» » Ұйымшыл ұжым - ұлағат ордасы

Ұйымшыл ұжым - ұлағат ордасы

qarmaqshy-tany.kz ӘР ЖЕРДІҢ ӨЗ ТАРИХЫ, ӨЗ ТҰЛҒАЛАРЫ БОЛАДЫ. ТАРИХ ДЕМЕКШІ, АУДАНДАҒЫ КЕЗІНДЕ ДҮРКІРЕП ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰРҒАН КЕЙБІР МЕКЕМЕНІҢ ЖАБЫЛЫП, ТЕК ҚАНА АЙТАР АУЫЗҒА ТАРИХЫ ҒАНА ҚАЛҒАНЫ ШЫНДЫҚ. СОНЫҢ БІРІ - ЖОСАЛЫ КЕНТІНДЕГІ "ЗАГОТЗЕРНО" АТАЛЫП КЕТКЕН АУДАНДЫҚ АСТЫҚ ҚАБЫЛДАУ МЕКЕМЕСІ.
1929 жылы алғашқы 1 мың 500 тонна астық қабылдаған уақытта мекемеде 15 адам еңбек еткен. Астықты қолмен тазалайтын 2 машина, 2 ат арбасы ғана болды. 1941 жылға дейін жылына 2-2 мың 500 тонна астық қабылдап отырса, соғыс жылдарында аудан шаруашылықтарынан жыл сайын 5 мың тоннадай астық түсіп тұрған. 1960 жылдан бастап 7 мың тоннаға көбейген.
1929-1965 жылдарда ұжымды Есенқұлов, Теміров, Барысов, Рүстембеков, Бимағанбетов, Өксікбаев, Оспанов, Бохаев, Қарабаев, Өмірбеков, Бекетаев, Қуатбаев, Құрманбаев, Қалыбаевтар басқарған. Ол кезде ауылдарда шағын астық жинайтын жерлер (глубинкалар) болатын, астық сонда тасылатын. Егін жиналып біткесін барып орталық қоймаға жеткізілетін. 1960 жылға дейін мекемеде жұмыс қолы тым аз еді. Коммунист, комсомолдар саны 2-3 адамнан аспағасын астық қабылдау, майөндірісі, тағы басқа бірнеше мекеме біріктіріліп, бір ұйымда есепте тұрды. Сол кезден-ақ түрлі ұлт өкілі тату-тәтті еңбек етті. Басқару аппаратында еңбек еткен Афанасьев, Овчинникова, Сим, Цой, Пан, Ен Гун, Малеева, Андреева, Молофеева, Чичаева, Зотова, Зыбин, Войневская, Корнеева, Тищенко, Ольга Ким, Карпенколар ауызбірлікпен жұмыс істеді. Ұзақ жыл еңбек еткен жұмысшылар – Ербошаев, қойма меңгерушісі Кәрібай Жиенбаев, Қазақ КСР ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер, "Құрмет белгісі" орденінің иесі Қасқыр Наметшаев, лаборатория бастығы Мағрипа Қауысова, шебер Тәтті Досниязова, жұмысшылар Қуанышбай Бисенбаев, Күлпан Маханова, Шаштыбике Байымбетова, Төре Ниязова, Көбелбай Қанатов, Дәметкен Тұяқбаева, Берхат, Жамал Мырзалиева, Батсайы Оспанова, Шамадин Шайымбетовтер қызмет етті. 1968-1979 жылдары 25-35 мың тонна астық қабылданса, кәсіпорында сыйымдылығы 21 мың тонналық 7 астық қоймасы, 24 тұрғын үй, 75 орындық балалар бақшасы, 20 орындық монша, балаларға арналған сүт асханасы, медбекет, 20 орындық асхана және азық-түлік дүкені салынды. Адамдардың тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында көптеген жұмыстар жүргізілді. Әрбір үйге газ, радио, су, электр желілері жеткізілді. Қол еңбегін жеңілдетуде механикаландырылған қабылдау биіктігі 4 автотүсіргіш, 7 астық тазалау биіктігі пайдалануға берілді. Еңбек етуге жасалған осындай мүмкіндіктер рентабелділікке қол жеткізді. Кәсіпорын бұдан ширек ғасыр бұрын-ақ пайдамен жұмыс істей бастады. Кәсіпорын ұжымы өндірісте жоғары көрсеткішке жеткені үшін 1966 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мен жұмысшы-қызметкерлер кәсіподағы кеңесінің Қызыл Туымен және ақшалай сыйлығымен наградталды. Социалистік жарыста озып шыққаны үшін облыстық партия комитеті мен облыстық кәсіподақтар кеңесінің Қызыл Туы мен дипломын жеңіп алса, 1970 жылы Қазақ КСР астық өнімдері министрлігі мен республикалық кәсіподағы кеңесінің құрмет грамотасына ие болды.
Он бірінші бесжылдықтың тапсырмалары мен социалистік міндеттемелерін артығымен орындағаны үшін кәсіпорын коллективі КСРО астық өнімдері және астық өнімдері кәсіподағы Орталық комитетінің ауыспалы Туы және ақшалай сыйлығымен марапатталды. Иә, 15 адам ғана еңбек еткен бекет осындай биік белестерді игерген іргелі кәсіпорынға айналды. Сол кездегі адамдардың еңбеккештігіне тәнті болғандайсың. Соғыс жылдарының өзінде бекет жыл сайын 5 мың тонна астық қабылдап отыратын. Ауқымы үлкен үдемелі жұмыста шағын ғана жұмыс қолы қораш көрінгенімен тындырылған жұмыс көлемі аз болмайтын.
Поселкенің шығыс бетінен кәсіпорын жұмысшыларына арналған ауыл бой көтерді. Күні бүгінге дейін ауылға ажар беріп тұрған ағаштар арасында кәсіпорынды 1965 жылдан 1980 жылға дейін басқарып келген білікті басшы Қасқыр Наметшаевтың өз қолымен отырғызған ағашы қаншама. Бұл ардагерлердің келер ұрпаққа қалдырған аманаты іспетті. Кәсіпорын ұжымының мәдени-әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін Қасекең ұзақты күн тыным таппайтын. Күшікбай Сейілбаев, Жаншай Қыпшақбаева, Мағрипа Қауысова, Тәтті Досниязова, Сәтбай Ерекешов сияқты қоғамдық ұйым жетекшілері де тапсырылған істі мінсіз орындап, ортақ істің өрге басуына мұрындық болып отырды. Астық тиеу, түсіру жұмысында жүрген еңбек адамдарын шаң-тозаңнан ажырата алмайтындай еді. Бүгін осындай бастан өткен ауыртпалықты жыр ғып айтар ардагерлер әлі де бар арамызда. Олардың өз қолдарынан құрған кәсіпорынға деген ынта-ықыласын айқын аңғаруға болады.
Қиындығы мен қызығы қабаттасқан ауыр уақыт кәсіпорын жұмысшы-қызметкерлерінің бірлесе жасаған қимыл-қарекетімен артта қалды да жақсылық ілгері жылжыды. Мысалы соңғы жылдары сыйымдылығы 17,4 тонналық 4 астық қоймасы, No1 және No2 участогінде жұмысшылар демалатын бөлме, 9 пәтерлік тұрғын үй салынды. Мектептерге шефтік көмек көрсету бағытында да бірсыпыра жұмыстар жүзеге асырылды. No183 мектепке 8 бөлмелік қосымша құрылыс салынып берілді. Бұрынғыдай тек механикаландыру емес, істі түбегейлі жақсарту басты назарда болды. Мысалы, ГУАР-15 автомобиль көтергіш өнімділігі жоғары У-15-УРВС, У-15 УРАГ, АВС-15 көтергіштеріне, ЗСМ-50 маркалы сеператор өнімділігі жоғары А-БЦС-100 сеператорына ауыстырылды. Бұл астық сапасының жақсаруына едәуір әсер етті.
Кәсіпорынның өсу жолына бастауыш партия ұйымы ұдайы басшылық жасап келді. Ұжым іргесі қаланғаннан бері Жүсіпбек Жұмашов, Мусахан Досмұратов, Жаншай Қыпшақбаева, Алмахан Алтаев, Күшікбай Сейілбаев, Алтын Қаналиевалар бастауыш партия ұйымының хатшысы болды. Алғашында 3 коммунистен тұратын ұйымдағы КПСС мүшесі 27-ге жетті. Оны Бақыткүл Лаубаева басқарды. Кәсіпорынның құлдырау құрығына ұшырамай, өрге басуының негізгі себебі кадрлар тұрақтылығына байланысты. Мұнда еңбек етушілердің 15-20-30-40 жылдық стажы болды.
Астық қабылдау кәсіпорнында жастарға қамқорлық ойдағыдай жасалды. Қаншама жас кәсіпорын есебінен арнаулы оқу орнында оқыды. Олар ұжымның толымды табысқа қол жеткізуіне партиялық, экономикалық, комсомол оқуы жүйелерінің үлгілі жұмысына игі ықпал етті. Бастауыш партия ұйымы саяси хабарламашылар, үгітшілерге берілген тапсырмалардың орындалуын қадағалап отырды. Ұйымдағы саяси оқудың насихатшысы, кәсіпорын директоры Сағаладдин Керуенов жемісті еңбегі үшін марапатталды. Ол 1981-1982 жылдары, 1988-1996 жылдары аудандық Халық депутаттары кеңесінің депутаты, 1999-2003 жылдары облыстық мәслихат депутаты, 2000 жылы Қазақстан Республикасының кәсіподақтары федерациясының XVIII съезіне делегаты болып сайланды.
1988-1991 жылдар аралығында 50-55 мың тонна астық қабылданды, сыйымдылығы 23,3 тонналық 5 астық қабылдау қоймасы, 9 пәтерлік тұрғын үй жұмысшы, қызметкерлерге берілді.
Жұмысты жан-тәнімен беріліп істегенде ғана оның жемісі болмақ. Атақ-абырой, көпшілік сыйлайтын құрмет те адал еңбек арқылы келмек. Осындай абыройға бөленіп келе жатқан жұмысшыларды осы кәсіпорыннан көптеп кездестіруге болады. Аудандық кеңеске депутат Қалует Есіркепова, поселкелік кеңеске депутат Ақшатай Боранбаева, Бөрібай Ерсұлтанов, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері Тасболат Шымбергенов, аудандық партия комитетінің мүшелері Ахметқали Алмағамбетов, Бақыткүл Маханова, Қазақстан комсомолының ХІІ съезіне делегат болып Сәтбай Ерекешов, ХІІІ съезіне делегат болып қатысқан кәсіпорын бастауыш комсомол ұйымының хатшысы қызметін атқарған Төленді Мырзабаевтардың есімі мақтанышпен аталады. Жұмысшы Сәнімкүл Тобақабылова облыстың "Таңдаулы өнеркәсіп қызметкері" атағын жеңіп алды.
Өмір жолын кәсіпорында еңбек етуден бастаған слесарь Камал Дүзкенов, Бөрібай Ерсұлтанов, бас инженер-механик Қанибек Нұрманов, Мұхит Нұрмаханов, механик Төленді Асқаров, Иманғали Ұзақбаев, Тұраш Елпанов, механизаторлар Сәбит Қаниев, Зейнулла Қыпшақбаев, Алтай Зарқұмов, Сайран Жарылқағанов, Батыр ана Шәмтай Оспанова, жұмысшылар Әсима Сүлеева, Сұлтан Құлысбаев, Жаңыл Есқараева, Бөгенбай Қаниев, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері Күлпаршын Башаева, инженер-электрик Ахметқали Алмағамбетов, директордың орынбасары Мюд Сегізов, Бекзада Әшірбеков, кадр бөлімінің инспекторы Жаншай Қыпшақбаева, бас есепші Мусахан Досмұратов, Күшікбай Сейілбаев, Алмахан Алтаев, Бахытжан Игембаева, бас есепшінің орынбасары Гүлжахан Оразова, аға-экономист Дулат Бәйменов, Сабыт Жүсіпов, Алтын Қаналиева, Дәрияш Көбеева, есеп қызметкерлері Гүлшат Қашқарова, Қалует Есіркепова, Кенішкүл Ермағамбетова, Орынкүл Кәрібаева, Шырын Оспанова, Мәуегүл Аманжолова, Гүлдан Керуенова, Қарақат Нұржанова, аға шебер Сәтбай Ерекешов, Жеткер Ідірісов, Сағатбек Әбдіхалықов, Қуаныш Досниязов, Бақыткүл Лаубаева, шебер Рая Бақдәулетова, Жұмағазы Төлеев, Тиышкүл Мұстафаева, Егемберді Сармолдин, Жұпар Аташова, Анар Оспанова, Дәметкен Ибраева, лаборанттар Мархабат Бекбаева, Биғанша Денбаева, Қаршыға Сәдуақасова, Света Бақдәулетова, Айман Нұрманова, наубайхана меңгерушісі Аманкүл Тұрабаева, таразышы Ғалия Жаханова, Қалипа Бәйімбетова, Алмагүл Қожаниязова, Алма Мәмбетовалар қызмет еткен.
Жаңалыққа құштар, жақсының жан серігіндей болып жүрген сол кездегі жастардың коллектив табысына қосып отырған үлесі қаншама десеңші. Аудандық кеңестің депутаты Нағипа Қарғабаева, жұмысшы Серәлі Жаңабаев, жүргізуші Асан Әлжанов, электрик Бисен Мырзалиев, лаборатория меңгерушісі Бақыт Қалымбетова, Алиса Қайназарова, лаборанттар Ақшатай Боранбаева, техника қауіпсіздігінің инженері Кәмпит Байғабылова, аға шеберлер Қуаныш Досниязов, Сағатбек Әбдіхалықов, бас инженер-механик Мұхит Нұрмахановтар жастық жігер танытып, белсене жұмыс атқарды.
Табыс табысқа ұласып, еңбек көрігі бір сәтке толастамаған кездерде адамдардың рухани қажеттілігі де өсіп, қызықты жаңалықтар көбейе түсті. Жаңа дәстүр, жаңа салтты өмірге әкелуде кәсіпорын ұжымы аудан көлемінде алдыңғы орында тұрды. Кәсіпорында бірге еңбек етіп, бірге бас құрап шаңырақ көтеруге бел байлаған жастардың Амандық Оспанов пен Айзада Нұрмаханова, Иманғали Ұзақбаев пен Алтын Қаналиеваның, Төленді Мырзабаев пен Жұпар Аташованың, Тасболат Шымбергенов пен Райкүл Қасымбековалардың үйлену тойларының салтанаты жаңаша үрдіспен өткізілді.
Мәдени-тұрмыстық жағдайдың жақсаруы еңбек адамдарының өз ісіне деген жауапкершілігін арттырды. Ал, бұл еңбек өнімділігінің еселеп өсуіне даңғыл жол ашты. Астықты қабылдау, сақтау, тазарту, тиеу, жөнелту жұмыстары үшін жоспарланған айналым қаржысы аз жұмсалып, үнемделді. Мұндай жетістік еңбек адамдарының айлық жалақысының артуына игі ықпал етті. Өзін-өзі қаржыландыру еңбек қарқынын арттырумен қатар, шығынды азайтуға мүмкіндік береді. No1 және No2 участоктерде жұмысшыларға еңбекақы жұмыстың соңғы нәтижесіне байланысты төленді. Тапсырманың артық орындалуы ай сайын сыйлық алудың негізіне айналды. Жыл қорытындысында он үшінші айлық, әрбір бригада мүшесіне еңбекақысы мөлшерінде ақшалай жәрдем көрсетілді. Жаңа астық қабылдау кезінде кәсіпорын жұмысшы- қызметкерлеріне бір мезгіл тегін ыстық тамақ берілді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін кәсіпорын Қазақстан Республикасында мемлекет иелігінен алу және жекешелендірудің 1993-1995 жылдарға арналған Ұлттық бағдарламасына сәйкес «Қармақшыастық» ашық акционерлік қоғамы болып қайта құрылды. Қоғам қайта құрылу барысында бірнеше қызмет түрлерімен толықтырылды. Олар – ауданның халық шаруашылығын астық өнімдерімен қамтамасыз ету, ұн-жармақ, макарон және тәтті тағам өндірістерімен өнім шығару және сату, келісім-шарт бойынша астық сатып алу, жиналып алынған астыққа өңдеу және сақтау, шаруашылықтарды тұқыммен, өнімге сұраныс берген қорларды астықтың, тұқымның, ұнның, жемнің болуымен қамтамасыз ету қызметтері болатын. Заңға сәйкес экономикалық және коммерциялық қызмет түрлерімен толықтырылды. Экономикалық сараптау мен қаржылық бағамдау да кәсіби деңгейде қаралып, әр кезеңдегі көрсеткіштері дәйектелді. Ұжым жанрлық жағынан алуан терминді қамтыған, бұл жиынтық көлемінің өзі бір ұжымның елеулі энциклопедиясы деп тануға болатындай-ақ. Бір адамның еңбегі ұжымның еңбегіне айналып жатса, ұлағат бесігі сол болмақ. Уақыт талабына сай жинақталған ақпараттық архив десек, сөзіміз ақиқаттан алыс кетпес. Кәсіпорынның өмірінде ұжым мүшелерінің уақыт сынына төтеп беріп, бірліктің арқасында берекеге қол жеткізгендігін айқын аңғаруға болады.
Бахытжан ИГЕМБАЕВА,
қаржы саласының ардагері
01 қараша 2022 ж. 1 383 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 996

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031