» » Артық тұтыну – азайған құндылық

Артық тұтыну – азайған құндылық


Соңғы бірнеше онжылдықта халқымыздың тұрмыс-тіршілігі біршама өзгерісті бастан кешті. Атап айтсақ, материалдық өркениет, экономикалық құрылымдар адамдардан белгілі бір мінез-құлықты, ғұрыптарды қабылдауын, айнала қоршаған ортаға бейімделуін талап етеді, бұл біртіндеп әдетке айналады. Еліміз бойынша 2000-жылдардан бастап әлеуметтік-экономикалық ахуал жақсара бастады, елдің тұрмысы да көтерілді. Нарықтық қатынастар өмірімізге еркін еніп, сауда-саттық ұлғайды, азық-түлік түрлері көбейді, дастарқан молайды. Сонымен бірге, барды бағаламау, обал-сауапты ұмыту іспетті теріс құбылыстардың пайда болғаны да осы кез. Өйткені, кейбір кезде молшылық, қонақжайлылық пен ысыраптың қай жерден басталатынын білмей, олардың шекарасын аңғара алмай қалатынымыз да бар. Осы ретте ысырап тақырыбын түрлі тұстан саралап көрсек.

Ас – қоқыста, обалы кімге?

Дәл қазіргі уақытта ысыраптың ең үлкені – күнделікті қолданатын асымызда. Ал қонақ шақырсақ, шығаратын қоқысымыз да бірнеше еселеніп кетеді. Барды бар деу, әрине, керек. Бірақ, «сараң екен» деп айтпасын деп қана шектен тыс қонақжайлылық таныту мақтанудың бір түрі әрі бұл ысырапқа жол беру екені рас. Ас та төк дастарқаннан артылып, қоқысқа тасталған астың обалы кімге?
Жаһандық статистика бойынша, жер бетінде өндірілген тағам түрлерінің күн сайын миллиондаған тоннасы далаға тасталады. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылығы жөніндегі Ұйымының баяндамасында АҚШ-та тағам өнімдерінің 40%-ға жуығы қоқысқа тасталатыны, Еуропада жыл сайын 100 млн тонна азық-түлік өнімдері лақтырылатыны келтірілген. Егер, бүкіл дүниежүзіндегі далаға тасталған тағамдардың көлемін есептесе, ол Мексиканың территориясына жете-қабыл екен. Бұған табиғатқа келетін зиянды қосыңыз.
Осыншама азық-түліктің ысырап болу себептері әр елде әртүрлі. Бұған егістік басындағы, тасымалдау кезіндегі шығындар, ауа райының қолайсыздықтары, тіпті, жемқорлық та кіреді. Айталық, британдық зерттеушілердің мәліметі бойынша, бір ғана картоптың 46%-ы нарыққа жетпей жолда ысырап болады, оның ішінде 6%-ы егістікте, 12%-ы сұрыптау кезінде, 5%-ы дүкенде, 1%-ы сақтау кезінде, ал 22%-ы жуылғаннан кейін. Сонда, әрбір өндірілген өнімнің жартысына жуығы ысырап. Бұл шығынның бәрі дайын өнімнің өзіндік құнын одан әрі көтере түседі, яғни, тұтынушылардың қалтасына түсетін салмақ көбейеді.
Азық-түлік ысырабына тиісті сақтау орындарының, арнайы қоймалардың, тоңазытқыштардың болмауы, яғни, маркетингтік тәжірибенің төмендігі, егіс даласы мен нарық арасындағы тепе-теңдікті ескермеу, адамдардың немқұрайлылығы едәуір әсер етеді. Сондай-ақ қазір бүкіл әлем елдерінде ірі дүкендер желісі бар. Мұндай дүкендер көкөніс, жеміс-жидек өнімдерін өткізушілерден өнім қабылдаған кезде олардың белгілі бір көлемде, әдемі әрі біркелкі болғанын талап етеді. Мұндай әдеміліктен ада немесе стандартқа сай еместері қабылданбайды, тіпті аздаған дефектілері болса да қоқысқа кетеді. Дегенмен, соңғы кезде батыс елдеріндегі супермаркеттер қалыпқа (стандартқа) сай емес өнімдерді тастамаудың жолын іздей бастапты. Көптеген дүкендерде «тасталған тауарлар» деген арнайы көрсеткішті төмендету үшін оларды арзандатып сату, арнайы биозауыттарға өткізу, қайырымдылыққа беру іспетті үрдістер байқалады. Ал АҚШ-тың Нью-Йорк штатында тағам қалдықтарын қоқысқа тастауға тыйым салатын заң да шықты. Соңғы уақытта мұндай көріністер көбейіп келеді. Біздің елге де осындай заң керек-ақ.

Рухани ысырап

Ысырапшылдықтың тағы бір түрі – рухани ысырап. Бұл адамгершілік, адамшылық атаулыдан ажырау, құдайға құлшылықтың жөнін білмеуден байқалады. Өзінің іс-әрекетіне сын көзімен қарамай, теріс қылықтарға берілу. Яғни алдау, өтірік айту, қылмыс, уәдеде тұрмау, бір күндік пайдамен өмір сүру, тағы сол сияқты. Мұның бәрі жамандыққа үйірліктен туады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала отбасындағы тәрбиеге қарай қалыптасады. Адамның мәртебесін періштеден де ұлық етіп жаратқан артықшылығымызды ұмытып, имандылықпен өмір сүру мүмкіндігінен айырылу – ысыраптың зоры. Әсіресе, жасты да, жасамысты да шарпыған бір жаман әдет, бүгінгі күннің басты дерті – уақытты бос өткізу. Қазіргі көп тараған компьютерлік ойындар, мән-мағынасы жоқ фильмдер, таусылып болмайтын сериалдар көру, қанып болмайтын ұйқы, бос әңгіме айту, қылжақтау, әлеуметтік желілерде сағаттап отыру, мобильді телефон арқылы қажетті-қажетсіз ақпарат алмасу – осының бәрі әр адамның жеке ісі болғанымен де, өлшеп берілген өмірді баянсыз нәрселерге жұмсап, уақытты ысырап ету.
Сонымен қатар, көпшілік мән бере бермейтін жан ысырабы бар. Ол жаның қалаған нәрсенің бәрін істеу, қалт еткізбей орындау. Бұл теріс үрдіс өз тілектеріңе қайшы келмеуден басталады. Бүгінгі коучтардың сөзіне сеніп «өзімнен аямаймын» деп нәпсінің қалағанының бәрін орындау да үлкен ысырап. Бұған қазір заңды-заңсыз жыныстық еркіндіктер, азаматтық неке, зинақорлық және тағы басқа қосылды. Ажырасудың көбеюі, жауапкершіліктен қашқан ерлер, нәпсінің қалауымен жеңіл жүріске берілген қыз-келіншектердің ұстанымы – өмірдің қызығын көріп қалу. Бұлар өзіне аманат етіп берілген тәнді ысырап ету, ойыншыққа айналдыру екені даусыз.

Ұлттық болмыс және ысырап мәдениеті

Жалпы, ысырапшылдықтың жолын кесу оңай емес. Себебі, ысырап деген проблема бар деп мойындаудың өзі қиын болып тұр. Оны тұтынушылық меңдеген сананың аңғара қоюы екіталай. Дегенмен, осы тұста халқымыздың ғасырлық тәжірибесі мен қағидаларын зерделеу, мұқият пайдалану қажет. Бұрынғы ата-әжелеріміз дастарқандағы тағамды шашып-төкпей, тауысып жеуді, нан қоқымын жинап алып жеп қоюды үйрететін. Оның астарында үнемділікке, жанашырлыққа, бардың қадірін білуге тәрбиелеу жатыр. Тіпті, қалған тамақтың өзін аяқ астына тастамай, мал-жанға, құстарға беруі де өнеге. Мұндай әдеттер адамның жүрегін таза ұстауына, қайырымсыздықтан, тәкаппарлықтан сақтануына көмектеседі деп білген. Қазақтағы «қанағат», «ырыс», «береке» деген ұғымдардың шығу тегі осында. Әр нәрсені қадірлеп, күтіп ұстау, әдеппен ішіп-жеу дәулеттің одан әрі көбеюіне, ырысының артуына алып келеді. Отбасы тәрбиесі, таным мен тағылым, үлкендердің өнегесі мен үлгісі бекер емес.
         Шариғат шеңберіне үңілсек те, ислам діні әуел бастан ысырапшылдыққа қарсы. Исламдағы «исраф» ұғымы басы артық дүние-мүлікті, ақшаны игілікті іске жұмсаудың орнына, қалай болса солай шашып-төгуді білдіреді. Исраф жасау мұсылман үшін – күнә. Мұсылмандық түсінік бойынша исраф тек заттай, ақшалай дүниені шашу ғана емес, сонымен бірге оның рухани жағы да бар. Яғни, түрлі күнә жасау, өзіңе берілген уақытты бос өткізу деген тәрізді. Исраф жасаған адам «мусриф» атанады. Құран аяттарының бірінде ысырапшылдарды «ібілістің достары» деп атаған. Осы тектес зиянды әдеттерден сақтану үшін ислам діні әр адамның өзіне өзі есеп беріп отыруын қалайды. Сондай-ақ, өзің қиын жағдайда бола тұрып, садақа беруден де сақтандырады. Мұсылманшылық бойынша ысырапқа үлкен мән берілетініне мысалдар көп. Қасиетті хадистерде Мұхаммед (с.а.с.) серіктерінің бірі суды шашып-төгіп дәрет алып жатқанын байқаған пайғамбардың оған ескерту жасағаны туралы өсиет сөздер бар. Сонда пайғамбар «Теңіздің жағасында тұрып дәрет алсаң да суды ысырап етпеңдер» депті. Құранда «Жеңдер, ішіңдер, киіңдер, бірақ, ысырап етпеңдер, өйткені, Алла тағала ысырап етушілерді сүймейді» делінген. Пайғамбарымыз ескерткендей, табиғаттың осы бір теңдесі жоқ байлығын, тіршіліктің бір тірегін қадірлемей отырғанымыз рас. Су, оның ішінде тұщы су тапшылығы – жаңа дәуірдің аса өзекті мәселесі. Өткен ғасырмен салыстырғанда, қазір адамдар суды екі есе көп пайдаланатын болған. Дүниежүзі бойынша жылына 3,8 трлн кубометр су пайдаланылады, оның 550 млрд-ы босқа кетеді. Су ысырабы туралы дабыл қағылғалы көп болды. Алдағы уақытта судың бағасы тек өсе түсетіні болжануда.

Сән – әлеуметтік ауру

Ысырапшылдықтың тағы бір басты көзі – тұтынушылардың мінез-құлқы. Ол мінездің пайда болуы заман ағымымен тығыз  байланысты. Бүгінгі тұтынушылық қоғамда өмір сүретін адамдардың бір атауы – тұтынушылар. Біз азық-түлікті, заттарды, дүние-мүлікті, ақпаратты, білімді, интернетті және тағы басқаларын тұтынамыз. Бұл атау адам, азамат деген ұғымдардың синониміне айналды. Ысырап туралы сөз қозғағанда дәл осы «тұтынушылық қоғамның» жаман әдетіне келіп тірелеміз. Себебі, консюмеризм (тұтынушылық) дерті меңдеген қоғамда өмір сүріп отырған адам баласы бұрын-соңды болып көрмеген тойымсыздыққа, қанағатсыздыққа душар болды. «Мода» атты шет-шегі жоқ дүрмекке ілесіп, жапатармағай жаңа дүниеге ие болу үшін жанталасу қазіргі өмірдің бір сипаты. Нәпсінің соңында кетіп, тұтынушы болып қана ғана өмір сүріп жүргендер жеткілікті. Бұл – әлеуметтік ауру. Бұл бір жеке бір адамның мәселесі емес, бүкіл қоғамның проблемасы. Жаппай тұтынушылық мәдениеттің қанымызға сіңгені соншалық, еш қажетсіз, мұқтаждықсыз, пайдасыз, мақсатсыз зат сатып алуға көштік. Халықтың тұтынушылық қабілеті артты немесе сатып алған заттарының құны ай сайынғы табысынан асып түседі деген деректер елдің экономикалық жағдайының керемет көтерілгені емес, керісінше, несие алу есебінен пайда болған көрсеткіш. Қазір бір қазақтың басында бірнеше несие бар. Несиеге қызыққандар қарызға белшеден батып, ол қарызын бірнеше есе етіп қайтара алмай, тығырыққа батып жүр. Ысырапқа жұмсалған қаржы қарызға әкеп тіреуде.
Бүгінгі өмірімізге отбасылық бюджеттің шамасына қарамастан меншікке, артық мүлікке ие болуға ұмтылу, ырду-дырдуға шектен тыс құмарлық, даңғойлық, әуейілік, еліктегіштік, ысырапшыл тұтынушылық тән. Мұның бәрі жария сипатқа ие. Өзінің даралығын таба алмаған қоғам мүшесі үй, тұрмыс, экзотикалық әшекейлер, гаджеттер, киім-кешек, тағам арқылы елден ерекшеленгісі келеді. Бұл саналы түрде құрастырылған, жасанды артықшылық.
Маркетингтің басты құралы – күніне неше рет көз алдыңда көлбеңдеп, бейсаналық әсер ететін жарқ-жұрқ жарнама мен мода. Клиенттің немесе тұтынушының арманы – сәннен қалмау, үлгіге ұмтылу, ол үлгі үнемі құбылып отыратыны, ұстатпайтыны тағы бар . Сатып алу қабілеті жоғары болған сайын өзін бақыттырақ сезінетіндер зат сатып ала беруге тәуелділік – шопоголизм дертіне шалдыққанын байқамай да қалады.
Әлбетте, бұл өзің қалаған затты сатып алудың бәрі ысырапшылдыққа әкеп соғады дегенді білдірмейді, ең бастысы – ішкі тыйым, ұстаным, затқа тәуелділіктен еркін болу. Ысырап күнә екен деп, шектен тыс сараңдық танытуды, қарынбайшылықты, бала-шағаңның аузынан жырып, үнемдеуді насихаттап отырмағанымыз түсінікті. Адал жолмен табылған ақшаға жақсы киім кию, әдемі тұрмыс-тіршілік, таңсық тағамдарды жегенге не жетсін?. Тек мұнда тәкаппарлық, мақтану, өзін өзгелерден артық санаудың табы болмағаны абзал. Абай атамызға «Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек – дұрыс іс. Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ – кербездің ісі» дейді емес пе?
Түйін
Жиған-тергені бір немесе бірнеше атанға жүк болған ата-бабамыз ешқашан дүние-мүлікке бас ұрған емес, одан биік тұрды. Көшпелі ел өмірдің мәнін мәңгілік құндылықтардан іздеді. Ал, тұтынушылық, даңғойлық дертіне ұшыраған біздер ше? Бүгінгі қоғамды кейінгі ұрпақ қалай бағалар екен?Ысырап тек қаржыны ғана емес, сана мен құндылықты да «жейді». Сол себепті саналы тұтыну, қанағат пен ұқыптылық – әр адамның міндеті әрі жауапкершілігі болуы тиіс.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
26 тамыз 2025 ж. 50 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№64 (10432)

26 тамыз 2025 ж.

№63 (10431)

23 тамыз 2025 ж.

№62 (10430)

19 тамыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 275
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Жосалы жаңару жолында
26 тамыз 2025 ж. 346

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031