Құрбан шалудың талаптары қандай

«Бұл күні Меккеге барған қажылар Мина алқабында құрбандық шалу рәсімі мен қажылықтың басқа да талап-шарттарын атқарса, қажылық жасауға шамасы келмеген мұсылмандар мешіттерде айт намазын оқып, айтулы мерекенің ең маңызды рәсімі – құрбандық шалады», - делінген басқарманың сайтында жарияланған ақпаратта.
Құрбандық шалатын адамға қойылатын талаптар:
- ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған мұсылман болуы;
- тұрғылықты мекенде болғаны, яғни, сапарда болмағаны абзал;
- нисап мөлшерінда артық дәулеті бар адам болуы.
«Бірақ, бұл жағдайы төмен адам құрбан шалмасын деген сөз емес. Ондай құрбандық нәпіл құрбан үкіміне жатады», - делінген басқарманың мәліметінде.
Құрбанға қандай мал шалынуы тиіс?
- бес жасар түйені 7 адам бірігіп немесе бір адам шала алады.
- екі жасар сиыр малын 7 адам бірігіп немесе 1 адам шалуына болады.
- бір жасар қойды 1 адам шалады.
«Құрбан малын ниетті адамның өзі шалса, сауабы әлдеқайда көп деп саналады. Алайда, басқа адамға өкілдік беруге де болады. Ол үшін телефон арқылы немесе хат-хабар арқылы шараны біреуге нақты уақытын айтып тапсыру қажет. Өкілдікті қабылдаған адам құрбандық шартын ниетті адамның айтуы бойынша атқарады», - дейді дін өкілдері.
Құрбан шалу тәртібі қандай?
- пышақ малдың көзінің алдында қайралмауы керек;
- малды сол жамбасына жығып, кеудесімен құбылаға қарату қажет;
- құрбан шалуға ниет ету (өз атынан немесе өзгенің атынан);
- бауыздар алдында «Бисмиллә, Аллаһу әкбар!» деп айту;
- малдың өңешін, кеңірдекті және мойынның екі жағындағы тамырды бір мезетте кесу;
- малдың қаны толық ағып, жаны шыққанша күту қажет. Құрбандыққа қандай мал шалынбайды?
- малдың бір немесе екі көзі бірдей соқыр болса; - құрбан шалу орнына өз бетімен жете алмайтындай ақсақ болса;
- тістерінің көбі жоқ болса;
- мүйіздері сынған немесе бір сыңары түбіне дейін жоқ болса;
- бір немесе екі мүйізі түбіне дейін кесілген болса;
- құйрығының жартысы немесе одан көп бөлігі жоқ болса;
- мал тым әлсіреген күйде болса;
- туғаннан құлағы немесе құйырығы болмаса;
- лас қалдықпен тамақтанып жүрген мал жарамсыз.
Қандай кемшілігі бар мал құрбандыққа жарамды?
- көруі нашар;
- бір аяғы ақсақ болса да, жүре алатын болса;
- мүйізінің бөлшегі сынық болса немесе туғаннан тоқал болса;
- санаулы тісі жоқ болса;
- құйрығының немесе құлағының кішкене бөлігі жоқ болса;
- құлағы тесілген болса;
- қышыма;
- пішілген болса құрбандыққа шалуға болады.
Құрбанға шалынған малдың етін қалай үлестіру қажет?
- еттің 3/1 бөлігін өзінің отбасына, бала-шағасына;
- 3/1 бөлігі туған-туыстары мен көршілеріне;
- 3/1 бөлігін кедей және мұқтаж жандарға үлестіру абзал.
Дін мамандары құрбанға шалынған малдың терісі қасапшыға қызмет ақысы ретінде берілмейтінін ескертеді. Оны сатып, ақшасын садақа ету қажет. Құрбан шалудың тыйымдары қандай? - шалынған малдың терісі мен қалған еті, басы мен басқа да бөлшектері сатылмауы тиіс; - малдың көзінше пышақ қайрауға болмайды; - соятын малға қатыгездік танытуға болмайды; - өтпейтін пышақпен бауыздауға тыйым салынады. Еске салайық, биыл Құрбан айт мерекесі 11 тамыз – жексенбі күні басталады. Бұған дейін елорда әкімдігі құрбандық шалуға болатын орындарды белгілегенін жазған болатынбыз.
inform.kz