» » ӘБЕН ЖӘНЕ ЕҢБЕК ӘЛЕМІ

ӘБЕН ЖӘНЕ ЕҢБЕК ӘЛЕМІ

Халық ақындары М.Жүсіпов, Н.Айтуаров, Қ.Баймағамбетов тағы басқа да жыраулардың жырына арқау болған қарапайым еңбек адамы Әбен Тоғызбаев көзі тірі болғанда биыл 80 жасқа толар еді.
Сөзге сараң болғанымен іске мығым Әбекең әдегеннен-ақ ақ күріштің атасы, дала академигі атанған екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың өңірде күріш егуді арттыруға арнаған үндеуіне үлес қосқандардың бірі болып, аз жылда-ақ дала майданының дарабозы атанған ұлы диқан шәкірттерінің бірегейі атанды.
Ыбырай Жақаевтың сөзін естіп қана қоймай, диқанмен дидарласу, үлгі алу Әбекеңе күш-қайрат берді. 1964 жылдың қыркүйек айының бір күнінде Жосалы механикалық зауытының клубында даңқты күрішші Ыбырай Жақаевтың қатысуымен 400-дей адам жиналған үлкен жиналыс өтті. Жиында Ыбырай Жақаев: – Күріш күтім тілейді. Оған да кекілінен сипар жұмсақ алақан мен бап керек. Сонда ғана ол жомарт. Күтім көрген күріш ат тісіндей ақ маржанын ақтара салады. Ал, оған салғырттықпен сырт қарасаң, мәпелеп күтпесең, сарабдал сараң да бойда барын бүгіп қалады, – деген-ді.
Сол мәжілісте Ыбекең шәкірті Әбеннің қолын қысып тұрып, еңбегіне сәттілік тіледі.
Міне, дала академигінен алған батасымен ауылға қуанышпен оралған Әбен Тоғызбаев бірден жұмысына кірісіп кетіп, «Ысқақ тамы» учаскесіндегі күріштігін күтіп-баптауды жалғастырды. Дала академигінің берген ақ батасы ма әлде өзінің қажырлы еңбегі болар сол жылғы күзгі егін жинау маусымында жас диқан 25 гектар күріштің әр гектарынан 68 центнерден өнім алды. Сөйтіп, ұстазына рапорт берді.
Сол жылы Шиелі ауданының «Қызыл ту» ұжымшарының күріштігінде облыс егіншілерінің мерекелік жиынында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ыбырай Жақаев шәкірті Әбен Тоғызбаевқа салтанатты түрде №1 Еңбек аттестатын тапсырды. Аттестаттың мазмұны мынандай болатын. «Еңбек аттестаты» күріш өсіруге келген және тағы да келетін менің қымбатты достарыма беріледі. Біздің облысымыз Сыр бойы өңірі – күріштен жоғары өнім алудың, дүниежүзілік рекордтың Отаны екенін естен шығармаңдар. Сіздердің қолдарыңызда ғылым мен техниканың жетістіктері, озат тәжірибе бар, сіздердің жүректерің энтузиазм мен сергектікке толы, мен сіздерге рекорд эстафетасын тапсырып отырмын.
Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ыбырай Жақаев», – деп жазылған.
Халық ақыны Қуаныш Баймағамбетов осы кездесуде жас диқан Әбен Тоғызбаевты былайша жырға қосты:
... Сыр бойында барлық озат үн берді,
Айды айлап, төбеде алтын күн көрді.
Озаттардың қатарын да айқындап,
Ер ұлы елдің Әбен шартын шын берді.
Әбен жолдас уәдесін орындап,
Келіп бүгін көзге түсті толымдап.
Ұлы кіші айдай әлем алдында,
Ақтады антын Ыбекеңнің қолын ап...
Ақынның бұл өлеңінен Әбен Тоғызбаев­тың еңбектегі ерлігі көрініс берді.
Ал, енді сол еңбек майталманының өміріне шолу жасай қарасақ, Әбекеңнің өмірі еңбекпен тығыз байланысты болыпты. Ол облыстағы Коммунистік еңбек екпінділерінің І съезі мен күрішшілердің облыстық слетінде сөз сөйлеп, дала академигі Ыбырай Жақаев пен космонавт-ұшқыш Герман Титовпен бірге президиумда қатар отырды. Бұл екінің маңдайына тие бермейтін бақыт еді.
Герман Титов оған: «Жарайсың жақаевшы, әрдайым алғы сапта бол!, – деп тілек білдірсе, оған жауап сөзін айтқан Әбен Тоғызбаев: «Сеніңіз Герман Степанович, Сыр күрішінің даңқын космос биігіне жеткенше көтереміз», – деп уәдесін берген еді. Мұндай салмақты сөз өзінің адал еңбегіне сенгендіктен айтылса керек.
Содан кейін еңбек майталманы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының 1966 жылғы 23 маусымдағы Жарлығымен Ленин орденімен наградталды.
Жоғарыда атап өткен абыройлы істерге Әбен Тоғызбаев қалай жетті, оның арғы тегі қандай жандар болған, соған аздап тоқталып өтсек. Әбекең қара кетенің құлысының Добайынан туған Мырза Сарман биден тараған. Заманында Сарман ауыл-аймағына беделді, елді бірлікке шақырған би болған екен. Сол Сарман бидің тікелей ұрпағы Үрістембайдан Әбеннің әкесі Тоғызбай туған. Тоғызбай ашаңдау келген ұзын бойлы қара кісі болса, анасы Бекбергенқызы Әуен қапсағай денелі кісі еді. Олар ауыл-аймағына құрметті адамдар болған. «Әкелеріміз Әбекеңді қарындасы Әуенге ұқсап ірі денелі болды», – деп отыратын. Еңбекші отбасыдан өсіп-өнген Әбеннің еңбеккер болуы заңдылық. Ол ауылдың басқа да балалары сияқты ойын арасында, қауын-қарбыз егуге, ұжшардың бидайын ору, арамшөптерден тазарту, жүгері сабағын қайыру, аршу сияқты жұмыстардың барлығын істеген. Жасынан «Палуан бала» атанған.
1951 жылдың көктемінде Тоғызбай отбасы Тұрмағамбет ауылына қоныс аударды. Біз олардың ауылдан неге көшіп жатқанын түсінгеніміз де жоқ. Кейіннен есейе келе білгеніміз Әбекеңнің туыстары Тұрмағамбет ауылында тұрады екен. Жалпы Ә.Тоғызбаев өзінің өмірбаянында 1939 жылдың қаңтар айында тудым, онжылдықты 1957 жылы Ворошилов атындағы мектепте бітірдім»,– деп жазған. Шынын айтқанда ол 1938 жылы Жаңаталап ауылында күзге қарай өмір есігін ашыпты. Апасы Әйімке 1924 жылы, інісі Марқабат 1946 жылы, ал қарындасы Сәрсенкүл 1946 жылы, бәрі де Жаңаталап ауылына қарасты №16 ауылда дүниеге келген. Әбекең өз өмірбаянында көпсөзділікке бармай, өзі тұрып жатқан ауылды жазса керек.
Мектеп бітіргеннен кейін ол Тұрмағамбет ауылында құрылысшы, құрылысшылар бригадирі, 1962 жылдан сушы болып еңбек етті. Ал, 1963 жылы 37 гектар күріштіктің әр гектарынан 32 центнерден өнім жинаса, 1965 жылы 25 гектар күріштіктің әр гектарынан 68 центнерден өнім алып, жоғары нәтиже көрсетті. Сондай ерен еңбектің арқасында ол 1963 жылы Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесінің қола медалін омырауына тақты. Сондай-ақ, 1964 жылы ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталса, бірнеше рет аудандық кеңеске депутат, аудандық партия конференциялары мен облыстық партия комитетінің мүшелігіне сайланды. 1966 жылы Ленин орденімен қоса Бүкілодақтық көрменің «Алтын» медалін иеленіп, республикалық «Еңбек даңқы» кітабына есімі алтын әріппен жазылды. Сонымен қатар, 1969 жылы екінші рет ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасын, ал 1978 жылы КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің ІІ дәрежелі дипломы мен арнайы Тула қаласынан шығарылған самаурынын сыйлыққа алды.
Әбен Тоғызбаев 1969 жылы ауылдағы шаруашылықтың күріш бригадирі болып тағайындалды. Бір кездері өзі атақты күрішші Шәймерден Шегебаевтың шәкірті саналса, енді Байдан Тұрғанов, Зал Шаймерденов, тағы басқалардың ұстазы атанды.
Әбекеңді үндеуге қатыстырып, қолдау көрсеткендердің бірі сол кездегі облыс­тық комсомол комитетінің секретары Қаһарман Табынбаев еді. 1964 жылдың 24 желтоқсанындағы облыстық «Ленин жолы» газетінде жарияланған «Қанат қаққан сайын қатаяды» атты мақалада Әбен Тоғызбаевтың еңбегі ерекше айтылған. Онда: «Даңқты диқан қолынан бірінші болып «Еңбек аттестатын» алу құрметіне Қармақшы ауданы, Ленин атындағы совхоздың жақаевшы звено жетекшісі Әбен Тоғызбаев ие болды. Әбен биыл 25 гектар күріш екті. Оны жинау үстінде механизмді де өзі басқарды. Сөйтіп, жас жігіт облыста бірінші болып егін жинауды аяқтағандығы жөнінде партияға, Отанға, Ленин комсомолына, Ыбырай атаға рапорт берді», – деп жазылған.
Ақын, журналист Сәнтөре Пірманов өз өлеңінде: «Жастықтың алабына айналған Әбен еккен астықты», – десе, халық ақыны Мұзарап Жүсіпов:
Атанып: «Ыбырайдың ізбасары»,
Әбендей ер туды «Қалыңбастан»,
Соғыстың Батыры да жауы қашқан!», – деп Қалыңбастағы қызу еңбекті жырға қосты.
Әбен ағамыз өзін көптен дендеген ауруды жеңуде Қызылорда қаласындағы білікті дәрігерлерге емделді. Бірақ, бәрі де бір Алланың құзіретінде екенін түсінді, ажалға араша болмады...
Бүгінде Әбен мен оның жары Ұлмекен тәрбиелеген 8 баладан 20-дан аса немере мен шөберенің қанаты қатайып, өсіп келеді. Тоғызбаевтар арасында көлік жүргізушісі, күрішші, есепші, сол сияқты мемлекет қызметкері, құқық қорғау органдары, тағы басқа да салада еңбек етіп жатқандар бар.
Даңқты еңбек майталманы туралы жергілікті басылымдардан басқа «Оңтүстік Қазақстан», «Қазақстан ауылшаруашылығы» журналы, «Социалистік Қазақстан» газетінде мақалалар жарияланып, бірнеше кітаптарға ол туралы жазылған шығармалар енгізілді.
«Орнында бар оңалар» демекші, бүгінде ұрпақтары ата-анасына арнап, құран бағыш­тап, еске алып тұрады. Ұлдарының бірі Қайрат ата-анасын: «...Әкемізден 2009 жылы айрылдық. Әке қазасы бізді бірден есейтті. Кейін екі-үш ай өтпей анамыз да өмірден өтті. Ат жалын тартып ер жетіп, есейсек те ата-ананың аялы алақаны мен «Айналайынын» сағынамыз», – деп перзенттік сағынышын айтады.
Шынында тату-тәтті жарты ғасыр өмірін бірге өткізген олар бір-бірін сағынған болар – бірінің артынан бірі дүниеден озды. Алайда, даңқты дала майданы дарабозының ұрпағы ата-анасының өнегесін ұмытқан емес. Бүгінде қара шаңырақтағы Дастан ініміздің үйі Әбекеңнің кезіндегідей меймандарға ашық, нанға толы дастарханы жаюлы.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеуші, этнограф.
14 ақпан 2018 ж. 1 495 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031