» » Жоғалған жүз қой

Жоғалған жүз қой

Сол жылы әкем қайтыс болып отбасындағы үбірлі-шүбірлі ұл-қыздың әкесіз өмірге аяқ басқан кезі. Қай-қайсымыз да еңсеміз түсіп, құр сүлдерімізді сүйретіп жүрміз. Анамыздың да қабағын кірбің шалған. Әкесіз қалған 10 баланы жеткізу, пана болу оңай ма? Оны қазір ғой біліп жатқанымыз. Ол кезде бала көңіл нені ұқсын?!
Қыс мезгілі болатын. Каникульға шыққанымызға мәзбіз. Жосалы кентінде тұратын біздер киім кешегімізді жинап, Қуаңдария қайдасың деп тартып отырдық. Бірінші фермаға шопан болғалы әкеміздің қыс қыстауы - Үбісұлтан. Осы жылы да Үбісұлтанды қыстап шықтық. Екі жағында екі шопан отыратын шағын жайдың бір жағы біздің үй. Үш бөлмелі. Кіреберіске аяқ киім тасталады. Ішкі өткенде пеші бар бөлме кеңдеу. Едені ағаш. Анамның небір тәтті тағамы осында дайындалады. Жаным анамның бейнеті бір басынан асып жығылады. Сонда жасы 49-да екен-ау. Қиналғанын көрсетпейді. Анашымның күнтізбесі таңмен таласа тұрудан басталады. Алдымен қой қораға барады. Ара-кідік ит-құсқа абай болсын деп жатарда ағама мылтық атқызады. Кейде қашарға қасқыр түсіп, ауру-сырқау малдарды қиып кеткен кездер де болды. Айта берсем, анамның араласпайтын жері жоқ. Оған қоса, бала-шағаның тамағы, үйдің тазалығы. Сырттан келетін қонақты күтуде де анам жүреді. Сиыр сауып, күбі пісу, отарға ере алмаған кәрі-құртаңның жем-шөбін анам салып жүргені. Есімде. Көтерем қойларға мұз жалатып, балықтың майын ішкізетін. Мал қораның жанындағы таудай үйілген шөмеле шөпке аунап ойнаймыз. Бөкебайын беліне мықтап буған анам атқа отырып, арық-тұрық тоқтыларды маңайға жайып қайтады. Тыныштық көрмейді. Беті-қолымыз домбығып үйге келгенімізде дастарқан жайнап, самаурын бұрқырап қайнап тұратын. Қып-қызыл бауырсақ пен қүрт-ірімшік те анамның өз қолынан шыққан дәмділер. Сондай бір күннің бірінде ойламаған оқиға орын алды.
Ішім пысып, есілдертім дала боп отырғанда кіші ағам түскі асқа кіріп келді. Үстінде папамның теміржолда киген ақ тұлыбы. Аяқта былғары саптама етік. Ағамның қарасын көре бастағаннан анам дастарқанды қайта жаңартып, еттің сорпасын ысытты. Тез-тез түстеніп, сыртқа шығуға бет алғанда ағама мені де бірге ертіп кетуін өтінді. Оған қуанған мен папамның шолақ тонына жабыса кеттім. Сырмақ шалбарды да киіп үлгердім. Киім ілгіште ілулі тұрған қысқа сап қамшыны қолыма іле кеттім. Әйтеуір не керек, әр сәтте қой бағуға дайын болдым. Бәрінен бұрын күзде бас білдірген қаракүрең құтырынып тұр. Қамшы салдыртпас асау. Менің несібеме осы ат бұйырды мінуге. Ат менен қашады, мен одан қорқамын. Сөйтіп, ағамның көмегімен қаракүреңге ырғып мініп, ағамның соңынан ілесіп келемін. Ағамның астындағы атантүйе қобалақтап шаба жөнелді. Екі метрдей болатын ұзын қамшы түйенің шаппасына қойсын ба?! Ағам да қамшыны екі жаққа сілтей соғып, оппы қардың бетімен бөкен жүріске салады, енді бірде мен есіне түсем бе, баяулатады. Осылай қызықтап келе жатқанымда ағам қырғауыл атып келетінін айтып, қамысты нуды бетке алды. Шапқан күйімен көз алдымнан ғайып болды.
Тоңып қалмайын деген оймен мұздай құрсанып киініп алған мен енді аттың үстінде отыра алсамшы. Күрең неме баласына ма, шылбырға деп бермейді. Қысқа тоным мен сырмақ шалбарым, басымдағы түлкі тымағым еркін қимылдауыма кедергі келтіріп, ындынымды шығарды. Айналаға қараймын. Маңайда жан болсайшы. Қоңыраулы ақ серке ғана шөп күйсеген сайын қоңырауы сылдыр-сылдыр етіп дыбыс беріп қояды. Жан-жағына қарайлап, бауырымды іздей бастадым. Бойымды қорқыныш билеп, бағанағы үйлегі батырлықтан ештеңе қалмағандай жалтаңдаймын. Осылай алаңдаулы күйде ақ түтек боранның қалай басталғанын да аңғармай қалдым. О, тоба! Енді не болады?! Қарға адым жер көрінсеші. Екі тізгін, бір шылбырға бой бермей тұрған күреңде мен секілді мүсәпір болды да қалды. Басын жерден алмайды. Дауыл одан сайын көтеріліп, қауіпті бола берді. Совхоздың бір отар қойы ықтаған күйі басы ауған жаққа қарай ығып барады. Мен де солардың ізімен келемін. Отардың алдын қайырайын деп үзеңгіні тепсінгенім сол еді, қарақүреңнен сыдырылып құлап түстім. Қайта мінуге томарша іздеп жүргенімде атым қашып кетті. Құрыған шығармын дедім. Бірақ ат ұзай қоймады. Қорбаңдап жүріп ұстап алдым. Ендігі мәселе - атқа қайта қону. Аяғым үзеңгіге жетпейді. Ыңғайлана бергенімде ат сыдырылып бір орында тұрмайды. Қой бір жақта, мен бір жақта қалдым. Бетім үсіп кетті. Түлкі тымаққа мұз қатты. Көз жасымнан бетім ашып, өмірі көрмеген ақыретті көрдім. Ағамның атын атап жылап жүргенде анадайдан сексеуілдің ескі түбіртегін көріп жаным қалмай қуанып кеттім. Соған дейін атты сүйреп, зорға дегенде күреңге отырдым. Күреңнің тартпасы үйден шыққандай емес, босап қалған. Сонда да болса мінгеніме шүкірлік еттім. Шіркін балалық-ай. Не жаныңды қинап жүрсің?! Атқа отыруын отырдым-ау, бірақ өзім қайдамын, бір қора мал қайда?! Әлгі ақ серкенің қоңырауына тың-тыңдауға кірісті. Қорықсам да отарды іздеймін деп атты қамшылап келемін. Ер де сыр беріп, бірде былай, бірде олай ауып кетеді. Өз-өзіммен алысып жүргенде кеш қарайды. Ағамнан үмітімді үздім. Адасқанымды білдім. Боранның ысқырығының арасынан еміс-еміс қоңыраудың үні естілетіндей. Дыбысқа қарай аттың басын бұрып, аяңдап келемін. Аппақ боран көз аштырар емес. Бір кезде күреңім төменге қарай құлдырай түсті. Аттан ауып кетпейін деп іштей тілеудемін. Аумақ түгілі ат тайды да оның астында қалдым. Қас пен көздің арасында не болғанын өзім де түсінбедім. Ат неге құлады?! Сөйтсем, ат құлаған ылди жарма екен. Мұз боп қатқан жарманың бетін ақ қар басқан. Қардың асты мұз екенін кім біліпті. Мұздан әупірімдеп шығып, тағы да атқа отырдым. Отарлы малды да тауып алдым. Бірақ қоңыраудың үні құлағыма келмеді. Оны ойлайтындай да емеспін. Әбден шаршап, түңілгенімде астындағы атанын шауып ағам да жетті. Ердің басына байлаған 2-3 қырғауылы бар. Өкіріп жыладым. Көрген азабымды айтып еңіредім. Мені неге бір өзімді тастап кеткенін айтып ұрыстым. "Әкем тірі болғанда бұлай болмас еді" деп ренішімді білдірдім. Бірақ ағам маған мейірін төгіп, қырғауылдың қызығына түсіп кеткенін айтып ақталды. Ықтап кеткен қойларды бауырым әр жерден теріп алды. Бармен базар боп Үбісұлтанға да келдік. Қойды санаса тұп-тура жүз қой кем. Қоңыраулы серке де жоғалған. Ол кезеңде бірнеше бас қой кем болса сотталып кетесің. Заң қатал. Тәртіп солай. Анам ең бірінші соны ойлады ма, онсызда ұнжырғасы түсіп жүретін апамның түрі тіпті де кетіп қалды. Маған қарап, "ұйықтай ғой, бәрі жақсы болады" деп өзіне тартып құшақтап алды. Тағы да жылап жібердім. Әлгіндегі қысқа тонның салмағы ма, денем ауырлап тіпті мазасыздандым. Аяқ-қолымнан жан кетіп қалғандай қалш-құлш етемін. Мұздағаным сонша анамның салған төсегіне де жете алмай, отырған жерімде ұйықтап қалыппын.
Орталықтан жоғалған жүз қойды іздеуге адамдар шықса, жолда көліктері бұзылып кері қайтыпты. Рациямен хабарлаған ғой.
Азанда анам мені ұйқыдан оятқан жоқ. Түсте бір-ақ тұрдым. Сондағы анашымның қуанғанын көрсеңіз!
Түс ауа қоңырауы сылдырлаған бойымен соңына жүз қойды ілестіріп ақ серке салып ұрып өздері қыстауға құлапты. Іздеуге шыққан ағаларым да жүз қойдың артынан отбасына оралды. Сонда олардың айтқаны: егер қасқыр малдың жел жағынан өтсе, иісін сезбейді де, ығынан өтсе, аман қалдырмайды. Менің де бағыма тоғыз қасқыр жүз қойдың жел жағынан жортып өтіпті. Мұны із кескен ағаларым айтқанда төбе шашым тік тұрды. Ендігәрі қой бақпаспын деп шештім. Иә ол сол кездегі ой ғой. Одан соң да талай мал бағылды. Дүрбі салынды.
Қазір ер жасы - елудеміз. Бұл бір жастық шақтан қалған естелік. Жақында іссапармен Иіркөл ауылында болдым. Ауылдың тұрғыны, еңбек ардагер әрі ағам болып келетін Меһербан көкеміздің шаңырағында аз-маз аялдадым. Шежіре тыңдадық, кітап ақтардық. Ағаның үйі кең жайлау дегендей, жеңгеміздің қолынан шай іштік. Қайтар жолда ағамыз мініс атын ерттеп қойыпты. Атқа отырмағаныма қырық жылдай болыпты. Жылқы малы керемет сезімтал ғой. Одан алшақтап кеткеніме біраз болғанын сезді ме, құлағын қайшылап, басын жіберсең кеңге салғысы кеп тұр, патшағар! Ағама рақмет, осындай мүмкіндік сыйлаған!
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
14 тамыз 2020 ж. 1 255 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 018

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031