар 2026 ж.

№100 (10468)

31 желтоқсан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 206
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 78

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031