Бәрібір Аяз атаға сенемін...
Алдымызда барлық бала асыға күтетін Жаңа жыл мерекесі келе жатыр. Мен бұл мерекені тәтті естеліктерімен жақсы көремін. Жасым 10-да. Қаттыкішкентай да, тіпті үлкен де емеспін. Алайда бірнеше ұл мен қызға ағамын. Соған қарағанда шамалы үлкен адам сияқтымын. Солай бола тұра мен Аяз атаға сенемін. Мұның қалай дейтін шығарсыз?
2 жасымнан балабақшаға бардым. Барлығын қоссам биыл сегізінші рет балабақша мен мектепте жаңа жылды тойладық. Алғашында Аяз атадан қорқып жыладым. Сол кезде Қарша қыз мені жұбатты. Өзі сондай әдемі екен. Оны ұмытпаппын, иә. Кейіннен Аяз атаның бала бақшадағы басқа топтың апайы екенін білдім. Оны тобымдағы Айлин есімді қыз айтты. Қыздар аңғарымпаз, пысық болады, ә. Содан бері Аяз атадан қорықпаймын. Мектептегі шырша тойында жоғары сыныптың балалары мен дене шынықтырудан беретін мұғалімдер болады. Мен оларды аяқ киімі мен дауысынан танып қоямын. Бірақ балабақшадағы Айлин сияқты жанымдағыларға айтпаймын. Сенетіндей түр жасап, көңілді жүремін.
Айтпақшы жаңа жылда үйге келген қонақтың барлығы балаларға деп түрлі тәтті мен сыйлық әкеледі. Біз оны есіктің алдында тұрып күтіп аламыз. Кейбірі тақпақ сұрайды. Ондайда мектепте, балабақшада жаттаған тақпағымызды айта саламыз. Осылай еңбекпен алғанда, анашым бізге барлық тәттіні жеуге рұқсат етпейді. «Тістерің, іштерің ауырады», «Денсаулықтарыңа зиян» деп кейбірін алып қояды. Ондай затты зиян болса неге шығарады екен? Әлде анашым бізді ойлағаннан солай жасайды ма?
Ал үйде бауырларыммен бірге әліге дейін Аяз атаға хат жазамыз. Оны ата-анама алып, сыйлық дайындайтынын білемін. Жалпы Аяз атаның бұл өмірде жоқ екенінен де хабардармын. Бірақ оған сенемін. Себебі сыйлықтар сыйлайтын эмоцияның теңдесі жоқ. Өткенде сыныптастарыммен Аяз ата жөнінде таласып қалдық. Бірі – өмірде болған, қазір жоқ дейді, енді бірі – ойдан шығарылған кейіпкер дейді. Эх, кім білсін. Бірақ, мен бәрібір Аяз атаға сенемін.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ