ДЕНСАУЛЫҚ ДАСТАРҚАННАН БАСТАЛАДЫ
Адам өміріндегі ең үлкен байлық – денсаулық. Денсаулық болмаса, ешбір жетістік пен байлықтың қадірі болмайды. Сондықтан дені сау, белсенді әрі ұзақ өмір сүру үшін әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы қажет. Осы жолда дұрыс тамақтанудың маңызы ерекше. Халық арасында жиі айтылатын «Денсаулық – дастарқаннан басталады» деген сөз бекер айтылмаған. Себебі адамның күнделікті тұтынатын тағамы оның ағзасының күйіне, ой-санасына, еңбек қабілетіне тікелей әсер етеді.
Қазіргі таңда адамдардың өмір салты өзгеріп, уақыттың тапшылығына байланысты дайын әрі тез әзірленетін тағамдарға әуестік артты. Мұндай тағамдар уақыт үнемдегенімен, денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіреді. Сонымен қатар, тамақты белгілі бір уақытта және мөлшермен ішу де денсаулықтың маңызды кепілі. Таңғы ас – күні бойы сергек жүрудің негізі. Таңертеңгі асты ішпеген адам тез шаршап, зейіні төмендейді. Түскі ас құнарлы болуы керек, ал кешкі асты жеңіл тағамдармен шектеу дұрыс. Артық тамақтану ағзаға ауырлық түсіріп, түрлі аурулардың пайда болуына себеп болады. Сондықтан «аз-аздан, бірақ уақытында» тамақтану қағидасын ұстанған жөн.
Дастарқан мәдениеті де денсаулықпен тығыз байланысты. Асты асықпай, тыныш ортада ішкен дұрыс. Тамақты жақсылап шайнау ас қорыту жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне көмектеседі. Теледидар көріп немесе телефонға алаңдап отырып тамақ ішу зиянды әдеттердің бірі. Мұндай жағдайда адам қанша ас ішкенін байқамай, артық тамақтануға жол береді. Дәрігерлік зерттеулерге сүйенер болсақ, тағам өнімдерінен пайда болатын аурулар көп. Қоғамдағы жиі кездесетін түрлеріне ішек аурулары, асқазан, бауыр циррозы, бруцеллез, бүйрек аурулары, өт жолы қабынуы жатады. Ал аталған дерттерге шалдыққан адамдардың 82 процентінің ауыру себебі дұрыс тамақтанбаудан екен. Бұл дерттерді емдеу барысында барлығына табиғи әрі құнарлы өнім тұтыну деген дәрігерлік нұсқау берілген. Дерт түрлеріне нақтырақ тоқтала кетсек.
Тағамнан пайда болатын аурудың басым бөлігі – бауыр циррозы. Өкінішке орай, Қазақстан мен Ресей жерінде цирроздың жеке статистикасы жарияланбайды. Жалпы бауыр жетіспеушілігі статистикасы жылына 300 мың адам деген көрсеткіш көрсетеді. 300 мың науқастың 22 проценті бауыр циррозына шалдыққан. Осыдан-ақ ішер асымыздың бауырдың жұмысына қаншалықты әсері барын бағамдай беріңіз.
Әлемде ең көп таралған дерт, әрі көп еститініміз – гастрит. Ол – асқазанның созылмалы қабыну сырқаты. Бұл дерт көбіне мектепке дейін және мектеп жасында басталады. Статистикалық дерекке сүйенсек, әлемдегі халықтың 60 проценті осы дертке шалдыққан. Оның 37 проценті дұрыс тамақтанбау мен тағамнан уланудан болады екен. Аурудың басталу кезеңі тым ерте болғандықтан, өсіріп отырған ұлқыздарымыздың болашағын ойласақ, бала күннен талғаммен тамақтандырған жөн.
Тағамнан пайда болатын тағы бір гельминтоздық дерт – аскаридоз. Көпті қынжылтатын бұл дерттің шешімі болғанымен, дертке шалдыққандардың санының тым көп болуы ойландырмай қоймайды. Дұрыс тамақтанбаудан асқынатын аурулар қатарына – көздің көру жетіспеушілігі де жатады. Қазақстан халқының 38 проценті көз жетіспеушілігі бойынша тіркелген. Көзіміз мазаласа оны қолымыздан түспейтін ұялы телефонымыз бен жұмыс жасайтын компьютерден көретініміз анық. Алайда оның түпкі себебі тағам құрамындағы минералдық заттар мен дәрумендердің жоқтығы немесе химиялық заттармен алмастырылуынан екен. Ал біз атаған факторлар оның сыртқы себебі ғана.
Сондай-ақ соңғы уақытта елімізде аллергиямен ауыратын жандар жыл санап көбейіп келеді. Бұрын «аллергия» деген сөзді ғылыми термин ретінде білсек, қазір екінің бірінен «анаған аллергиям бар, мынау маған жақпайды» деген сөздерді жиі естиміз. Мамандар иммундық жүйенің әлсіреуінен пайда болатын бұл ауруға экологиялық ахуал мен тағам сапасы да айтарлықтай әсер ететінін алға тартады.
Түптеп келгенде, адам бойында кездесетін аурудың басым көпшілігі күнделікті тамақтан бастау алады. «Ауру – астан, дау – қарындастан» демейді ме? Қарап отырсақ, тұтынатын тағамды сатып аламыз. Сонда біз өзімізге өзіміз ауруды сатып алып жүрген жоқпыз ба? Ал қонаққа барғанда «Алдыңа ас қойдым, екі қолды бос қойдым» деген үй иесінің пейіліне, кеңпейіл көңіліне қарап, дастарқандағы дәмнен ауыз тиеміз. Сондайда алдыңа келген асты шамасынан асырмай, орнымен ғана дәм татқан жөн. Біз ауырғаннан кейін ғана дұрыс тамақтануды қолға алып жатамыз. Неге ауырмаудың жолын іздеп, алдын алмасқа?
Қорытындылай келе, денсаулық – адамның ең басты байлығы, ал сол байлықтың негізі күнделікті ас мәзірінде жатыр. Дұрыс әрі талғаммен таңдалған тағам, уақытылы және мөлшермен тамақтану, дастарқан мәдениетін сақтау – ұзақ әрі сапалы өмірдің кепілі. Сондықтан әр адам «Денсаулық дастарқаннан басталады» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдыруы тиіс.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА













