» » БОЗ ДАЛАДА БОЙ КӨТЕРГЕН АУЫЛ

БОЗ ДАЛАДА БОЙ КӨТЕРГЕН АУЫЛ

Қайтадан ұшып Ленин совхозынан мектеп директоры Қоңырбай Мүсіркегенов ағай түсті, ол жерден ұшып Қуаңдария совхозына қонып мен оқушы – Қоңырбай Дәуменов түстім, келесі соңғы қонатын жерге, Жаңақала совхозына ауылшаруашылық басқармасының бас зоотехнигі Қоңырбай Молдабеков ағай ұшып кетті. Үш аттас адамның бір самолеттің жолаушысы болғаны есімде қалыпты. Оқуымды жалғастырып, Алмағамбет ағай да Жосалы совхозына көшіп кеткеннен кейін, мамыр айының 18-не дейін Әлімжан ағайдың үйінде жатып, мектепке барып оқу жылын аяқтауға 2 күн қалғанда, пионерлердің үлкен мейрамы 19-май, костер жағуға қарамастан, аудан орталығына баратын жүк көлігімен Жосалы кентіне жетіп, сол күні Жосалы совхозының орталығына, үйге жетіп жығылдым. Біздің үйдің қасына Алмағамбет ағайдың, онан әрі Амангелді ағаның үйі Төлеу әжеміз екеуі, одан әрі Құдайберген Жұбатыров әкеміздің үйі, ең соңынан Әлімжан ағай көшіп келіп, барлық отбасы киіз үйлерімен жаздай жайлауда, бірге қоныстанып отырдық.
Жазғы демалысқа шыққасын арқа басым кеңейіп, жан-жаққа қызықтап қарап, велосипедпен аралап, жаңа қоныстағы ерекшеліктерге ден қойып, назар аударып танысып, таза ауасымен тыныстап, жақсы көңілде болдым. Бірге отырған үйлерден Қуандық деген қатар баламен танысып, бірге жүретін болдық. Бес үй болып отырған ауылдың батыс жағы су айдыны тайыз көл болып жатыр, аяқ жағы жыңғыл өскен жасыл желекті, көркем табиғат көрініс беретін, құстар қонатын су айдыны болды. Ол су совхоз орталығына дариядан насоспен шығарылған, ескі «Келте арық» су жолы қазылып, тазаланып әкелген екен. Сол жазда арықтың ауылдан 1,5 шақырым дарияға жақын жеріне Тұрмахан Орданов деген әкеміз бала-шағасымен совхоздың, көкөніс-бақшасын егіп, өнімімен ауыл халқын қамтамасыз етті. Сол сумен, кейін монша салынған маңайға, жазда қоршап бірнеше үй бақша егіп, күзде қауын жедік. Біздің үй жаздай бие байлап, қымыз дайындап, түйе сауып шұбат ашытып отырды. Ауыз суды күнделікті Адай Құлашов деген жүргізуші жеткізіп тұрды. Ауылдың орталығының оңтүстік бетіндегі үлкен төбенің ауыл жақ етегіне уақ мал қамайтын үлкен албар қора салынып, барлық үйлердің қойешкісін сол жерге қамап, қойшы болып, жырау Әбдірасыл Жұбатқанов деген кісі бағып отырды. Азанда ерте, кешке қарай мал егелері малын түгендеп, сүтін сауып жүретіні есімде қалды. Сол төбенің етегінен жаздай жер асты суын шығаратын техника жұмыс істеп су шығарғанмен, суы ащы болғанын үлкен кісілер айтып отыратын.
Көкем совхоздың мұнай қоймасының меңгерушісі болып жұмысқа тұрған екен, апам сол қойманың жұмысшысы болып істеді. Мұнай қоймасы 5-6 дана 25 м3, 50 м3, 10 м3, 3-5 м3 цистерналар қойылған, А-66, А-72 бензиндері, дизотын, дизмай, автол, құйылған цистерналарды жерге көмген, нигроль, салидол бөшкелермен жататын қоршалмаған орын болды. Машина, тракторлардың ыдысына майды құюға қауға шелек, воронка қолданылатын. Көкем ерте барып сағат 9-10-ға дейін май алатын көліктерден құтылып үйге қайтып келіп, маған атқаратын жұмыстарды түсіндіріп, гаражда немесе май құю орнының басында болуымды тапсырды.
Май беретін жерден шамамен 200 метрдей жерде шығыс жағында, көшенің басында, жөндеу шеберханасы, бірнеше қойма орналасқан көлемді аумақ қоршалған, қамыс, тағы басқа құрылыс материалдары төр жағына жиналған, техникалар қойылған, барлық адамдардың, мамандардың жиналатын, тапсырма алып, жан-жаққа кететін жалпы көпшіліктің қойған аты «Гараж» деп аталатын жұмыс орны болды. Велосипедпен барып гаражда жүремін, май алатын көліктер шығып, жанармай құюшыны іздесе сол жерден табыламын. Осы жұмысқа байланысты гараждағы шоферлар, трактористер, сол жердегі мамандарды тани бастадым. 1966 жылғы жаз айларында Зейнолла Алдамбергенов бас инженер-механик, Әкімтай Сержанов гараж меңгерушісі, Қанибек Ибраев МТМ меңгерушісі, Шаухар Алиев механик, Сейіт Жүрсінбаев нормировщик, Құтты Үрістембаев артық бөлшек қоймасының меңгерушісі, Ермағамбет Мықтыбаев темір ұстасы, Борис Ким автомеханик, Ордабек Бақбергенов орталық қойма меңгерушісі болып жұмыс атқаратынын біліп жүрдім. Сонымен қатар Сәбит Сланов, Қуаныш Ысқақов, Нұрлыбек Рахметов, Зейнулла Бекішов, Өтемұрат Ерішов, Нұрмұрат Ерішов, Адай Құлашов, Базарбай Досмамбетов, Нұрабай Әбдікәрімов, трактористер Жетпісбай Махайбетов, Сардар Тайманов, Асыл Омаров, Серік Садықов, Орынбай Нұрмаханов, Қали Әділов, Бисемұрат Есенов, Төлебай Жүрсінбаев, Төлеу Ысқақов, Кеңшілік Сланов, Сағынбек Сланов, Салмат Есқалиев ағаларымызды май беруге байланысты танып, арасында машинасын, тракторын айдауға беретіндері де болды, ол да мен үшін жетістік болып есептелетін.
Күнделікті азанғы мезгілде қойманың алдында көлікпен бірнеше алюмин флягалармен сүт әкеліп, адамдарға таратылып жататын. Бір әйел кісі сүтті таратып тұрған Ордабек Бақбергенов әкемізге ренішін айтып, кейістік білдіріп жатады. Мен ол кісінің ақ кофта, қара юбка кигеніне қарап мына апай мұғалім-ау деп, сабақта қатал болатын шығар деп қорқа соғатынмын. Кейін білсем ол кісі қарапайым жұмысшы Ибаш Өтемұратова апай екен.
Жаз айлары болғандықтан осы күнгі клуб ғимаратының маңайында ағаш тақтайлардан қоршалып жасалған «Жазғы клуб» болды, оған мен де барамын, ал оның солтүстік жанында мектеп құрылысы жүріп, оны армян ұлтының құрылысшылары салды. Уақыт өте келе қасымыздағы көрші отырған ағайындар жаңа қоныстарына көше бастады. Біздің отбасымыз жалғыз үй қалғандықтан, мұнай қоймасының жанына жақын жерге көшіп, киіз үймен отырдық. Көлдің жиегінде бұрынғы қазылған құдықтардың апанына майда балықтар жиналған екен, соны әжеме алып беріп, тапаға пісіріп жеп жүрдік, басқа балаларда келіп алып жүрді. Бізге берілетін үй осы күнгі П.Байшораев көшесінің шығыс жағындағы бірінші үйдің бірінші пәтері болды. Жаңа қонысымызға қазан айының ортасында, күн суыған кезде орналастық. Кейін білгенімдей, екі пәтерлік тұрғын үйдің аумағы 76 м2 болды, алғашқы қыста 38 м2 пәтерде біздің үй, екінші пәтерде Асыл Омаров жұбайы Кәріскүл апай балаларымен, Көпберген Ниязбаев жұбайы Күлшат Сүйінғараева, баласы Төремұрат (Төте) көрші болды. Батыс жағымыздағы үйде көпбалалы отбасы Мырзағали Сеңгірбаев Жібек апамызбен тұрды. Мырзағали ағаймен 15 жыл көрші отырып, туысқан болып қатысып кеттік.
1966 жылғы 1 қыркүйекте халықтың қоныстануына аса қажет, балаларға білім беретін оқу орнының болуы міндетті болса, шаруашылық басшысы және құрылыс бөлімінің басқарушысы мектепті салып бітіруге, мектеп директоры жабдықтауға аянбай күш салып, жаңа №199 сегізжылдық мектеп ашылды. Ауылдағы барлық бала және мен 8 класқа, қарындасым Тамара 1 класқа сабаққа бардық. Мектептің іші-сырты аппақ, терезелері кең, едені қызылмен боялған, парталары боялған, тақталары жаңа, мектептен шығатын әдемі иісі бар оқу орны болды. Ағай, апайлар кластарға бөліп, танысу басталды. Мектептің директоры Әлиасқар Бекқадамов химия, еңбек, ән-күй, денешынықтыру сабағынан берсе, оқу ісінің меңгерушісі Қайырбек Ниязбаев тарих, географиядан, Науат Шүленова алгебра, физика, геометриядан, класс жетекшіміз Шырынкүл Жалғасбаева қазақ тілі мен әдебиетінен, Сәдуақас Тұрсынбаев ағайымыз орыс тілі мен әдебиетінен беретінін білдік. Сонымен қатар жоғары білімді Дәмелі Ибраимова биология пәнінің оқытушысы және балалардың тәртібін қатаң бақылайтын апай болды. Бастауыш 1-класқа, класс жетекшісі Райхан Әлібаева сабақ берді. Басқа мұғалімдерден Сара Жүрсінбаева класс жетекші болғаны есімде сақталыпты. Жаңа жыл мейрамынан кейін қазақ тілі мен қазақ әдебиеті сабағынан және класс жетекші болып Зәкен Әбжанов ағай келді. Кейін білгенімдей ол кісі Сыр бойына белгілі Садық ахунның ұрпағы болады екен. Ол ағайдың есте қалған бір ерекшелігі, үнемі аяғына киген аяқ киімі қап-қара болып жалт-жұлт етіп тұратын, солай жасауға талаптанатынбыз.
Айта кетуіміз керек, 8-класта Науат Жүнісова, Оңайкүл Үрістембаева (Тайна), Роза Смханова, Еркін Таңқаев, Едіге Әбішов, Сембай Досмамбетов, Сисен Қошантаев, Қосылған Қазиев және менімен 9 бала оқып мектепті бірінші болып, 1966-1967 оқу жылында бітірдік. 7 класта Жәкеш Ибраев, Қуандық Құдайбергенов, кейін менің жеңгем болған Науат Әбдіқайырова оқыды. Сол оқу жылында 1-класқа Бақытжан Қазиев, Марал Құдайбергенов, Гүлжахан Алдамбергенова, Райхан Байшораева, қарындасым Тамара Қуаңбаева барғанын білемін. Мектепте оқушылардан көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырып, 5-желтоқсанда дариядан сең жүріп жатқандықтан жел қайықпен өтіп, №105 мектептегі аудандық жарысқа қатысып, «Абай» пъесасынан үзінді қойып қайтқанымыз есте қалды. Жаңа жылға мектептің шағын акт залында, ауылдың көркемөнерпаздары, оқушылар Әлиасқар ағаймен, Шырынкүл апай ұйымдастырған болуы керек концерт болды. Концертке үлкен кісілер ата-аналар көрермен болып, сонда Ермағамбет Мықтыбаев жұбайы Ләтифа апай «Ләтифа», Әлімжан Бермағамбетов ағай «Ақбақай» деген әндерді айтып, жұртты таңқалдырды, өте жақсы әнші кісілер екен.
Сабақ аяқталып, емтихан тапсырып болғасын, ауылдың шетінен әр бала 500 данадан ата-анамыз көмектесіп, пеш кесек құйып, өткізіп аттестатымызды алдық.
Мектептегі барлық мұғалім тәжірибелі, білімді кісілер болатын. Ал Әлиасқар Бекқадамов «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп халықтың қойған бағасын алған, музыкант, домбырашы, скрипка тартатын, әнші-жырау, суретші, спортшы, ұста, аңшы, тағы басқа көптеген шеберлігі бар. Ұйымдастыру қабілеті өте жоғары, беделді мектеп директоры, білімді ұстаз болды. Сол уақытта ағайдың жасы 26-27 жаста болатын. Мен ол кісінің беретін химия сабағын өте жақсы, қызыға оқыдым, осы естелік жазу барысында Әлиасқар ағайды білім алып, тәрбиесін көргендіктен «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» дегендей, өзімнің ризашылық ойымды оқырманға жеткізгім келеді. Онан кейінгі жылдары Қайырбек Ниязбаев, Сарқытбай Ділмағамбетов, Мырзағали Кәрібаев ағайлар мектеп директоры болса, тәжірибелі Гүлшара Кенжебаева, Раушан апайлар, Құндызай Жұбаева, Шура Өмірзақова, Ақданыш Әбдікәрімова, Нұрлаш Асарбаева, тағы басқа көптеген жас мұғалім келіп, ауыл балаларын ұзақ жыл білім нәрімен сусындатты.
Ауылдың шығыс жағындағы шетіне, жаңа үйге келіп орналасқаннан кейін тіршілік көзі мал болғандықтан қора салынып, көкем апам екеуі қарбалас жұмыстар атқарып, біз де көмектесіп, оқуымыздан қалмай жүріп жаттық.
Сол қыстағы қиын мәселе ауыз су, малды суғару болды. Ауыз суды ауылдың солтүстігіндегі құм төбенің арғы басына, төбенің ауыл жақ бетінен П.Байшораев әкеміздің үйінің дәл турасынан, бетонмен құйылған, ішіне 10-15 водовоз су кететін, үстіңгі беті де бетондап жабылған, арнайы аузы бар су қоймасы салынған. Ал суды төменгі етектен баспа, кран шығарып сол жерден бүкіл ауыл тұрғындары флягпен, иінағашпен тасып ішті, малына берді. Ал су қоймасына Сырдария өзенінен су таситын көлік үздіксіз тасып қамтамасыз етті. Су тасу балалардың, әйелдердің басты жұмысы болды, кезекке тұрып алып жүрдік. Қыс қатайып суытқан кезде төменге су ағатын труба қатып, жоғарыдағы аузынан қауға шелекпен тартып қыстай әбігерге түскен кездер, қар жауғаннан кейін қар ерітіп ішкеніміз әлі есімде. Жаз шыққасын судың қиыншылығын көрген кісілер бірнеше үй пайдаланатын цистерналар көміп, мал суғаруға күзде арық ішінен құдық қазып, одан кейінгі жылдары совхоздың ұйымдастыруымен бірнеше үй бірігіп пайдаланатын ақпаналар қойылып, оларға арнайы су таситын бір автомашина бекітіліп қойды. Кейіннен ол жұмысқа Жосалы қыстағынан көшіп келген менің әжемнің Қарақұл деген ағасының баласы, жауапкершілігі жоғары Махамбетжан Есетов нағашым ұзақ жыл, аса жауапты жұмыс ретінде екі жыл сайын автокөлігі жаңартылып, дариядан өзен суымен, жол салынғаннан кейін «Октябрь» әскери совхозынан жерасты суымен, ауылды толық қамтамасыз етіп отырды. Ауыз сумен қамту мақсатында әр жылдарда ауылдың әр бағытынан скважиналар қазылып бірыңғай ащы су шығып, су тұщыту агрегаттары екі рет қойылып іске қосылғанмен, мәселе түбегейлі шешімін тапқан жоқ.
Барлық ауылдағы үйлерге электр жарығы тартылып, дизель электр станциясы орнатылып, оның моторисі болып Қани Мәмбетов деген ағамыз моторист болса, Көпберген Ниязбаев ағамыз совхоздың инженер-электригі болып, көшеге бағаналарын тұрғызып, сым тартып, тұрғын үйлерге электр желілерін жүргізіп, кешкі мезгілден түнгі 12-ге дейін жарықтандырды және оңды шешім болды. Дегенмен әр үйде керосинмен жанатын шам, фонарьлар дайын тұратын.
1967 жыл Кеңес Одағының құрылғанына 50 жыл толып, мерекелер жалғасып облыста, ауданда, ауылдарда аталып өткенін көрдік. Сол жылы жазда көрші ағаларымыз жеке пәтерлерге көшіп, ол үйге Атам Есмағамбеттің туған ағасы Қазанғаптың баласы Сәтжан әкеміз көшіп келіп, бір үйдің тұрғыны болдық. 1967 жылы күзде аудан орталығындағы пансион-интернатқа қабылданып, №26 мектепке 9 класқа барып оқуды жалғастырдым. Сол кездегі тәртіп бойынша егін жинау науқанына барлық мектептің 9-10 класс оқушылары бір айға жұмысқа баратын. Мен класымнан бөлініп күрішке бармай сол айда үйде болдым.
Сол жылы насоспен «Жосалы» каналына су айдап, совхоз 300 гектар шамасында күріш егіп, қырман «Жосалы» каналының арғы оңтүстік бетіндегі күріш аңызына орналасты. Қырман меңгерушісі болып Құдайберген Жұбатыров әкеміз, таразышы болып Әлмағамбет ағамыз, көкем Қуаңбай қырман басына цистерналармен әртүрлі жанар-жағармай таратып, қоғамдық тамақ таратушы болып егін жинауға араласты, мен де көмекші болдым. Қазан айында мектептегі сабақ қалыпты жағдайда басталып, интернаттың тәрбиесінде болдым, бірақ демалысқа ауылға барғым келеді де тұрады. Жалпы он жыл мектепте оқыған уақытымда бірақ жыл 8-класта үйімде жатып оқыдым. Күріш жинау науқаны кезінде қараша айына дейін қатынайтын көлік көп, алтыншы күні сабақтан шыққан бойдан пантон көпірдің арғы аузынан машинаға мініп қатынап жүрдім. Одан кейінгі айларда қатынас нашарлады.
Бірде желтоқсан айында жауын жауған, жер лайсаң батпақ пантон көпір де алып тасталған, сең жүріп жатыр, арғы бетке жел қайықпен 1 сом төлеп өтесің, менімен бірге интернатта жататын, ауылда токарь болып жұмыс істейтін Хон Дек Су дейтін кісінің қызы Равлюк Люда, ұлы Равлюк Володя үшеуміз арғы бетке өтсек, медбике Гүлжахан апамның бір қап дәрі-дәрмегі бар, қасында дүкенші Балсұлу Төребекова апай екеуі ауылға қайтуға көлік жоқ, тұр екен. Содан ақылдасып жаяу қайтуға келістік. Сол арадан Володя пысық екен бір есек ұстап алып, беліміздегі белбеумен ноқталап, қолымыздағы сөмке жүктерімізді үстіне теңдеп, біреуіміз жетектеп, екіншіміз айдап, батпақтап, шаршап-шалдығып ауылға зорға жеттік. Келесі жылы қалада оқитын, интернатта жататын балалар саны көбейіп, көктем, күз айларында мұз толық қатып жол түскенше қатынас өте қиын болып, талай жол қиындығын көрдік. Дария қатып жол түскен кезде қауіпке қарамастан жүргізушілер бұрынғы «Калинин» совхозының орталығына дейін асфальт жолмен дарияға дейін немесе пантон көпір тұратын жердің батыс жағынан мұздың үстінен із салып, дарияның үстімен «Ұзақ» мешітіне дейін жүріп, ауылдың тұсынан шығып жүк тасымалдап жүрді.
Самолет ұшатын алаң 1968 жылы болуы керек дайындалып, Бипа Абдилова апай билет сатып, ұшақпен қатынау жолға қойылды, бірақ ол да ауа райына байланысты, тұманды күндері, жауын жауғаннан кейін, дауылды күндері ұшпайтын. Жосалыда оқитын балалардың демалыста ауылға келуі атааналарға да оңай болған жоқ. Біршама оңай жолы, құмшауыт жолмен Қорқыт стансасының тұсына әкеміз көлік тауып апарып, арғы беттегі ағайындардан қайық шақырып дариядан өтеміз, мұз қатқан уақыт болса мұздан жаяу өтіп Жосалы стансасы бағытындағы жүк пойызының тормозына мініп жетуді үйрендік. Екі жыл интернатта жатып оқыған кезде шындығын айтқанда, сабаққа қатыспаған күндер болып тұрды.
1967-1969 жылдары бірталай үйлер, менің Сәтжан әкем бар дарияның жағасындағы «Көктабан» деген жерге жайлауға шығып, бие сауып отырды. Сол жазда Тұрсынбек Сәрсенов ағамыз Аймаш Көптілеуова жеңгемізге үйленіп, «Көктабанда» той жасап, жақсы жаңалық болды. Ауыл тұрғындары дарияның ортасындағы аралдардан шөп дайындап алатын. Біздің үй бір жылы «Қоратөбе» деген жердің тұсындағы аралдың тұсына көшіп барып, Тобағабылдың Ысқағы деген «Дәу Ысқақ» деп атайтын әкеміздің үйімен бірге бір жарым айдай жайлауда отырып, Есеналы әкеміз басқарып 8-9 адам шөп дайындап, суындап мұз қатқаннан кейін тасып алдық. Ауылдың үш көшесіндегі типтік жобамен салынған, ақ шаңқан тұрғын үйлер сап түзеп, ауласы шартақпен қоршалып, әр үйге аяқ су жеткізілген. Талдар егіліп, көгалдандыру жұмыстары жолға қойыла бастады.
Қоңырбай ДӘУМЕНОВ, еңбек ардагері
(БАСЫ ӨТКЕН САНДА.
Жалғасы бар...)
13 қазан 2025 ж. 125 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (10448)

21 қазан 2025 ж.

№79 (10447)

18 қазан 2025 ж.

№78 (10446)

14 қазан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 705
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 444

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031