» » Әскери медицина һәм сенімді сақшы

Әскери медицина һәм сенімді сақшы

Қазақстан тәуелсіздігін алған тұста Елбасының Жарлығымен 1992 жылы елдің қорғаныс әлеуетін қамтамасыз ету үшін Қарулы Күштерді құруға кірістік. Ал оның ішінде елдің тұтастығы мен қорғанын күшейтетін әскерилердің бейбіт және соғыс уақытындағы медициналық қалқаны – әскери медицинаны қалыптастыру қажет болды.
 Мақсат біреу. Орындалар нысан көп болды. Мәселен, әскердің жауынгерлік қабілетін қамтамасыз ету үшін әскери қызметшілердің, яғни офицерлер, сержанттар, сарбаздардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Оны нығайту. Әскери медицинаны қазіргі заман талабына сай дамыту, оның ішінде азаматтық денсаулық сақтау жүйесімен терезесін тепе-тең етіп, олармен жалпы интеграциялану, өзара әрекеттесуді күшейтуі тағы бар. Ал бұлардың барлығын жүзеге асыратын – әскери дәрігерлер мен орта буынды медбикелер. Жалпы әскери дәрігер деген кім?
Олар – бейбіт өмірде, соғыс уақытында, елге қауіп төніп төтенше жағдай туындаған жағдайда, біріншіден әскери адам ретінде иығына қару асынып, өзін, қасындағы жауынгерді және науқастарды жау оғынан қорғай жүріп, басын қатерге, кеудесін оққа тосады. Қолына дәрігерлік сөмкесін алып, дереу жетіп сарбаздардың қасында бірінші болып табылатын, жарақатқа көмек беретін маман.
Қазіргі әскери медицина халқымыздың дәстүрлі медицинасымен, яки қазақ емшілігі немесе қазақ шипагерлігімен байланысты. Әлемдік өркениетте денсаулықты сақтау жөніндегі алғашқы мәліметтер Шығыстың, Мысырдың, Қытайдың, Гректің, Тибеттің, яғни Гиппократ, Аристотель, Ибн Сина, Корнелий Цельс, әл-Фараби сияқты ғалым-философтардың ежелгі қолжазбаларында көбірек ұшырасады. Тарихи таныммен зерделесек, қазақ шипагерлігінің тамыры тереңде жатыр. Ол – халқымыздың ататегін құрайтын сақтар, ғұндар, аландар, қаңлылар, үйсіндерден және одан да ерте заманнан бастау алады. Соғыста жараланған Сақ сарбаздарының жарасын таңатын емшілерді «жарықшы, қарықшы, таңғышы» деп атағаны тарихи деректерде кездеседі. Ал XV ғасырда Әз-Жәнібек ханның бас дәрігері болған ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиясы әскери медицинаның түп кітабы деуге болады.
Әскери медицинаның XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр басында өзіндік бастау алуы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, алғашқы әскери дәрігерлер – Санжар Асфендияров, Халел Досмұхамедұлы, Әли Көтібаров, қазақтың тұңғыш фельдшер-дәрігері Жәкула Күшікұлы сынды тұлғалардың ерен еңбектерімен тығыз байланысты.
Бұл саланың әрі қарайғы қарыштап дамуы мен тәжірибе жинақтауы Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарындағы 2000-ға жуық қазақстандық әскери дәрігерлер мен мейірбикелердің жанкешті қызметтері, елімізге соғыс аймақтарынан көшірілген эвакогоспитальдердің келуімен астасады. Атап айтсақ, мемлекеттің облыстары мен аудандарына Кеңес Одағының соғыс өрті шапшыған басқа аумақтарынан 34 100 төсек-орындық 72 эвакогоспиталь көшіріліп, нәтижесінде 151 407 жарақаттанған офицерлер мен сарбаздар ем алып, оның 70 процентке жуығы қайта сапқа тұрғызылған. Осы соғыста адамзат үшін өз ғұмырын сарп етіп, артындағы ұрпағына өшпес ерліктің үлгісі мен теңдесі жоқ мол тәжірибе қалдырған академик Б.Атшабаров, И.Қарақұлов, медицина ғалымдары С.Қарынбаев, А.Терлікбаев, Р.Мақашева, А.Чокин, Е.Азарова, К.Макашев, Р.Самариндерді, Алматы медициналық институтының студенті болып соғысқа аттанған қазақтың батыр қызы Мәншүк Маметованы атап өткен жөн.
Кеңес Одағы кезінде Ауғанстан Республикасындағы әскери қақтығыстарға, бертін келе таулы Қарабах, Тәжік-Ауған шекарасындағы және басқа да елдерде болған локальді қақтығыстарға қатысқан қазақстандық әскери-дәрігер офицерлердің тәжірибелерімен толығып, әскери медицина бүгінгі келбетін қалыптастырды.
Тәуелсіздік алған жылдан бастап, осы күнге дейін әскери медицина бірнеше рет өтпелі кезеңдерді басынан кешіріп, ұйымдастырушылық-штаттық құрылымы түрлі өзгерістерге ұшырады.
Осы тұста, Кеңес Үкіметі кезінде біздің аумақта қызметін атқарып жатқан көптеген басқа ұлт өкілдері, яғни әскери дәрігерлер мен орта буынды медициналық қызметкерлер өз еліне қайтып, әскери емдеу мекемелері босап қараусыз қалды. Елде өте жіті кадрлық дефицит қалыптасты. Осы кезеңдегі қиыншылықтар мен дүрбелеңдерді жеңіп, жоғарыда аталған міндеттемелерді орындау тек офицерлердің мойнында ауыр жүк болып қалды. Бұл көштің басында ендігі қазақстандық әскери медицинаның бағыт-бағдарын айқындап, заман талабына сай дамып-жетілуінде, болашақ мамандарды даярлау мен тәрбиелеу ісінің басы-қасында медицина қызметінің генерал-майоры Т.Нұрмағамбетов болды.  
Олардың қатарында біздің қармақшылық жерлестеріміздің бар екенін мақтанышпен айтамыз. Туған жердің перзенттері жоғарғы білікті дәрігерлер, медицина қызметінің полковниктері Е.Ермағамбетов, Қ.Сейтимов, медицина қызметінің подполковнигі С.Қалдашов, медицина қызметінің майоры Д.Қалдашов, медицина қызметінің капитаны Б.Тілегендер әскери медицина саласының сайыпқырандары. Әскери медицина басшылығымен Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясына екінші дәрежедегі әскери госпиталь жасақтап жіберу жұмыстары қызу жүргізілуде. Осы орайда, Ливан Республикасына 2019 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясына тарихымызда алғашқы әскери дәрігер болып қатысқан Қазақстанның «100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, медицина ғылымының магистрі, медицина қызметінің подполковнигі Саулет Мүкарапұлының атқарған еңбегі жастарға үлгі екенін тілге тиек еткен жөн.
Қазіргі таңда әскери медицина – әскери қызметшілердің заңнамаларға сәйкес денсаулықтарының қорғалуымен сәйкес медициналық көмекті алу құқығын жүзеге асыру бойынша жалпы медицина мен азаматтық денсаулық сақтаудың бірден-бір бөлігіне айналды. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің медициналық қызметінің алдына қойған осы тапсырмаларын жүзеге асыруы үшін Бас әскери-медициналық басқарма құрылып, оның қарамағына әскери-емдеу және әскери-медициналық бөлімшелер, яки әскери госпитальдар, лазареттер, емханалар бағындырылды. Осы аталған мекемелердің қызметін ұйымдастыру, жүргізу, бағыттау, бақылау, заман талабына сай азаматтық денсаулық сақтау жүйесімен өзара әрекеттестікті қалыптастыру арқылы өзгерістерді енгізу, олардың өміршең болуын қадағалау осы жерлестеріміздің атқарып жатқан жұмыстары.
Жыл сайын осы әскери емдеу-мекемелерінде 20 мыңға жуық науқас стационарлық ем алады. Олар тек әскери қызметшілер ғана емес, олардың ішінде отбасы мүшелері, әскери зейнеткерлер мен қарапайым елдің тұрғындары бар. Олар елде енгізілген тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық нарықта бәсекеге қабілетті әскери-емдеу мекемелердің тұтынушысы бола алады.
2016 жылдан бері Қорғаныс министрлігі өз есебінен қаржыландыру арқылы Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының батыры Талғат Бегельдинов атындағы Әуе қорғаныс Күштері Әскери институты негізінде М.Оспанов атындағы Ақтөбе мемелкеттік медициналық университетімен Меморандум жасау арқылы болашақ әскери дәрігерлерді оқытып шығаруда. Олар жоғары білім беру бағдарламалары бойынша бакалавриатта – 5 жыл оқып «медицина қызметінің лейтенанты», әрі қарай интернатурада – 1 жыл оқып «медицина қызметінің аға лейтенанты» әскери шендеріне, «жалпы тәжірибелі дәрігер» біліктілігіне ие болады.
Жыл сайын Ресей Федерациясы мен Армения Республикасындағы әскери медициналық оқу орындарына да елден жастарды оқуға қабылдап, Қорғаныс министрлігі есебінен қаржыландыру арқылы бакалавриатқа – 6 жыл білім алуға бағыттауда.
Оқуға қабылдану үшін ниет білдірген әрбір 23 жас және оған дейінгі жас жеткіншек әскери басқарудың жергілікті органдары (әскери комиссариаттар) арқылы өтініш білдіріп, осы аталған Әуе қорғаныс Күштері Әскери институтына келіп, арнайы сынақтардан өтуі қажет. Оқу орнына қабылданып, курсант статусына ие болған жағдайда, барлық оқу жылдары, жатын жерлері, азық-түлік және киім-кешекпен қамтамасыз етілуі, жол-көлік жүруі тегін. Толық мемлекеттің қарауында болады.
Сонымен қатар, еліміздің медициналық жоғарғы оқу орындарын бітіріп, әскери кафедраларда білім бағдарламаларын игеріп, «запастағы медицина қызметінің лейтенанты» әскери шенін алған дәрігерлер де 32 жарым жасқа дейін өз еріктерімен Қарулы Күштер қатарына әскерге шақырылу арқылы қосылып, әскери дәрігер бола алады.
Мемлекет басшылығының қолдауы нәтижесінде жылдан жылға әскери қызметшілердің, онымен қоса, әскери дәрігерлердің бастапқы кезеңдерге қарағанда әлеуметтік жағдайлары біршама түзеліп, тұрғын үймен қамтамасыз етілу мәселелері толық шешіліп, әскери медицинаның жалпы келбеті мен әскери дәрігерлердің абыройы жоғарылап келеді.
Иә, елеулі 30 жыл көлемінде біршама жұмыстар атқарылып, әскери медицинаның айбыны артып, әлеуеті жоғарылады. Әскери медицина қызметкерлері жауынгерлеріміздің денсаулығын сақтау мен нығайтуда «сенімді сақшы» деген атқа әбден лайық.
Айнұр ӘЛИ
08 мамыр 2022 ж. 1 026 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 996

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031