УАҚЫТТЫҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ
Адамзат баласының өмірінде кері қайтаруға болмайтын бағалы құндылық бар. Ол – уақыт. Көбі бұл қатарға денсаулықты да қосады, алайда дер кезінде қолға алсаң, денсаулықты жақсартуға, қалпына келтіруге болады. Алайда өткен уақытты қайта айналдырып әкелу мүмкін емес.
Халқымызда «Уақыт – қылыш секілді, сен оны пайдаланбасаң, ол сені кеседі» деген нақыл сөз қалыптасқан. Бұл уақытты дұрыс, пайдалы қолданбасаң, уақыт сені өз дегеніне көндіріп, жұмысың өнбей, нәтижеге жете алмайсың дегенді ұғындырады. Уақыт көзге көрінбейді, қолға ұсталмайды, бірақ ол – бүкіл өміріміздің өлшемі.
Ақын Әбдірахман Асылбек «Уақыт» атты өлеңінде:
«Жоғалған нәрсе табылар,
Ұмытқан еске алынар.
Бәрін де артқа ұзатып,
Оралмас кері уақыт.
Теріс те кейде жөнделер,
Орнына қайта дөңгелер.
Бәрін де артқа ұзатып,
Оралмас кері уақыт.
Жарыңмен кейде қағысып,
Кетерсің қайта табысып.
Бәрін де артқа ұзатып,
Оралмас кері уақыт.
Жаманның атын өшіріп,
Адалды алға көшіріп,
Ағарған таңмен бір атып,»
Зырлайды мәңгі уақыт, – деп жырлайды. Өлеңнен түсінетініміз – уақытты кері қайтару мүмкін емес. Ал басқа өмірлік жағдайларды өзгертуге, қайта қалпына келтіруге болады. Осыдан-ақ уақыттың шынайы бағасы айқындалады.
Уақытты дұрыс бағалай білу – тұтас қоғамның мәдени және рухани дамуының көрсеткіші. Әр адамның өмірі белгілі бір мерзіммен шектелген. Бұл – табиғаттың заңдылығы. Сондықтан уақытты тиімді пайдалану – өмірді мәнді өткізудің басты кепілі.
Уақыттың қадірін түсінген адам өз ісіне жауапкершілікпен қарайды, мақсатқа жетудің жолын табады, өмірдің әр сәтін бағалайды.
Қазіргі заманда ғылым мен технология қарыштап дамуда. Жаңа ақпарат күн сайын артып келеді. Егер уақытты тиімді пайдаланбасақ, сол білім мен мүмкіндіктерді игеріп үлгермей, артта қалу қаупі төніп тұр.
Әлемдік тәжірибеде табысты адамдардың барлығы – уақытты дұрыс жоспарлай білген тұлғалар. Мысалы, жапон халқы «исоку» (үнемділік пен тәртіп) қағидасын ұстанады. Олар уақытты үнемдеуді өмір салтына айналдырған. Ал біздің дәстүрімізде де уақыттың қадірін білуді үйрететін мақал-мәтелдер көп: «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық», «Уақыт оздырған өмірін қысқартады», «Сағаттың тілі тоқтаса да, өмірдің сағаты тоқтамайды». Уақытты басқарудың алғашқы қадамы – өмірлік және күнделікті мақсатты айқындау. «Не істегім келеді?», «Не үшін?» деген сұрақтарға жауап тапқан адам уақытын босқа өткізбеуге тырысады. Күнді, аптаны, айды алдын ала жоспарлау уақытты ұтымды пайдалануға жетелейді. Жоспарсыз өткен уақыт көбінесе босқа кетеді. Қарапайым күнделікті істерді де жазып отыру адамның тәртібін қалыптастырады. Біздің күнделікті жасап жүрген әр ісіміздің маңызы бірдей емес. Кейбір істерді кейінге қалдыруға болады, ал кейбірін уақытында орындамасаң салдары өкінуге апарады. Сондықтан уақытты ұйымдастыруда «маңызды» және «шұғыл» істерді ажырата білу қажет.
Уақыт – адамның ең үлкен байлығы, өмірдің өлшемі. Уақытты қадірлеуді өз өмірімізді қадірлеу деп түсінгеніміз жөн. Әрбір сағат, әр минут, әр секунд – қайтып келмейтін мүмкіндіктер. Сондықтан уақытымызды бос істерге емес, білімге, ізденіске, жақсылыққа және дамуға жұмсайық. Уақыт – өмір, ал өмір – аманат.
Лаура БАҚТЫБАЕВА













