Топ-баннер
» » СЕРГЕКТІК СЫРЫ

СЕРГЕКТІК СЫРЫ

Зерттеулер көрсеткендей, таңертең аш қарынға жасалатын жеңіл жаттығу ағзаны сергітіп, бойға қуат сыйлайды әрі адамның төзімділігін арттырады. Сонымен бірге бұл әдет артық салмақтан арылуға да айтарлықтай ықпал етеді. Алайда көпшілігіміз үшін таңды қозғалыспен бастау күн тәртібіне енбей келеді.
Ояна сала теледидарды қосып, не ұялы телефонға үңіліп, ақпарат тасқынына еріп кетеміз. Ал нәзікжандылар қауымы таңғы ас қамын жасап, бала-шағаны балабақша мен мектепке әзірлеуге асығады. Осы қарбаласта таңғы жаттығу кейінге ысырылып, тіпті естен шығып жатады. Сол арқылы біз жан мен тәнге тәулік бойына жететін аса қажетті күш-қуат көзін өз қолымызбен шектеп жатқанымызды көбіне аңғара бермейміз.
Әсілі әр таң бізге берілетін жаңа мүмкіндік. Күнді қалай бастасақ, сол көңіл күй мен сол қуат кешке дейін серік болады. Осы тұрғыдан алғанда таңғы жаттығудың адам ағзасына тигізер пайдасы ұшан-теңіз.
Таңғы жаттығу ең алдымен ағзаны ұйқы күйінен сергітіп, қан айналымын жақсартады. Түні бойы баяулаған жүрек соғысы мен бұлшықеттер қозғалыс арқылы қайта жанданып, денеге оттегі молырақ тарайды. Соның нәтижесінде адам өзін жеңіл, сергек әрі тың сезінеді.
Таңғы жаттығудың тағы бір артықшылығы – жүйке жүйесіне тигізер әсері. Қимыл-қозғалыс барысында ағзада «бақыт гормондары» деп аталатын эндорфиндер бөлінеді. Соның арқасында адамның көңіл күйі көтеріліп, ашушаңдық пен мазасыздық сейіледі. Таңын жаттығумен бастаған жан күні бойы сабырлы, байыпты, жұмысқа ынталы болады.
Жаттығудың тағы бір маңызды пайдасы – бұлшықеттер мен буындардың икемділігін арттыруы. Ұйқыдан кейін сіресіп қалған дене баяу қимыл арқылы жазылып, күнделікті жұмысқа дайындалады. Бұл әсіресе ұзақ уақыт отырып жұмыс істейтін адамдар үшін өте қажет. Таңғы қозғалыс омыртқаға түсетін салмақты азайтып, түрлі аурулардың алдын алады.
Сонымен қатар таңғы жаттығу зат алмасу процесін жеделдетеді. Таңертең қозғалған ағза калорияны тезірек жағып, артық салмақтың жиналуына жол бермейді. Үнемі жаттығу жасап жүрген адамда семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупі төмендейді.
Жаттығу тек денсаулыққа ғана емес, рухани күйге де оң әсер етіп, адамның көңіл күйі жақсарады. Күнін жаттығумен бастаған жан өзін сенімді сезініп, жұмысқа ынталы, ойы жинақы болады.
Таңертеңгі қозғалыстың тағы бір артықшылығы – төзімділікті арттыруы. Ғалымдар таңғы жаттығуды тұрақты әдетке айналдырған адамдардың күндізгі белсенділігі жоғары болып, шаршауға төзімді келетініне назар аударады. Мұндай адамдардың көңіл күйі де тұрақты, зейіні шоғырланған болады. Бұл – таңғы қимылдың тек денеге емес, санаға да әсер ететінінің дәлелі.
Сондай-ақ таңғы жаттығу адамды тәртіпке үйретеді. Ерте тұруға, уақытты бағалауға, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға баулиды. Бұл әдет әсіресе өскелең ұрпақ үшін аса маңызды. Баланы жастайынан қимыл-қозғалысқа үйрету – оның болашақта дені сау, жігерлі азамат болып қалыптасуына негіз қалайды.
Таңғы жаттығу көп уақытты талап етпейтін, бірақ пайдасы зор әдет. Күніне небәрі 10-15 минут бөлудің өзі ағзаны сергітіп, денсаулықты нығайтады. Денсаулық – баға жетпес байлық десек, сол байлықты сақтаудың ең қарапайым жолы – таңды қозғалыспен бастау.
Ақнұр САҒЫНТАЙ

06 ақпан 2026 ж. 52 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№14 (10481)

21 ақпан 2026 ж.

№13 (10480)

17 ақпан 2026 ж.

№12 (10479)

14 ақпан 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 471
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 305

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728