» » ​Жеті шелпек туралы құпияны білесіз бе?

​Жеті шелпек туралы құпияны білесіз бе?

Бүгін де «Апа, апатай» деп оянған Айсәуленің жағдайы бәрімізді алаңдата бастады. 4 күннен бері жылап оянатынды шығарды. Алғашында балалармен күндізгі тартысы түсіне кіретін болар, шошынып қалған шығар деп мән бермедік. Жұбанған соң ашылып ештеме де айтпайды.
 Осы мәселемен дәрігерден де кеңес сұрадым, қажетті ем-домын қабылдадық. Ауладағы достарымен де қарым-қатынасы жақсы. Олармен тату-тәтті ойнайды. Отбасылық жағдайымызда да ешқандай келеңсіздік жоқ. Алайда түнгі ұйқыдан шошынып, жылап оянатыны ойландырады.
 Болып жатқан жайларға не істерімді білмей терең ойға шомып отырғанда, көрші Сырғаш апай жаныма келді. Ол да менің 3-4 күннен бері көңілімнің алай-дүлей болып жүргенін байқап, себебін сұрады. Көргені мен білгені менен көп қой деп қызымның жағдайын жайып салдым. Әңгімемді үзбей, соңына дейін тыңдаған көршім:
 «Ееее, енең марқұм Айсәуле немересін өте жақсы көруші еді. Аулада ойнап жүріп құлап қалса, ауырып отырған аяғына қарамай сүрініп, қабынып немересіне жететін. Айсәуле де апасына ерекше бауыр басты емес пе?! Жарықтық, өмірінің азайып бара жатқанын сезді ме, кім білсін соңғы кездері Айсәуленің жағдайына көп алаңдайтын. Қызының мектепке барғанын көруді армандайтын. «Қолынан ұстап жетектеп мектепке апарсам, өліп кетсем де арманым жоқ» дейтін. Ауруының дендеп бара жатқанын біліп, өмірді қимай кетті ғой. Сүйікті немересін алыстан көріп, сағынышын басып жүрген болар. Түсінде апасын көрген соң жете алмай, жылап оянып жүрген шығар. Мұндайды соқыр сенім деп қабылдайтындарыңды білемін.
 Бұрынғылар түсінде шошып оянса, түн баласы ұйықтамай мазаланса, ештеңеге көнбей жыласа, молда-имамдарға апарып, дұға-сүрелерді оқытып белгісіз ауруларынан айықтырып алатын. Ал қазіргі жастар басы ауыра қалса да, дәрігерге жүгіріп барып, үйіп-төгіп дәрі әкелесіңдер. Оны балаларға беріп, кішкентай ғана ағзасын улайсыңдар. Менің ақылымды алсаң, мешіттегі молдаға апарып дем салдыр. Түкіртіп жіберудің еш зияны жоқ. Бұл мұсылманшылықта бар дүние. Осыдан соң да нәтиже шықпаса, қалаған дәрігеріңе барып ем қабылдауыңа болады, деді.
 Сырғаш апайдың айтқандарын жолдасыма айтып, сол күні-ақ қызымызды көрші ауданда тұратын дем салатын апайға алып бардық. Оның көріпкелдігі де бар екен. Алдына кірген біздерді көрді де, «еһ, балалар, құран дәметіп, үйлеріңді әруақ жағалап жүр. Қайтыс болғандарға құран бағыштау сіздердің парыздарыңыз болмақ. Мұны ескермесеңіздер отбасыларыңызда жағымсыз жағдайлар орын алады. Әр бейсенбі қазақтың салты бойынша жеті шелпек пісіріңіз. Марқұмдардың әруағына бағыштап құран оқып, көршілеріңізге таратып жіберіңіз. Бұл жаратушыға серік қосу емес, керісінше сауаптың бір түрі болмақ. Осыған байланысты мына аңызды баяндап берейін, деді емші апамыз.
«Баяғыда бір жолаушы келе жатып, сандық тауып алады. Ашып қараса, алтын тас жатыр екен. «Құдайым жоқ жерден берді ғой» деп шаттанған бейбақ алтынға қолын соза бергенде, алтын тас үлкен жыланға айналып, өзіне тап береді. – Ей, бейшара не тапсаң да, өз сорыңнан көр. Сандықта жатып мың жыл бойына: «Біреу мені босатса, алтынмен аптап, күміспен қаптаймын» – деп тіледім. Ешкім құтқармады. Бүгін: «Кім де кім құтқаратын болса, соны жұтамын» – деп серт бердім. Сен кезіктің. Енді сертімді орындаймын, – дейді. Жолаушы шыр-пыр болып жалынса да, жылан көнбейді. Кенет оның көзі отыз жолаушыны шалады. Қуанған жолаушы олардан араша сұрайды. Олар жыланнан қорқып:
– Бұл жылан алып екен. Бұған шамамыз жетпес, – деп кетіп қалады. Жылан жақындай түседі. Бейбақ:
– Өлген жерім осы болды ғой, – дей бергенде, тағы да бес кісінің сұлбасы көрінеді. Жолаушы құтқар деп жалынады.
– Отыздың шамасы жетпегенде, бізден не күтесің? – деп, олар да кетіп қалады. Жылан төне түседі. Бейбақ иманын үйіреді. Сол кезде бір аласа бойлы адам келе қалады.
– Ей, жылан, мына бейбақтың не жазығы бар? – деп сұрайды. Жылан мән-жайды баяндап:
– Отыздан қайыр, бес жаннан пайда болмағанда, сен не істей аласың? Жолыңнан қалма, – дейді. Аласа адам:
– Ей, жылан, жазықсыз жанға жала жаппа. Өтірігіңе сенбеймін. Айтқаның рас болса, мына денеңмен кішкене сандыққа қалай сыйдың? Көз көрмей, көңіл сенбейді, – дейді. Жылан бұлқан-талқан ашуланып:
– Сандықтан қалай шықсам, солай сыйып та кетемін, – дейді де, түтінге айналып, жоғары көтеріліп, сандыққа кіріп кетеді. Аласа адам сандықты тарс жауып:
– Жыланнан құтылдың. Енді жолыңнан қалма, – дейді. Жолаушы қуанып:
– Айлаңды асырдың, батыр. Қарыздармын. Жөніңді айт, кімсің? – дейді.
– Бұл жылан – орынсыз айтқан өз сөзің. Он пәленің тоғызы – тілден. Орынсыз сөз иесін қабады. Ақылды адам тілін буады. Отыз кісі ұстамаған оразаң, бес кісі қаза қылған бес уақыт намазың. Құлшылыққа салғырт қарадың. Олардан қайран болмады. Бірақ сен жұма сайын жеті шелпек пісіріп, кедей-кепшіктерге садақа бердің. Мен – өзің пісіріп таратқан шелпекпін. Сені құтқаруға Құдай жіберді, – депті. Міне, жеті шелпектің өз отбасыңызға да, өткендерге де тигізетін шарапатын көрдіңіз бе? деді.
 Мұны естіген соң әр бейсенбі шелпек таратып, құран оқуды дәстүрге айналдырдық. Апаның салған демінен кейін қызымыздың да ұйқысы тынышталып, жылап оянатын әдетін қойды.
31 мамыр 2019 ж. 1 145 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 211

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 149

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 320

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930