Соңғы үкім
1984 жыл. Ауғанстан. Панджшер шатқалы. Ауылына хат жазғысы келген Айдардың қаламсабы жоғы есіне енді түсті. Айнала үңгірген тыныштық. Бірақ жүрек түкпіріндегі ауылға деген сағыныш сарнап тұр. Бірде соғыста бірге жүрген жерлесінің төс қалтасында әрдайым қаламсап жүретінін естіген болатын. Уақыт созбай, сарбазға барып, әлгі қаламсапты сұрап алды. Өзі ерекше, сыртында сағаты бар. Бірақ мұның соңы соңғы үкімге дейін созыларын ешкім де білмеген еді.
Қаламсапты алған бойда ротаға асыққан ол алдынан өзбек азаматы Эдикті кезіктіреді. Қолындағы ерекше затты көрсетпекке:
– Мынандай қаламсап көрдің бе? – дейді Айдар. Ол қолына алып:
– Қайдан алдың? – дейді тамсана.
– Жерлесім Кабулдан алып келіпті. Хат жазайын деп сұрап алдым, – дейді жүрегі алып-ұшқан жас сарбаз ақ параққа асығып. Ауғанстанға келгелі үйіне хат жазбаған. Жақында әскери борышының мезгілі аяқталып, үйге қайтатынын жеткізіп хат жазды. Сондағысы – ата-анасын бір қуантып қояйын деген ой болатын. Ал хатты Кабулға жол жүріп бара жатқан көліктердің бірінен беріп жіберді. Арада үш күн өтті. Бірнеше күнге созылған шайқастан қол үзіп, кешқұрым жертөледе жантайып демалуда. Ішке бірінші болып кірген Эдик шешенше Махмудты шақырды. Ол жанталаса келіп Айдардың екі аяғын үстінен басады. Ал Эдик болса төсіне қарғып мініп, екі қолынан қысып ұстап алған. Аңтарыла қалған ол:
– Не істеп жатырсыңдар? – дейді дем жетпей.
– Қыстаққа барып жүрсің бе? – деген бір сұрақты қайталай берді олар.
– Сендерге не керегі бар оның?
– Бармасаң, қаламсапты қайдан алдың?
– Жерлесімнен алдым, – деп дауысы қарлыға шыққан Айдар оларды сөзге алаң қылады. Солай біреуінің төсінен теуіп, аяғын жұлқи сермеп үстіне мінген әлгі екеуді сабасына түсіріді. Ол кезде қыстаққа рұқсатсыз баруға болмайды. Егер тығылып барса, оның соңы үлкен жауапкершілікті жүктейтін. Содан кейін әр нәрсеге күдікті ретінде қарау басталды. Бірақ қанша тырысқандарымен дәлелдері жоқ еді. Айдап салудың сәтін күтеді.
6 шілде. Штабқа шақырту түсті. Не болғанын ұқпаған сарбаз жалма-жан штабқа қарай беттеді. Оның сыртында ашылмалы бір терезе бар. Сол жерде Айдарға әскери билетін көрсетті. Онда «06.07.1984 жылы әскери қызметтік мерзімі аяқталуына байланысты әскери қызметтен босатылды» деген жазу тұр. Штаб басшысының қолы қойылып, мөрі басылған. Одан соң оған АК-74 қаруын тапсыруды ескертті. Келесі күні прапорщик:
– Әлиев, сенің қайтуға киімдерің бар ма? – деп сұрады. Сонда сарбаз:
– Жолдас прапорщик, менің киімдерім жерлесімнің БТР-да тұр. Бірақ дайын емес, – дейді. Иә, сол кезде ол қайту жайында жақсы жаңалық естіп, қайтар киімдерін дайындамаққа бекінді. Бірақ сол күні жерлестерімен бірге болып, талай ауылдың тәтті естелігін бірге тарқатады. Себебі, бірі – соғыстан аман оралса, енді бірі – енді қайтпақ. Ал ендігілерінің өмірі тек бір Алланың қолында еді.
Ертеңіне бекетке аяңдаған Айдар жолда прапорщикті кезіктіреді.
– Бітірдің бе? – дейді ол тағы еске салып.
– Жолдас прапорщик, біткен жоқ. Ендігі қалай болмақ? – дейді сарбаз.
– Сен не істейсің? Тек киіміңді дайындайсың. Сосын ертең қайтасың, – дейді көңілді дауыспен ол. Сол тұста сарбаз оған тағы да жерлесінің БТР-де болатынын айтып кетеді.
Таң. Ротаға келген жас жігітті келеңсіз жағдай күтіп тұр еді.
– Тірісің бе? – дейді прапорщик жолай кезігіп. Неге олай деді екен деген санадағы сан сауалын Эдиктің сөзі бөліп жіберді.
– Әкә, менің АК-74 қаруымды көрмедің бе? – дейді жалма-жан.
– Жоқ көрмедім, – дегеннен соң арада ұзақ үнсіздік орнады. Арада бірер уақыт өткен соң Эдик қайта сөйлей бастады.
– Кеше мен де жерлестеріме барған болатынмын. Қайтып келсем қаруым жоқ. Барлық жерді қарадым. Жоқ. Таппадым, – дейді өкпелі үнмен. Әрлі-берлі теңселе ой үстінде жүрген өзбекті прапорщик тоқтатып, бәріне бірдей тапсырма берді. Ал Айдарды ізіне ертіп штабқа алып келді.
Штаб. Айтқанынан қайтпайтын, бойшаң келген прапорщик төрде отырған штаб басшысына қарай беттеді.
– Жолдас подполковник, сіздің бұйрығыңыз бойынша, Әлиевті ертіп келдім, – деді де өзі рұқсат сұрап сыртқа шығып кетті.
Штаб іші тас қараңғы, бөлменің алдыңғы жағында бір ғана терезе. Одан үт болған күн сәулесі бөлмеге әрең түсіп тұр. Подполковник терезеге қарап тұрып қолындағы мүштетін бір-екі рет ішіне тартты да түтінін бұрқ еткізіп сыртқа шығарды. Будақталған түтін арасынан еңселі денесі мен қоқиған басы ғана көрінеді.
– Сен кімсің? – деген дауыс гүр ете қалды.
– Мен сарбаз Әлиев!
– Сені қыстаққа барып жүр дейді ғой?
– Жоқ.
– Қыстаққа кірмесең сағаты бар қаламсапты қайдан алдың? – деді ол одан әрі зіркілдей.
– Жолдас подполковник, жауап беруге рұқсат етіңіз.
– Рұқсат.
– Жақында штабтан 7 шілдеде үйіме қайтатынымды естідім. Содан кейін үйге хат жазып ата-анамды қуантқым келді. Анам көптен бері науқастанып жүр. Менің аман-сау келетінімді естісе қуанып қалар деген ниетім болды. Содан кейін Кабул қаласына барып жүрген жерлестеріме қаламсап алып келуін сұрадым. Қаламсапты алған кезде де оның сағаты бар екенін көрдім. Оны экипаж командиріне де көрсеткенмін. Ол екеумізден басқа ешкім білмейді, – деді сарбаз еш кідірместен.
– Бәрін тексереміз. Үйіңе хат жазғаныңды да тексереміз, – деді подполковник. Бұл уақытта сарбаздың ойы сан-саққа жүгірген еді. «Мен қаламсапты қасымда жүрген Эдикке көрсеттім. Сонда... Бұл қалай болды? Не болып кетті?» деген санада сауалдар сайрап тұр. Бірақ жауабы жоқ. Штаб басшысы үңгірген тыныштықты бұзып, қаруы мен қалтадағысының бәрін шығаруды бұйырды. АК-74-ті орындықтың үстіне қойып, белбеуін, етіктің бауын және қалтасында не бар соның барлығын шығара бастады. Тек төс қалтасында бір түйір граната қалды. Оны білсе де айтпай тұра берді. Штаб басшысы есікке қарап:
– Күзетші, – деп айқайлады. Шақыруға келген күзетке:
– Күдіктіні қама. Біреумен сөйлеспесін, тамақ, су да бермеңдер, –деді подполковник.
Сол мезетте еңгезердей күзетші «жүр» деп сарбазды алға итеріп жіберді. Солай штабтың ауласында тұрған темір тордың алдына алып келді. Тордың асты шұңқыр, тереңдігі 3 метрдей. Мұнда күдікті ретінде тергеуде жүргендерді қамайды. Тор темір тарсылдап жоғары қарай ашылды. Содан соң зәңгіні төмен түсірген күзетші сарбазға үңгірге түс дейді. Сарбаздың аяқ киімін шешкізіп, жалаң аяқ түсуге бұйырады. Аяқтан өткен ызадан бойы мұздап барады. Оны осылай жазалап, қандай құпияны білгілері келгенін түсінбей дал болды ол. Сонда есіне бір оқиға түсті. Қара майордың жауынгерлері Панджшер шатқалында рейд жүргізу барысында экстремистік топтардың асылтас өңдеу цехын анықтаған болатын. Содан кейін полкте асыл тас деген көп айтылатын болды. Асыл тас – Лазурит. Оны жергілкті халық көк тас деп атаған. Осыдан кейін офицерлер сарбаздардың қалтасын тіміскілеп жүретінді әдетке айналдырған. Сарбаздың мұны сүзгіден енді өткізіп тұрғанында күзетші торды ашып «сыртқа шық» деді. Зәңгімен жоғарыға көтерілген сарбаз балшық болған аяғымен етікті киіп алып, штабқа қарай беттеді. Сол сәтте таныс дауыс естілді. Төр жақта аға лейтенант отыр. Екеуі бұрыннан таныс болатын. Амандық-саулық сұрасқан соң сарбаз одан не болып жатқанын сұрай берді, сұрай берді.
– Үстіңнен түскен арыз бар. Сені қыстаққа барып жүр деген күдікпен қамады, – деді аға лейтенант.
– Оған дәлел бар ма? – деген жас сарбазға:
– Соны білу үшін сені шақыртып отырмын. Термезде сен комбаттың жүргізушісі болдың. Әрине, соның арқасында жақсы жетістігің болды. Сен бәріне көмектесіп жүретінсің. Маған да көмектестің, оны ұмытқаным жоқ. Ол үшін саған рақметімді айтамын. Бірақ бұл жолы мен саған көмектесе алмаймын, ренжіме, – дейді.
Тергеушінің «Ал енді бастайық» дегенінен соң тергеу басталып кетті. Сарбазға өзі жайында біршама сұрақ қойылып, жауап алынды. Әлгіндегі хат жазбақ ниетте қаламсап алғанын айтып жатқанда есік ашылып ішке тағы бір аға лейтенант кіріп келді. Ол Айдарды көрді де «Саған не болды?» деп таңырқап қалды. Тергеуші бәрін түсіндіргенде ол:
– Сен Әлиевті Термезден білесің ғой, ол ондай жасамайды. Оны қалай да ақтау керек, – деді де сыртқа шығып кетті. Одан соң тергеуші кідірместен келесі сұрағын койып жалғастыра берді...
...Темір тор. Аспанда жеті қарақшы жұлдыздары жарқырап тұр. Балалық шағының қызықты сәттерін есіне салғандай жалт-жұлт етеді. Әсем көріністі тамашалап, өткенін есіне алып, сағыныш шерін тарқата алмай тұрғанында таң да атты. Бұл уақытта тергеу жұмыстары Қазалы қаласында жүріп жатты. КГБ-ның тергеушісі Қазалы аудандық қорғаныс бөліміне келіп, сарбаз туралы ақпарат жинақтаған. Содан кейін тергеу мақсатында әкесі мен анасын шақыртады. Ол кезде КГБ-ның құрығына ілінсең сотталып кететін уақыт болатын. Тергеу кезінде сонау ата-бабаңның кім болғаны, бай ма, әлде кедей ме бәрін тексеретін. Мұндай жағдай Айдардың атасы мен әжесін қуғын-сүргінге ұшыратқан еді. Сол қуғыншылықты әкесі Әлдебай көзімен көріп өсті. Себебі сарбаздың атасы да, әкесі де ел сыйлаған имам болатын. Ал КГБ-ның тергеушісі шақыртқанда әкесі өткен өмірін қозғайды деген оймен бармаса керек. Орнына анасы келіп, тергеуге алынды.
– Сіздің балаңыз Ауған жерінде қамауда жатыр. Оған қойылған айыпқа байланысты жан-жақты тергеу жүруде. Ол өз сөзінде үйіме хат жаздым депті. Ол рас па, сізде сол хат бар ма? – дейді тергеуші. Анасы төс қалтасынан түйіншекте бүктелген кенже ұлының жалғыз хатын шығарып, үстелге қойды. Баласынан келген хатты көрген тергеуші:
– Сізді науқас депті. Қандай аурумен ауырасыз? – деп тағы сұрақты төпелей түсті. Біраз уақыттан бері үн қатпаған ана көзінен зырғи аққан жасты жыртық орамалымен бір сүртіп:
– Мен он баланы дүниеге әкелген анамын. Иә, кейде ауру, кейде сау жүріп жатқан жайым бар. Ал енді бар мәселе маған тіреліп тұрса, онда мені өлді деп жаз, – деген ананың даусы дірілдей шықты. Мұндай жауапқа таңырқаған тергеуші:
– Ана деген асылдың перзенті үшін өлімге де қарсы тұратынының дәлелі осы шығар, – деп ауыр күрсінді. Солай жас сарбаздың өмірбаяны, тұрмыс-тіршілігі туралы мәлімет қатталған параққа анасының да әл үстінде жатқаны жайында дерек жазылып, Ауғанстанға жіберіледі. Бұл аз да болса Айдарға бір көмек болар деген тергеушінің бір ниеті еді.
Түс ауа сарбазды тағы тергеуге шақырды.
– Сен туралы барлық жерде тергеу жүргізілді. Үйіңнен де жауап алынды. Сенің жерлестеріңнің бәрі сені сатып кетті. Олар мүмкін саған көмегі тиер деп ойлаған шығар. Керісінше, олардың куәлік еткендерінің бәрі саған қарсы материалға жинақталып, сотталуыңа жол ашты. Сенің үстіңнен түскен арызға байланысты тергеу жүргізіліп, оның қорытындысы сені кінәлі деп тауып, 2 жыл бас бостандығыңнан айырды. Үкім ертең шығады, сосын этаппен сені ұшаққа мінгізіп, алып кетеді. Дисбатта екі жылыңды өтеп болған соң, осы жерге қайтып келіп қалған күніңді аяқтап қайтасың, – деді тергеуші. Сонда еш саспастан Айдар:
– Менің үстімнен арыз жазған кімдер? – дейді. Сол баяғы құпиялық. Тағы да күзетшіні шақырып, темір торға тамақ, су берілместен қамап қойды. Күндегідей шұңқырға келіп етігін шешіп, зәңгімен төмен түсті. Mұздай балшыққа аяғы тиген сәтте денесі мұздап сала берді. Күні-түні ыза жерде тұрғаннан болар, әлсіреп бара жатқандай. Түннің бір уақытында «Қазақ?» деген дауыс естілді. Әлдекім ақырын сыбырлап тұр. Қараса ыдысқа құйған ыстық сорпасы мен бір кеспе ақ наны бар біреу. «Тездедіп жеп ал» деп қояды.
– Сен кімсің? – деді сарбаз қалшылдай.
– Мен түрікпін ғой, – деді әлгі сыбырлап.
– Әй, түрік бауырым, қалайсың? – деді сарбаз қуана.
– Мен жақсымын, өзің жақсысың ба? – деді ол.
– Бүгінше жақсымын, бірақ ертеңгі күнім не боларын кім білсін... – деді Айдар ұзақ күрсініп.
Келесі ауысымға келетін күзетшінің ұлты түрік болатын. Оның берген бір кеспе нанына жүрек жалғаған сарбаз Аллаға шүкіршілік етті. «Қайран жастық шағым-ай, қыршыннан қиылған тағдырым. Енді не болар екен?» деген іштей күбір. Бірақ оның кез келген жазаға дайын екені бір Аллаға ғана аян еді...
...Бүгін ол үкімді тыңдауға, қандай жаза тағарын білуге асықты. Күзетші үңгір бетіндегі торды ашып, сыртқа шығуын сұрады. Сарбаз әуелі қалтасында тұрған гранатаны қолына алды. Көрінбесін деп киімінің жеңін түсіріп, байқатпауға тырысып бақты. Шұңқырдан зәңгі арқылы әрең шығып келеді. Әлі жоқ, аяғы ештеңе сезбейді. Түні бойы ылғалды балшықта тұрғаннан болар. Аяғының балшығымен киген бауы жоқ етікті сүйрете штабқа қарай беттеді. Ішке кіргенінде подполковник пен тергеуші, взвод командирі прапорщикті көрді. Сондағы шыққан соңғы үкім – бекетті қараусыз қалдырды дегені еді. Оның өтеу жазасы – екі жыл «дисбат». Бар үміті прапорщик болатын. Өйткені оның сөзіне куә болатын сол ғана. Прапорщик бұл жағдайды білмесе керек, сол күні келіп, үкімді оқып жатыр. Күбірлеген сөздер құлағына әлсін-әлсін естіледі. Неше күн бойы мұздай балшықта сусыз, ассыз тұрып, әлсіреп қалғанынан болар. Ештеңені түсініп жатқан жоқ. Тергеуші оған қарап сұрақ қойса, келіспейтінін ғана айтады да қалған сөзге түсініксіз күйде тұра береді. Ең бастысы әлсіресе де, есінен танып құласа да, «тек мойындамауым керек» деген сөз түйсікте қалып қойған. «Дисбатқа бармаймын» деген нық сенімде, қолында граната. «Қандай да бір жағдай болса сақинасын тартып қаламын» деп ойлап тұр іштей. Сол кезде прапорщик алдына тұрып қалады. Мүлдем әл-дәрмені қалмаған сарбаз прапорщиктің арқасына басын тіреп, сүйене кетті. Прапорщик:
– Жолдас подполковник рұқсат етіңіз?! Менің қарамағымдағы сарбаз Әлиевке тағылған айыпқа келіспеймін. Өйткені, ол еш дәлелсіз. Оның бекеттен кетуіне мен рұқсат еткенмін. Ол полктегі бекетте тұрған пулемётшы. Оның қамауда отырған кезінен бастап полкте жау қолынан адам өлімі көбейді. Мүмкін сіздер мына штаб дейтін үйде отырып сыртта болып жатқан соғыстан хабарларыңыз жоқ шығар? Естеріңізге салайын, күнде соғыс, күнде адам өлімі. Сондықтан оны штрафбатқа жіберуіңізді сұраймын. Егер ол сотталатын болса, онда осы болған жайттың барлығын жоғары жаққа баяндайтын боламын, – деп талап қойды.
Солай өз дегенінен қайтпаған прапорщик сарбазды штабтан алып шықты. Бұл кез келген командирдің қолынан келмейтін іс еді. Солай жас сарбаз Штрафбатта жазасын өтеуге қалып қойды...
...Осында жүріп талай оққа кеудесін тосқан жас сарбаз өзінен кейінгілерге де үлгі болып, білген тәжірибесін үйретуден жалықпады. Бірде тосыннан келген жау оғы жан-жақтан жаудыра түсті. Сол сәтте Айдар командиріне төнген қауіптің алдын алып, дұшмандарды сұлатып түсірді. Әрине, мұндай сәтте командирін өлімнен құтқарған жауынгерге «Қызыл Жұлдыз» ордені беріледі екен. Мұны ескерген командир жас сарбазды сол марапатқа ұсынады. Бірақ оның берілуі қазақ ұлты үшін қиынға соққан. Оны күтуге, оны кеудеге тағынуға ниет білдірмеген сарбаз «Маған ондай құрметтің, орденнің қажеті жоқ. Тек еліме, үйіме аман-есен оралсам болды» дейді. Айдардың Ауғанстандағы соғыс жылында өткерген миссиясы осылай аяқталды...
...Зымыраған ұшақ... Жүйіткіген жүрдек пойыз... Тек ауылға апарар жол...
Айнұр ӘЛИ