Ақын тағылымы
Ұлы Абайдың өмірі мен асыл мұрасын насихаттау Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына орай жаңаша сипат алды. Адамзат өркениетінің қазақ халқының бай рухани мұрасымен іс жүзінде хакім Абайдың арқасында танысқаны мәлім. Абай Құнанбайұлы – қазақтың ұлы ақыны, философ, сазгер, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы. Орта жүздің Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан. Әкесі Құнанбай өз заманындағы атақ-даңқы шыққан беделді би болған. Медреседе төрт жыл оқығаннан кейін әкесі қасына алып, ел басқару ісіне баули бастайды. Игі жақсылармен араласып, өз халқының рухани мәдениет жүйелерімен жете танысып, шешен сөйлесуге үйренеді, білгенін қағаз бетіне түсіреді, ой қорытады. Ел ісіне араласып, әділ шешімдері арқылы танылады. Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған ұлы Абайдың ежелгі ойшылдармен ақыл-ой сабақтастығы, тәлім-тәрбиесі, қара сөздері жайлы болмақ. Абайдың ежелгі эллиндердің өнері, философиясы мен тарихы туралы өлеңдерінде, әсіресе қара сөздерінде айтқандары – оған грек классикасының рухы жақын әрі түсінікті болғанының айғағы. Абай өзінің жиырма жетінші сөзінде сұқбатқа қатысушылардың бірінің атынан былай дейді: "Гомерге бәйітшілігі себепті, Софоклге трагедиясы себепті, яғни біреудің сипатына түспектік, Зевксиске суретшілігі себепті таңырқаймын". Ұлы даланың көшпелі әлемі "Одиссея" поэмасында қарсылас жақтың құндылықтарына шынайы адамгершілік тұрғысынан баға беретін Гомерге де белгілі болған. Грек ойшылының даналығы сонда, ол сақтардың аң стилі дәстүрінде дүниеге келген көшпелі елдің өнер туындыларын мадақтай отырып, қайшылықтардың тігісін жатқызуға, жуықпас жақтарды жақындастыруға тырысады. Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын "Адамның бәрін бәрін сүй, бауырым деп, және сүй хақ жолы деп ғаділетті" деген терең адамгершілік өсиет қалдырған Абайды бүгінгі ұрпақтары ұлттар мен ұлыстар арасындағы зор мәмілегер ретінде құрмет тұтамыз.
Мемлекет басшысының жыл басында жазған "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында Ұлы дала ақын, данышпаны шығармашылығының жан-жақты зерттеу мен насихаттау жұмысының бағыт-бағдарын айқындап берді. "Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз, деп ой қорытады. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады, оған дәлел "Ғылым таппай мақтанба" деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында 30 мыңнан астамы сирек кітаптар мен қолжазбалар сақталған. Абайдың тұңғыш шығармалар жинағы 1909 жылы Петербургтегі И.Бораганскийдің баспасынан шыққаны мәлім. Ақын шығармалары барлық жинақтарына 1905, 1907, 1910 жылдардағы Мүрсейіт қолжазбаларымен қатар аталмыш тырнақалды кітап етіп алынып келеді. Ақын өзінің басты миссиясы – туған халқын озық ұлт ретінде қалыптастыру мақсатын барша адамды сүю қағидаты мен жоғары адамгершілік құндылықтар негізінде жүзеге асырды. Хакімге елінің лайықты ертеңі үшін "қайран қазағын" қараңғылық пен надаңдықтан, азып-тозу азабынан құтқару қажет деп тапты. Абай Семейдегі кітапхана арқылы Шығыс пен Батысты танып, ғылым мен өнер іздеп, өнегелі істі ел-жұртынының құлағына құйғанша асықты. Осы жолда ақын "Қиналма бекер, тіл мен жақ,көңілсіз құлақ-ойға олақ" немесе "біреуге олай, біреуге бұлай қарап, түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ" деп іші өрт пен дертке толы екенін көрсетеді. Амал қайсы, қандастары арасында ұлы замандастарын түсінерлік жан аз болып, ол өз өлеңдерінде "жаздым үлгі жастарға бермек үшін" деп, ел келешегіне зор үміт артады.
Абай "Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге" немесе "Бір тәуір дос, Тым-ақ керек, Ойы мен тілі бөлінбес" десе, сондай адал достың бірі тағы да кітап пен кітапхана екені күмән келтірмейді. Шыны керек, екпіні ересен ақпарат айдыны – ғаламтор толқынында бір жұтылып кетсеңіз, оның қайта босата қоймас тұңғиық, иі жұмсақты илеп жіберер иірімі екені анық. Адам өмірі оқып-тоқумен әлдеқайда мәндірек және кітаппен кездесу біздің әрқайсымызды өркениет теңізіне бойлатып, адамзат ақыл-ойы мен ұшқыр қиялының асыл қазынасын меңзейді. Ол сондай-ақ ұлы тұлғалармен жолықтырып, олармен өзара қызықты да тартымды сұқбат құруға шақырады.
Білім мен ғылымды жырлаған Абай – шын мәнінде жаңашыл, ренессанстық тұлға. Ол туған халқын өркениетті елдер қатарынан көруді армандады. Жасампаз өмірді дәріптеп, әсіресе адам баласына деген махаббатты ерекше ардақ тұтқан ақынның қайраткерлік тұлғасы әрқашан асқақ. Себебі біздің Абай – зор шапағат пен мейірім иесі. Ол тіпті еліне көмектесуді ойлап, төрт мәрте болыс, екі рет би болып сайланып, он сегіз жыл билік тізгінін ұстайды. Мұндай қайраткерлер тарихта санаулы ғана, яғни әр халықтың өз Абайы бар және осындай біртуар тұлғалар арқылы біз дүние жүзіне таныламыз. Хакім Шығыс пен Батыстың, дүние жүзінің әдебиетін жақсы білді. Ол қазақша сөйлеткен Пушкин, Лермонтов, Байрон, Гете Ұлы даланың көркем сөзімен, төл өнерімен біте қайнасып кетті.
Ғұлама Мұхтар Әуезов өмірінің үлкен бөлігін Абай мұрасын зерттеп, абайтану ілімінің негізін қалауға арнады. Жазушының "Абай жолы" романы – уақыт сынынан қорықпайтын классикалық туынды. Мемлекет басшысы "Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында Абайдың халқымызбен мәңгі бірге екенін, ұлы ақынды түсіну үшін сондай биікке көтерілудің қажеттігін атап көрсетті. Абай арманы жоғары этикалық және адамгершілік қағидаттарды паш етеді. Ол халқымыздың ары мен намысы, ақылы мен жүрегі. Абай хакім "әділеттілік – хақ жолы "дейді және мұндағы хақ жолы – Құдайдың жолы дейді, мәнісі құдайдың жолы-тек ізгілік жол, адам әділетті болуы үшін жүрегі таза болу керек, сонда ғана адамзаттың бәрін сүйсең ғана әділетті боласын деп, адамзат баласы туралы ой қорытады.
Сөз соңында айтарымыз, Президент және Елбасы айтқан ой-тұжырымдар Абай ілімімен сабақтастығын жалғастыра, мұрасын тани отырып, өз-өзімізді тани беретін боламыз. Ұлы дананың тағылымы, ғибадат-пайымдары, қара сөздері ескірмейді, қайта қазақ халқының темірқазығына айналып, мәңгі жасай береді.
Қанат ҚЫПШАҚБАЕВ,
«Болашақ» университетінің жоғары колледжінің оқытушысы
«Болашақ» университетінің жоғары колледжінің оқытушысы