» » Алаш көсемі

Алаш көсемі


Алаш қозғалысының негізін қалап, оны ұлттық-демократиялық партиясы дәрежесіне дейін жеткізген қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туғанына – 155 жыл. Алдымен ардақты азаматтың жеке өзіне тоқталып өтер болсақ.
Ә.Бөкейханов 1866 жылы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында (сол кездегі Дала өлкесі, Семей облысы, Қарқаралы уезі) дүниеге келген. Алғаш молдадан әліпби үйренген. Бірақ зерделі бала молдадан оқығаннан гөрі мектепте оқып жүргендердің сауатын аңғарып, қаладағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады.
Ізінше Омбыдағы техникалық училищеде оқып, оны «техник» мамандығы бойынша бітіріп шығады. 1890-1894 жылдар аралығында Орман технологиялық институтының экономика факультетінде оқиды. Мұн­да жүргенде ол студенттік қызу пікірталастарға қатыса жүріп, түрлі қайшылықты пікірге куә болады. Өзіндік ойы да шыңдала түседі. Әділдікке, ұлтжандылыққа, елдікке деген ой-пікірі кейін оның қозғалыс құра отырып, елінің саяси тәуелсіздігі үшін күресіне алып келген болатын. Әлиханның саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен жағдайлардың бірі – Ресейдегі демократиялық ұйымдардың монархиялық патша билігіне қарсы қозғалысы болатын.
Ресейдегі кадеттер партиясына мүшелікке кіріп, белсенділік танытқан ол 1917 жылдың шілде айында І жалпықазақ съезінде кадет партия­сынан кететінін айтады. Оның да бірнеше себептері бар болатын. Атап айтсақ, кадет партиясы қазақ автономиясын құруға қарсы екендерін білдірді және жерді жеке меншікке беруді қолдайтындарын жеткізді. Бөкейханов әр қазаққа жерді жеке меншікке беретін болса, онда олар башқұрттардың кебін киіп, көрші орысқа жерін сатады да, ертең құралақан қалады деп қорықты. Ол ұлтсыз халықты жетім халық, мемлекеттілігі жоқ халықты жетекшіл халық деген. Сондықтан Бөкейханов қазақтың 2-3 ғасырлық отаршыл өмірін қорыта келе, қазақ мемлекеттігін қалыптастырмай, қазақ халқын отаршылдықтан азат ету мүмкін емес деген тұжырым жасады. Оның ұлы арманы – қазақ мемлекетін құру болды. 1917 жылы шілде айында Орынборда өткен І жалпықазақтық съезінде Алаш ұлттық саяси партиясы заңдастырылды. Бұл Алаш үкіметін құруға жасалған негізгі қадам еді. Әлихан тұңғыш төрағасы болған Алаш қозғалысы тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің айтуынша, бұрын-соңды қазақ өмірінде болған емес. Әлихан Бөкейханов бастаған зия­лылар қазақ қоғамын өзгертті, қазақ қоғамын жаңа сапаға көтерді.
ХХ ғасырдың басында қазақ даласында екі ағымның болғаны белгілі. Бірі бет бұрған дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі негізінен Батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүркішіл ағым. Осы екінші ағымның басында Әлихан бастаған орыс мектептерінен тәлім-тәрбие алған озық ойлы қазақ зиялылары тұрады. Бұл топ саяси ұстамдылық танытып, Ресей империясына қарсы ашық күреске шығудың әлі ерте екенін анық түсінеді. Сондықтан олар, ең алдымен, халықтың сана сезімін оятатын жағдай жасау керек деп білді. Саяси тұлғасынан бөлек Бөкейхановтың сол кездегі рухани кеңістіктегі де орны зор болды. Біріншіден, ол ХХ ғасырдың басында Ленин, Троцкий, Керенский бастаған Ресейдің саяси элитасымен тең дәрежеде араласқан адам. Ол жайында «Әлихан Бөкейханов Ленинмен бірге университетте оқып, емтиханды үздік тапсырған. Бөкейханов төре тұқымы болғандықтан, төреге сай саяси емес, тек агрономдық оқуды ғана оқуға құқылы болды. Төре тұқымы болып, қанша маңдайы жарқырап тұрса да, ресей императорлығы ормантанушы болып жүрсін деген рұқсат берген» дейді филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова. Сол жылдары орыс саяси элитасымен тіл табыса отырып, қазақтың шекарасын анықтап алу үшін, қазақ тіліндегі ғылымды қалыптастыру үшін қарусыз күрес жүргізе отырып ел шекарасын бекітуге де өз үлесін қосқан болатын. Бірақ орыс билігі Әлихан бастаған ұлт зиялыларының түпкілікті ойын түсініп, оларды ыдыратуға, қудалауға көшті. Ақыры 1918 жылы қазақтың тұңғыш үкіметі Алашорданы таратып тынды. 1919 жылы большевиктер өкіметінің бұрынғы алашордашыларға жасаған кешірімнен кейін Ә.Бөкейханов қалған өмірін ғылыми зерттеушілікке арнады. Оның қазақ қоғамына, экономикасына, жалпы руханиятына жазбаған еңбегі, қамтымаған тақырыбы қалған жоқ. Мысалы 1903 жылы Санкт-Петербургте шыққан «Исторические судьбы киргизского края и его культурные успехи» деген еңбекте ең алғаш қазақ тарихын жазған. Ал Лондонның Оксфорд университетінде 1985 жылы шыққан Ә.Бөкейхановтың «Қырғыздар» яғни қазақтар деген очеркі бар. Онда қазақтың ежелгі тарихынан бері қарай шаруашылығы, мәдениеті толықтай сипатталып жазылған. 1985 жылы Кеңес Одағы ыдырамай тұрып қазақ деген халық бар екенін, олардың кім екенін, қайдан шыққанын, тарихын Әлихан Бөкейхановтың «Қырғыздар» атты очеркінен оқып білді. Қайраткердің осы еңбегін Оксфорд университеті кейін қайта басып шығарған екен. Ата кәсібімізге орай қазақтың көне мал шаруашылығы, төрт түлік мал туралы тізбектеп жазылған 4 монографиясы бар. Бұдан бөлек, 1908-1910 жылдары Санкт-Петербургте шыққан «Жер иелену, жерді қалай игерді, қалай егін егіп, мал бақты» деген тақырыпта жазылған керемет шығармалары да бар. Әлихан Бөкейханов ХХ ғасырдың басындағы нарықтық экономиканы терең түсіне білген бірден-бір экономист ғалым болды. Ұлт көсемінің ғылым саласында қамтымаған тақырыбы жоқ. Қараңғылықтың шырмауында отырған халқына білім мен мәдениет керек екенін ұғады, елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтеруді өзінің алдына мақсат етіп қояды. Ол қазақтың бала тәрбиесі мен тәлімін, салт-дәстүрін ұстана отырып, Еуропаны қуып жету керек деген идеологияны анықтап берген тұңғыш саяси тұлғамыз. Бірақ ұлттық намыстан жұрдай, әсіре белсенділердің көрсетуімен ол жылы екі рет тұтқындалып, түрме азабын тартты. Әлихан Бөкейханов жер аударылады, оның зор беделінен қорыққан большевиктер өкіметі оны жолатпады. Он жыл үй қамауында отырған Әлиханды қайта тұтқындап, жалған жаламен 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кеседі. Кейіннен КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бо­йынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан ақталып, 2007 жылы Мәскеудегі Дон бауырластар зиратына жерленгені белгілі болды. Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда үкіметінің алғашқы төрағасы Әлихан Бөкейхановтың қазақ ұлты үшін орны бөлек. Қазақ қоғамы оны ХХ ғасырдың ең көрнекті тұлғасы деп таниды.

Ермек ЖЫЛҚЫБАЕВ,
№27 мектептің мұғалімі
03 мамыр 2021 ж. 1 259 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 995

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031