Бала көкжөтел жұқтырған кезде ата-ана нені ескеруі керек?
Көкжөтел көбіне балалар арасында жиі кездесетін ауа тамшысы арқылы жұғатын жұқпалы ауру. Ересек адамдар бұл ауруды сирек жұқтырады.
Ауру қоздырғышы қысқа таяқша тәрізді бактерия, ол баланың тынысалу органында өсіп-өніп, науқас бала жөтелгенде, сөлегенде, түшкіргенде немесе ортақ тұтынған заты арқылы сау балаға жұғады. Көкжөтел асқынған жағдайда пневмонияға ұласып, балаға ауа жетіспеу, ентігу, апноэ дамуына алып келуі мүмкін.
Аурудың инкубация кезеңі 7-10 күнге дейін созылады. Аурудың алғашқы белгісі дене қызуының 38,5-39 градусқа дейін көтерілуі, әлсіздік, тамаққа тәбетінің төмендеуімен сипатталады және ерекше ауру белгісі ол үздіксіз жөтелу болып табылады. Бала қатты жөтелгеннің әсерінен мұрынмен дем ала алмай, ұйқысы бұзылып, кейде кіші дәретін де ұстай алмай қалуыға дейін баруы мүмкін Дұрыс дем алмағандықтан ерні мен тырнақтары көгеріп кетеді.
Көкжөтел тынысалу жолының шырышты қабатын тітіркендіріп, токсин бөледі. Салдарынан бронх бұлшықеті тарылып, ұстамалы жөтел дамиды. Көкжөтел бір жасқа дейінгі бала үшін өте қауіпті. Сол себепті көкжөтелге қарсы екпені мүмкіндігінше ерте жасатқан дұрыс. Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес балаларға екпе егу бір мезгілде тиісінше 5-6 аурудан: дифтериядан, сіреспеден, көкжөтелден, полиомиелиттен, В типті гемофильді инфекциядан және В гепатитінен қорғайтын құрамында АбКДС бар бес және алты компонентті құрама вакциналарды қолдана отырып жүргізіледі. Көкжөтелден барынша қорғау үшін балаларға міндетті түрде 5 екпе алу қажет, оның ішінде 2,3,4 айында - 3 екпе, содан кейін бірінші ревакцинация бір жарым жаста, екінші ревакцинация 6 жаста жүргізіледі. Көкжөтелдің қандай да бір белгісі байқалса, міндетті түрде дәрігерлік көмекке жүгініп, өздігімен ем жүргізбеген абзал. Себебі антибиотик көкжөтел кезіндегі бұлшықетті құрыстыру кезеңін кысқарта алмайды. Ол мұрын мен жұтқыншақта пайда болатын қоздырғышты ғана жояды. Антибиотиктің өздігімен және ретсіз пайдаланудан аулақ болып, тек дәрігердің рұқсатымен ғана қолдан абзал.
Ауруды алдын алу үшін респираторлық инфекция және жөтел белгілері бар науқас адам болса, вакцинацияланбаған балаларды, қарым-қатынасты барынша азайту керек. Үй-жайларды жуғыш заттарды пайдаланып, күнделікті ылғалды тазалау және жиі желдету қажет.
А.Идрисова,
Қармақшы аудандық санитариялық - эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы