АДАМ АҒЗАСЫНДАҒЫ ЕҢ ҮЛКЕН ЖҰМБАҚ: МИЫМЫЗ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Адамзат ғасырлар бойы ғарыштың шексіз кеңістігін зерттеп, мұхиттың ең терең нүктелеріне дейін жетті. Алайда ғылым әлі күнге дейін толық тани алмай келе жатқан бір әлем бар. Ол – біздің өз миымыз. Күн сайын мыңдаған шешім қабылдап, миллиардтаған ақпаратты өңдейтін бұл ерекше мүшенің әлі де сансыз құпиясын білмейміз.
Ми – адам ағзасындағы ең күрделі жүйе. Ол біздің ойлауымызды, есте сақтауымызды, сөйлеуімізді, эмоцияларымызды, қимыл-қозғалысымызды, тіпті мінезімізді басқарады. Ғалымдардың есебінше, адамның миында шамамен 86 миллиард нейрон болады. Әр нейрон мыңдаған басқа нейронмен байланыс орнатып, жүздеген триллион жүйке желісін қалыптастырады. Осындай орасан күрделі құрылымның арқасында біз ойлап, үйреніп, армандап, жаңа дүниелерді есте сақтай аламыз. Кейде адам миын әлемдегі ең қуатты суперкомпьютермен салыстырады. Бірақ қазіргі технология қаншалықты дамығанымен, адамның миы ақпаратты өңдеу жылдамдығы, бейімделу қабілеті және энергияны тиімді пайдалану жағынан әлі де теңдессіз.
Қызықты факт – ми ауырмайды – Көпшілік басы ауырғанда «миым ауырып тұр» деп ойлайды. Шын мәнінде, ми тінінің өзінде ауырсынуды сезетін рецепторлар болмайды. Сондықтан мидың өзі ауырмайды. Бас ауруы ми қабықтарынан, қан тамырларынан, жүйкелерден немесе бас сүйегін қоршаған бұлшықеттерден пайда болады. Осы ерекшеліктің арқасында нейрохирургтер кейбір операцияларды науқастың есі анық күйінде жасай алады. Ота барысында дәрігерлер науқаспен сөйлесіп, оның сөйлеу немесе қозғалыс орталықтарының дұрыс жұмысын бірден тексеріп отырады. Бұл – қазіргі медицинаның ең таңғаларлық жетістігінің бірі.
Біз ұйықтағанда денеміз тыныққанымен, ми жұмысын тоқтатпайды. Керісінше, ұйқының кей кезеңдерінде оның белсенділігі күндізгі уақыттан да жоғары болады. Ұйқы кезінде ми күні бойы жиналған ақпаратты сұрыптап, маңыздысын ұзақ мерзімді жадыға сақтайды. Сонымен қатар эмоцияларды реттеп, жүйке жүйесін қалпына келтіреді және ағзадағы көптеген қызметті бақылауын жалғастырады. Дәрігерлер сапалы ұйқыны мидың табиғи қорғаныс механизмі деп есептейді. Ұйқы жетіспесе, адамның зейіні төмендеп, есте сақтау қабілеті әлсірейді, жаңа ақпаратты қабылдау қиындайды. Сондықтан жақсы ұйқы – өнімді ойлаудың басты шарттарының бірі.
Естеліктер мида қалай сақталады?
Алғашқы ұстазымыздың жүзі, мектептегі алғашқы қоңырау, балалық шақтағы үйдің иісі немесе жақын адамның дауысы... Осындай естеліктердің жылдар өтсе де ұмытылмай сақталуы таңғалдырады.
Бұрын ғалымдар әрбір естелік мидың белгілі бір бөлігінде ғана орналасады деп есептеген. Қазіргі нейроғылым бұл пікірдің толық дұрыс емес екенін көрсетті. Естеліктер мидың бір ғана аймағында емес, көптеген нейрондардың өзара байланысы арқылы сақталады. Жаңа ақпарат алған сайын нейрондар арасында жаңа байланыстар түзіледі. Қайталау арқылы бұл байланыстар күшейеді, ал пайдаланылмай қалғандары біртіндеп әлсірейді. Сондықтан жиі қайталанған мәлімет есте ұзақ сақталса, қолданылмаған ақпарат уақыт өте ұмытылады.
Тағы бір қызық жайт – біз өткен оқиғаны еске алған сайын оны дәл бұрынғы күйінде қабылдамаймыз. Ми сол естелікті қайта құрастырып, кейде жаңа әсерлермен толықтырады. Сондықтан бір оқиғаны көрген бірнеше адамның оны әртүрлі еске алуы қалыпты жағдай.
Түс көру – адамзаттың ғасырлар бойы қызығушылығын тудырып келе жатқан құбылыс. Ежелгі халықтар түсті тылсым күштердің белгісі деп түсіндірсе, қазіргі ғылым оны мидың қалыпты қызметінің бір бөлігі деп қарастырады. Ұйқы кезеңінде ми ерекше белсенді жұмыс істейді. Осы уақытта күндізгі әсерлерді саралап, эмоцияларды реттеп, маңызды ақпаратты есте сақтауға тырысады. Соның нәтижесінде біз кейде өмірде болған оқиғаларды, кейде мүлде қисынсыз көріністерді түсімізде көреміз.
Зерттеулерге сәйкес, адам өмірінің шамамен алты жылын түс көруге жұмсайды. Алайда оянғаннан кейін бес минут ішінде түстің жартысынан көбін ұмытып қаламыз. Бұл – мидың қажетсіз ақпаратты сұрыптап, тек маңыздысын сақтап қалатын табиғи қасиетінің көрінісі.
Мидың ең ерекше қабілеті – өзгере білу
Бұрын адам есейгеннен кейін ми дамуын тоқтатады деген пікір болған. Қазіргі ғылым бұл түсінікті жоққа шығарды. Ми өмір бойы өзгеріп, жаңа байланыстар түзе алады. Бұл қасиет нейропластикалық қабілет деп аталады.
Адам жаңа тіл үйренгенде, кітап оқығанда, музыкалық аспапта ойнағанда немесе жаңа кәсіп меңгергенде мида жаңа нейрондық байланыстар түзіледі. Демек, ми – өзгермейтін мүше емес. Ол біздің өмір салтымызға, алған білімімізге және күнделікті әдеттерімізге қарай үнемі дамып отырады.
Сондықтан мидың мүмкіндігі туғаннан берілген қабілетпен ғана шектелмейді. Оны үздіксіз ізденіс, оқу және жаңа тәжірибе арқылы дамытуға болады. Бұл – адам миының ең ғажайып ерекшеліктерінің бірі.
Ми неге денедегі энергияның бестен бірін пайдаланады?
Адам миының салмағы небәрі 1,3-1,4 келі, яғни дене салмағының шамамен 2 пайызы ғана. Соған қарамастан, ол ағзадағы энергияның 20 пайызын, ал оттегінің де шамамен бестен бір бөлігін пайдаланады. Мұның себебі – мидың бір сәтке де тоқтамай жұмыс істеуінде.
Біз сөйлесіп отырсақ та, кітап оқысақ та, көлік жүргізсек те немесе ұйықтап жатсақ та ми миллиардтаған жүйке жасушалары арқылы үздіксіз ақпарат алмасады. Әр секунд сайын онда миллиондаған жүйке импульсі өңделеді. Сондықтан дұрыс тамақтану, таза ауада серуендеу және жеткілікті ұйқы мидың өнімді жұмыс істеуі үшін аса маңызды.
Ғалымдар миды көбіне адам ағзасының «энергия станциясы» деп атайды. Өйткені денедегі ең көп энергияны дәл осы мүше тұтынады.
Неліктен кейде бір сөзді ұмытып қаламыз?
Көпшіліктің басынан өткен қызық жағдай бар. Бір адамның аты немесе күнделікті қолданатын қарапайым сөз ойымыздың ұшында тұрғандай болады. Бірақ қанша тырыссақ та, дәл сол сәтте есімізге түспейді. Арада бірнеше минут өткенде немесе басқа іспен айналысып жүргенде әлгі сөз өздігінен ойымызға келеді.
Психологияда бұл құбылыс «тіл ұшындағы феномен» деп аталады. Мұндай кезде ақпарат жоғалып кетпейді. Тек ми оған апаратын нейрондық байланысты уақытша таба алмай қалады. Сондықтан мамандар мұндай жағдайда өзіңізді қинамай, аздап үзіліс жасап, ойды басқа нәрсеге бөлген дұрыс екенін айтады. Көп жағдайда қажетті ақпарат біраз уақыттан кейін өздігінен еске түседі.
Бір қызығы, бұл құбылыс есте сақтау қабілетінің әлсірегенін білдірмейді. Керісінше, мида ақпараттың сақталғанын, тек оған жету жолының уақытша бөгелгенін көрсетеді.
Музыка миға қалай әсер етеді?
Музыка – көңіл көтерудің ғана емес, ми қызметін белсендіретін ерекше өнер. Әуен тыңдаған кезде мидың бір ғана емес, бірнеше аймағы қатар жұмыс істейді. Олар дыбысты қабылдап қана қоймай, ырғақты сезінеді, эмоцияны өңдейді және өткен естеліктерді қайта жаңғыртады.
Зерттеулер музыканың күйзеліс гормоны – кортизолдың деңгейін төмендетіп, көңіл күйді жақсартатынын көрсетеді. Ал музыкалық аспапта ойнайтын адамдардың есте сақтау қабілеті, зейіні мен ойлау жылдамдығы жоғары болатыны анықталған.
Тағы бір таңғаларлық дерек – кейбір есте сақтау қабілеті бұзылған адамдар жақындарын ұмытып қалса да, жастық шағында тыңдаған әндерін бірден танып, бірге айта алады. Себебі музыкаға жауап беретін ми бөліктері ұзақ уақыт бойы белсенді күйде сақталады. Сондықтан қазіргі медицинада музыка инсульттен кейінгі оңалту және кейбір неврологиялық ауруларды емдеуге көмекші әдіс ретінде қолданылып жүр.
Смартфон есте сақтау қабілетіне әсер ете ме?
Бүгінде смартфон адамның ажырамас серігіне айналды. Біз байланыс нөмірлерін де, маңызды күндерді де, қажетті ақпараттың бәрін телефонға сеніп тапсырамыз. Осыған байланысты ғылымда «цифрлық есте сақтау» деген ұғым қалыптасты.
Қазіргі адам ақпараттың өзін жаттап алудан гөрі, оны қайдан табуға болатынын есте сақтайды. Мысалы, бұрын адамдар ондаған телефон нөмірін жатқа білетін. Қазір олардың көпшілігі жақындарының нөмірін де есінде сақтамайды, өйткені барлық мәлімет смартфонда тұр.
Бұл мидың әлсірегенін білдірмейді. Керісінше, ол ақпаратты сақтау тәсілін өзгерткенін көрсетеді. Дегенмен мамандар әлеуметтік желіде ұзақ уақыт отырудың зейіннің шашырауына әсер етуі мүмкін екенін айтады. Үздіксіз келетін хабарламалар мен қысқа бейнероликтер миды үнемі жаңа ақпарат күтуге үйретеді. Соның салдарынан бір іске ұзақ уақыт назар аудару қиындай түседі.
Сондықтан күн ішінде телефоннан аз уақытқа болса да үзіліс жасап, кітап оқу, серуендеу немесе жақын адамдармен бетпе-бет әңгімелесу ми үшін пайдалы жаттығу саналады.
Миды ұзақ жылдар бойы сергек ұстаудың қарапайым жолдары – ең алдымен, үнемі жаңа нәрсе үйрену қажет. Шет тілін меңгеру, кітап оқу, шахмат ойнау немесе жаңа кәсіп игеру мида жаңа нейрондық байланыстардың түзілуіне ықпал етеді.
Екіншіден, тұрақты дене белсенділігі маңызды. Жаяу жүру, жүгіру немесе қарапайым жаттығулар миға оттегінің жеткізілуін жақсартып, есте сақтау қабілетін қолдайды.
Үшіншіден, сапалы ұйқы – мидың ең сенімді демалысы. Ұйқы кезінде ол өзін «тазартып», күндіз жиналған ақпаратты реттейді.
Сонымен қатар дұрыс тамақтану да ерекше рөл атқарады. Балық, жаңғақ, көкөніс, жеміс-жидек және тұтас дәнді дақылдар мидың қалыпты жұмысына қажетті пайдалы заттарға бай.
Ең маңыздысы – адамдармен қарым-қатынасты үзбеу. Ғылыми зерттеулер белсенді әлеуметтік өмір сүретін адамдардың есте сақтау қабілеті ұзақ сақталатынын көрсетеді. Әңгімелесу, пікір алмасу, жаңа әсер алу – мұның бәрі ми үшін ең тиімді жаттығулардың бірі.
Біз миымыздың қанша пайызын пайдаланамыз?
Көпшілік арасында «адам миының тек 10 пайызын ғана пайдаланады» деген пікір жиі айтылады. Алайда бұл – ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген. Тіпті миф десек те болады. Заманауи зерттеулер көрсеткендей, біз миымыздың барлық бөлігін пайдаланамыз. Әрине, олардың барлығы бір уақытта емес. Әр аймақ белгілі бір қызметке жауап береді және қажеттілігіне қарай іске қосылады. Сондықтан адамның мүмкіндігін шектейтін нәрсе – миының аз бөлігін қолдануы емес, оны дамытуға деген ынтасының жеткіліксіздігі.
Ғалымдар әлі күнге дейін ғарыштың да, мұхиттың да көптеген құпиясын зерттеп келеді. Бірақ адамзат үшін ең үлкен жұмбақтың бірі өз басымыздың ішінде орналасқан. Әрбір ойымыздың, арманымыздың, естелігіміздің және қабылдаған әрбір шешіміміздің бастауы. Ол ешқашан тоқтамайды, үздіксіз үйренеді, өзгеріп, жаңа жағдайға бейімделеді. Біз оның мүмкіндігінің аз ғана бөлігін сезінгенімізбен, ми күн сайын көзге көрінбейтін миллиардтаған күрделі жұмысты атқарады. Сондықтан миға күтім жасау – денсаулықты сақтаудың ғана емес, өмір сапасын арттырудың да ең тиімді жолы. Кітап оқу, жаңа білім игеру, сапалы ұйқы, белсенді өмір салты және үздіксіз ізденіс – мұның бәрі миға жасалған ең үлкен қамқорлық. Өйткені адамды өзгелерден ерекшелендіретін күш – оның бұлшықетінде емес, ойлай алатын, үйрене алатын және армандай алатын миында жатыр.
Бауыржан ЖҮНІС















