Хан Ордалы Сарайшық
Қазақ даласындағы ең көне тарихи орындардың бірі – Сарайшық қаласы. Тарихшы ғалымдар оның пайда болуын XIII ғасырда, яғни Шыңғыс хан мен Батудың жасаған шапқыншылығымен байланыстырады. Әзірге белгілі болған деректерге сүйенсек, бұл орын туралы жазба мәліметтер XIV ғасырдың алғашқы жартысынан басталғандығы және Сарайшық гүлденген қолөнері мен сауда қаласы болғандығы айтылады.
Сарайшық туралы алғашқы жазба дерек қалдырған арабтың белгілі географ-ғалымы, саяхатшысы Ибн-Батута. Ол өзінің саяхаттарының бірінде, 1334 жылы «Үлкен Сарай» қаласынан шығып (Сарай-Берке-Алтын Орданың астанасы), Азияға жасаған сапарында Сарайшық қаласында болған. Бұл жөнінде ол «Біз Сарайшық қаласынан ат жеккен арбамен он күн жол жүріп, Сарайжүк қаласына жеттік. Бұл «Ұлысу деп аталатын» үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүние жүзіндегі Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір осында екен» дейді. Сарайжүк монғолша «кіші Сарай» деген мағынаны білдіреді. Ол кезде Алтын Орда үлкен Сарай, Сарайшықты кіші Сарай деп атаған. Бұдан кейін Сарайшық жөнінде жазба дерек қалдырған орыс патшасы VІ Иван Грозныймен дос болған ағылшын көпесі Антоний Дженкинсон. Ол 1558-1559 жылдары Каспий теңізінің солтүстік және шығыс жағалауына саяхаты кезінде Сарайшық қаласына соғады. Сонда «Теңізден бір күндік сапарда үлкен өзен жағасындағы гүлденген Сарайшық деген қалаға келдік. Бұл қала орыс патшасымен жақсы достық қарым-қатынастағы Измаил деген татар князінің қол астында екен. Шығыс пен Батысты байланыстыратын керуен жолының үстінде болғандықтан қолөнері мен саудасы дамыған қала екен» деп жазған.
Алтын Орда – Жошы ұлысының заманынан бастау алатыны баршамызға белгілі. Алтын Орда құрамына Жетісу мен Шығыс Қазақстанның аз ғана бөлігінен басқа қазіргі бүкіл Қазақстан аумағы, демек, Қыпшақ тайпалары одағының жері түгелдей кірді. Алтын Орданың негізі қаланып, кең қанат жаюы Жошының екінші баласы, Шыңғыс ханның немересі Бату ханның атымен байланысты. Ол Русьтің оңтүстік аймағын, Польшаны, Венгрияны, Дальмацияны құзырына қаратты. Грузияны жеңіп, Кавказдың басқа да кейбір халықтарын бағындырды. Алтын Орда шекарасы Ертістен Днестрге дейін созылды. Шығыс Еуропада оған Еділ бұлғарларының жері, Дешті Қыпшақ, Қырым және Дербентке дейінгі Солтүстік Кавказ (кейде Бакуге дейін), Орта Азияда Үр¬геніш қаласымен қоса Солтүстік Хорезм, Сырда-рияның төменгі ағысына дейінгі аймақ түгел қарады. Алтын Орда тарихында маңызды орын алған Сарайшық қаласына көңіл аударайық.
Алтын Орданың гүлденуі Өзбек хан мен Жәнібек ханның тұсына келеді. Аталған хандардың билігі барысында Алтын Орданың астанасы Сарай Әл-Жәдид (Жаңа Сарай) болды. Жәнібек хан тұсында Жаңа Сарай Алтын Орданың ғана емес, сол тұстағы бүкіл мұсылман дүниесінің ең ірі мәдени, ғылыми, діни орталығына айналған болатын. Алтын Орда аумағы жаппай көшпелілер мекендеген ұшы-қиырсыз кең дала ғана емес, қала салу мәдениеті де қатар жүрген мемлекет болған. Моңғол хандары салған қалалардың ішінде кезінде ішкі және халықаралық ірі сауда орталығы болған Сарайшық қаласын да атауға болады. Негізін Бату хан қалаған Сарайшық өзге қалалармен қатар, Ертістен Дунайға дейінгі ұлан-байтақ өлкені билеген, кейіннен Алтын Орда аталған империя – Жошы ұлысының алғашқы онжылдығында салынды.
Республика ғылым академиясының 1950 жылы Батыс Қазақстанға жүргізген археологиялық экспедициясының қорытындысы негізінде белгілі археологтар С.Толстов пен Г.Пацевич «Сарайшықтағы XI ғасырдағы араб тарихшылары еңбектерінде аталатын, орта ғасырда өмір сүрген Саксин қаласының орнында бой көтеріп, жаңа атауға ие болған қала. Саксин X-XI ғасырларында Хорезм тұтқындарының көмегімен сауда жолының бойында салынған еді» дейді де Сарайшықтың өмір сүру дәуірін шартты түрде үш кезеңге бөледі:
Біріншісі, X-XI ғасырларда қала іргесінің қаланып бой көтеруі, екіншісі, XIII-XIV ғасырларда Алтын Орда өмір сүрген кезеңдегі Еуропаны, Орта Азия мен Қазақстанды, монғолдар және Қытаймен жалғастырған ірі сауда орталығы болуы, яғнғи қаланың гүлденіп, өркендеу дәуірі және үшіншісі, XV-XVI ғасырлар Ноғай ордасының орталығы болуы, қазақтар шабуылының күйреп, қирауы.
Қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұлан өзінің 1950 жылы жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде «Қала XII ғасырда салынған» деп еш бұлтаңсыз дәл айтады. Бұл пікірді соңғы жылдары қала орнында қазба жұмыстарын жүргізіп жүрген Республикалық археология институтының ғалымдары дәлелдеп отыр.
Алтын Орда тарихынан хабардар оқырман Сарай Бату, Сарай Берке қалаларының да астаналық маңызы болғанын біледі. Осыдан, Алтын Орда тарихында Сарай әл-Жадид, Сарайшық, Сарай Бату, Сарай Берке қалалары белгілі уақыт аралықтарында астаналық қызмет атқарған деген қорытынды жасауға негіз бар. Соның ішінде, Сарайшық қаласының да астаналық маңызының болғандығын Сарайшықта Тоқты ханның жерленгенін, Жәнібектің осында таққа отырып, 17 жыл хандық құрғанын, ақыры сүйегі осында қойылғанын айтады. Жәнібек хан дүние салысымен, Сарайшыққа Әзір¬байжаннан оның ұлы Бердібек келіп үш күннен кейін хан сайланады деп жазған ортағасырлық автор¬лардың бірі Әбілғазының сөздерінен байқаймыз. Өйткені, ортағасырлық дәстүр бойынша хандық таққа көтеру және ол дүние салған соң оны жерлеу де сол астанада өтетін болған.
Сарайшық қаласы Алтын Ордадан кейін Ноғай Ордасының да тарихында кездеседі. «Ноғайдың атасы Жошының жетінші баласы. Ноғай әкесінен Днепр мен Днестр аралықтарын мұрагерлікке алған еді» деп жазады Алтын Орда тарихын зерттеуші ірі ғалымдардың бірі М.Сафаргалиев.
Сонымен, біз тарихтан Ноғай ұлысы және Но¬ғай Ордасы дегенді кездестіреміз. Ноғай ұлысы деп Едіге заманына дейінгі уақытты алуымызға болады. «Ноғай» атты этникалық атау ХV ғасырдың аяғында Едігенің арқасында маңғыт жұртының бірігуі, күшеюі арқасында қайта жаңғырған. Ноғай Ордасының тарихи сахнаға қайта оралып Орда (мемлекет) ретінде танылуы Едігенің немересі Уақас бидің тұсына келеді дейді ноғайтанушылар. Сарайшық қаласы Орда толық құлағанша ноғай билеушілерінің қыстық астанасы болып қала берді. Астана арқылы Шығыс Еуропа мен Орта Азияны қосатын басты сауда керуендері өтіп жатты. Ноғай Ордасының географиялық аумағы Алтын Орда мен Ақ Орданың арасында тиімді орналасқан еді. ХV ғасырдың орта шенінен бастап Ақ Орда Қазақ Хандығының этникалық аумағына айналғандығын еске алатын болсақ, бұл аймақтардың қазақ билеушілерінің назарында болуы әбден мүмкін жағдай. Тарихи мәліметтер Жәнібек хан мен Бұрындық хан тұсында-ақ Сарайшық қаласы Қазақ мемлекетінің астанасы болды дегенді айтады. Соның ішінде, Қазақ мемлекетінің Қасым хан тұсында нығаюы батыс шекаралармен байланысты. ХVІ ғасырдың басынан бастап Ноғай Ордасы ауыр дағдарысқа душар болады. Билік басындағы баяғы ел қамын жеген Едігенің ұрпақтары тақ үшін өзара тартысып, ақыры бір-біріне бағынбайтын дербес ұлыстарға бөлініп кетеді. Ноғайлардың бұдан әрі елін, жерін өз күшімен сақтап қалар мүмкіндігі жоқтығына көзі жеткен Қасым хан орыстардан бұрын қамданды. Ол 1519 жылы Ноғай мырзаларын Еділдің оң жағына ығыстырып, Қазақ Хандығының батыс шекарасын Астархан хандығымен шектестірді. Қасым хан өзі билік құрған тұста Өзбек хандығынан Сырдария бойын, Моғолстаннан Жетісу өңірінің үлкен бөлігін, Ноғай Ордасынан Ембі, Жайық пен Еділ аралығын өз хандығына қосты.
Қадырғали би өз еңбегінде Қасым ханның атақты хан болғанын, оның іс-қимылының көпшілікке мәлім екенін айта келіп, «Оның хикаясы әр жерде айтылады, сондықтан мәлім, мәшһүр болды. Ақырында Сарайшықта дүние салды. Бұл күндері оның қабірі Сарайшықта жатыр» деп жазады.
Сарайшық қаласының астаналық маңызын оның геосаяси жағдайымен байланыстыру артық емес. Бұл жағдай бабалардың көрегендік қасиетін айқындай түседі.
Жалпы, Алтын Орданың астаналары дегенде, тарихта үш қаланың орны ерекше аталады.
1.Сарай-Бату немесе Сарай-әл-Махрус.
2. Сарай-Берке (Сарай әл-Жәдид немесе Жаңа Сарай) (қазір Ресейдің Волгоград облысындағы Царев селосы). Қаланы 1262 жылы Берке хан салған. 1282 жылдан – Алтын Орданың астанасы. 1396 жы¬лы Ақсақ Темір қиратқан.
3.Са¬райшық (Сары Айшық не¬ме¬се Кіші Сарай) (қазіргі Атырау облысының Махамбет ауданында).
Алғашқы астанасы – Ресей аумағында, Астрахань – Волгоград жолы бойында, қазіргі Астрахань қаласынан жүз отыз шақырым жердегі Қарабайлы ауданы Селитренное қалашығының дәл жанында орналасқан. Қаланың тарихтағы толық аты – Сарай-аль Махрус. Ескі Сарай, Үлкен Сарай деп те аталады. Алтын Орданың екінші астанасы – қазақ даласында, Атырау қаласынан 55 шақырым жерде Махамбет ауданының аумағындағы көне Сарайшық қаласының орны. 1395 жылы Ақсақ Темір шауып алып, күйреткен Сарайшықты Үлкен Ноғай Ордасының орталығы (1490 жылдан бастап) болып тұрған кезінде Иван Грозныйдың бұйрығы бойынша, Жайық бойына кемемен келген казактар 1580 жылы тас-талқан етіп қиратып, түк қалдырмай өртеп жібергені тарихтан белгілі. Сарайшық қаласының аты Бату ханның ұрпағы, ислам дінін Шыңғыс ұрпақтары арасында бірінші болып қабылдаған Берке (Береке) ханмен (1255 жылы өлген) байланысты айтылады. Сондықтан тарихтағы Сарай-Берке деп жүргеніміз осы – Сарайшық қаласы.
ХІХ ғасырдың ортасында өмір сүрген ақын Шынияз Шанайұлының қалдырған дерегі бойынша, Сарайшықта Сартақ, Берке, Тоқтақия, әз Жәнібек, Қасым хандар және ноғай хандары Ысмайыл мен Ораз жерленген. Бүгінде көне қала орнында осы жеті ханға құлпытас қойылған.
Сарай-Бату қаласы Астра¬хань аумағындағы Селитренное қалашығы жанында орналасқан дедік. Ұлы Отан соғысы жыл¬дарында осы жерден өндірілген селитра жауға қарсы оқ-дәрі жасауға жұмсалған екен. Соғыстың басталуын Ақсақ Темір қабірінің қазылуымен байланыстыратын аңыз іспеттес әңгіме белгілі. Мәскеуде Герасимов зерттеп жатқан Ақсақ Темірдің сүйегін Сталин Алтын Орда мемлекетінің алғашқы астанасы – Сарай-Батудың үстімен алып ұшыңдар деген тапсырма берген деседі. Ұшқыштар дәл солай жасап, әміршінің сүйегін Самарқанға қайтарып, тездетіп орнына жерлеген соң, Сталинград түбінде немістер ойсырай жеңілген деген аңыз бар. Мұны тарихи сәйкестік дейміз бе, не дейміз? Немістерді күйреткен оқ-дәрі шикізатының дәл осы Сарай-Батудан шығуының әлгі Ақсақ Темірге қатысты соғыс туатын аңызбен сәйкестігін айтамыз.
Қазіргі Атырау қаласынан 55 шақырым жердегі, Махамбет ауданының аумағында орналасқан Сарайшықтың қайта қалпына келтірілген сәулет-құрылыс жоспарымен танысқан адам Мәскеудегі Қызыл алаң мен Кремльдің идеясы одан жарты ғасыр бұрын Ұлы Жібек жолы бойында салынған осынау қаладан көшіріліп алынғанын сөзсіз байқар еді. Шынында да, Ресей астанасының жоспары археологтар ашқан көне қаланың жоспарынан айна-қатесіз аумайды. Бір замандарда гүлденген қаланың қақ ортасындағы биік дуалмен қоршалған хан сарайы Қызыл алаңдағы Кремльді елестетеді. «... Иван Калита (Қалталы Иван) Мәскеу Кремлінің құрылысын Сарай-Бату қаласының жобасы бойынша жүргізді. Кейін Иван Грозныйдың заманында орыс княздары Алтын Орданың екі қаласын – Сарай Бату мен Сарай-Беркені ұрпақтары ешқашан есіне түсіре алмайтындай етіп жер бетінен жойып жіберуге шешім қабылдады» деген тарихи мұрағаттық құжаттар бар.
Алтын Орданың ХІV ғасырда ханы болған әз Жәнібектің жалғыз қызының аты Сара болған екен, хан қызына қырындағандар үй сыртынан «Сара шық!» деп дауыстайды екен, қаланың аты содан шығыпты деп те айтылады. Ал негізінде, исламның белгісі жарты айды бейнелейтін мешіттің алтын айшықты алып мұнараларына байланысты Сары Айшық дегеннен шықса керек.
Сарайшықтан көненің көзі жәдігерлер көптеп табылуда. Мәселен, 2001 жылы қазба жұмыстары кезінде археологтар ерекше кесе тауып алды. Әлемде бұндай кесе екі дана ғана екен, біреуі – Египетте, екіншісі – Қазақстанда. Кесенің қасиеті неде десек, ол ішіне уланған тағам құйылғанда түсін өзгертеді екен. Осыған қарағанда, бұл хандар ас ішкен кесе болса керек. Сарайшыққа алыс емес жерден З.Самашовтың жетекшілігімен «Екінші Алтын адам» аталған сармат сарбазының мүрдесі табылуы бөлек әңгіме. Сарайшыққа байланысты бір аңыз-деректі де келтірелік. Сарайшықта 1341-1359 жылдары хандық құрған әз Жәнібек ханның маңдайына басқан жалғыз қызы болыпты. Сүйікті қызы үшін сарай алдына қолдан көл жасап, жасанды көлдің суы екі аптада бір ауыстырылып тұрған. Аққулардың көлді жайлауы үшін көлге 40 атанмен шекер төгілген көрінеді. Сол себепті кейде көлді «Тәттікөл» деп атайтын болған. Ханшайым он бесте болғанда, кенеттен қайтыс болып, хан қызын алтын табытқа салып, алтын қайығымен қосып жасырын жерлеген. 1929 жылы Лондоннан саяхатшылар келіп, Сарайшықтан әлдебір қайық тауып алыпты. Бірақ ол шегелері ғана алтын, Жәнібектің өзіне жасалған қайық екен. Сарайшықты бертінде Бөкей хан жайлаған деген дерек бар. 1885-1890 жылдары Сарайшықта екі мектеп болыпты. Оның бірі – «Церковно-Приходская школа» деп аталатын діни оқу орны болса, екіншісі – қазіргі Сарайшық орта мектебінің бастапқы негізі болған мектеп.
1999 жылы көне қала орнына өткен тарихтың даңқты символы ретінде «Хан ордалы – Сарайшық» атты мемориалды кешен тұрғызылды. 6552 шаршы метр жерді алып жатқан кешенде биіктігі 14,5 метрлік «Хандар пантеоны» да орналасқан.
Қорыта келе, Алтын Орданың астанасы болған Сарайшық қаласы жас ұрпақ санасында айбарланып, қарт тарихты сары алтындай айшықтап қала бермек.
А.СКЕНДИРОВ,
К.Рүстембеков атындағы «Жыраулар үйі»
КМҚК-ның жоғары санатты маманы,
Экономика ғылымдарының магистрі,
өлкетанушы