САРКОМА ҚАУІПТІ ДЕРТ
Саркома – сирек кездесетін, бірақ қауіпті ауру. Сүйек пен жұмсақ тіндерден (бұлшықет, май тіні, сіңір, қан тамырлары және дәнекер тіндер) дамитын қатерлі ісіктің сирек кездесетін түрі. Ауру кез келген жаста пайда болуы мүмкін, сондықтан оның алғашқы белгілерін дер кезінде байқап, уақытылы дәрігерге қаралу өте маңызды.
Оның даму қаупін арттыратын факторларға тұқым қуалайтын кейбір генетикалық аурулар, иондаушы сәуленің әсері, кейбір химиялық заттармен ұзақ уақыт байланыста болу және бұрын сәулелік ем қабылдау жатады. Алайда көптеген жағдайда аурудың нақты себебі анықталмайды.
Қандай белгілерге назар аудару қажет?
– Дененің кез келген жерінде көлемі ұлғайып келе жатқан түйіннің немесе ісіктің пайда болуы;
– Сүйектегі ұзақ уақыт басылмайтын ауырсыну, әсіресе түнгі уақытта күшеюі;
– Себепсіз ісіну; – Қол-аяқ қозғалысының шектелуі;
– Жеңіл жарақаттан кейін сүйектің сынуы.
Осындай белгілер байқалған жағдайда өздігінен емделмей, міндетті түрде дәрігердің кеңесіне жүгінген жөн.
Алдын алу жолдары:
– Салауатты өмір салтын ұстану;
– Темекі шегуден бас тарту;
– Зиянды өндірістік және химиялық факторлардан қорғану;
– Дәрігердің профилактикалық тексерулерінен уақытылы өту;
– Денеде пайда болған кез келген ісікті немесе ұзақ уақыт сақталатын ауырсынуды елемей қалдырмау.
Есте сақтаңыз! Ерте диагностика – тиімді емнің басты кепілі. Ауруды бастапқы сатысында анықтау емдеу нәтижесін айтарлықтай жақсартады және науқастың өмір сүру сапасын арттырады.
Байқоңыр қаласы көпбейінді ауруханасы тұрғындарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуге және күмәнді белгілер байқалған жағдайда дәрігерге қаралуға шақырады. Денсаулық – ең басты байлық!
Байқоңыр қаласы көпбейінді ауруханасы
















