Ұлу жылынан не күтеміз?
Тағы бір жыл тарих қойына өтпек. Қазақ халқы «Жылдың жаманы жоқ» дейді. Алайда халқымыздың әр жылға өзінше сипаттама беретін әдеті бар. Барлығымыз да келер жылдан жақсылыққа үміттіміз. Сонымен, келе жатқан Ұлу жылына қандай жорамалдар бар?
Шығыс жылнамасына сәйкес, 2024 жылдың иесі – Ұлу. Қоян жылынан кейін, жылан жылынан бұрын келеді. Араға бір мүшел уақыт салып оралғалы отыр. Жаңа ғасырда 2000 және 2012 жылдары төрімізге шығыпты. Қазақта «Ұлу жылы – үлгілі» деген сөз бар екен. Бұған баламалас «Ұлы жыл» немесе «Үлгілі жыл» дейтін қастерлі ұғым да ежелден-ақ қалыптасқан. Халық даналығында Жаңа жылға байланысты айтылатын ақ баталарда:
«Қоян жылы жұрттан жылу сұратпа,
Ұлу жылы ұл-қызымды жылатпа,
Жылқы жылы жеткізе гөр мұратқа», – деген лебіздер де кездеседі. Сондай-ақ ел арасында «Ұлу жылы көтерілмеген, он жылда да көтерілмейді» дейтін тәмсіл де бар. Осы дәйектерден-ақ алдымызда тосып тұрған жылды жақсылыққа жоруға, оған үкілі үмітпен қарауға негіз бар деуге әбден болатындай.
Ұлу жылы туғандар жыл бойы қауырт шаруамен жүретін көрінеді. «Ұлулар» негізінен еңбекқор, бірақ қанша жетістікке жетсе де өздеріне көңілдері толмайтын жандар. Алдағы жыл олардың кеңінен құлаш жайып, биіктерден көрінуіне жақсы мүмкіндік береді. Бастысы, жолындағы барлық қиындықты жеңіп, мақсаттары орындалады.
Бұл жылдың басты ерекшелігі – кібісе жылдарымен тура келетінінде. Терең тарихқа көз жіберсек, Ұлу жылы ел үшін мерекелі, жер үшін берекелі болғанын көреміз. Бұл жәндік суда тіршілік ететін болғандықтан, құрғақшылықтың беті ары қарайды, үнсіз, бейбіт өмірді сүйетін болғандықтан, тыныштық ала келеді делінеді. Демек, алдағы жыл ынтымақ пен молшылыққа толы болады деп болжам жасауымызға кедергі жоқ тәрізді.
Түркі жұртының нанымы бойынша, осы жылы ақылды да зерек, ойшыл, еңбекқор адамдар дүниеге келеді. Омар Хайям, Ницще, Максим Горький секілді әйгілілерді мысалға келтіріп, тізбектей беруге болады. Алдағы жылы да ұлтының бағына біткен аяулы перзенттер өмірге келсін деген тілек білдірейік.
Тағы бір айта кетерлігі, қазір қоғамда мұны «айдаһар жылы» деп шатасатын қауым көбейді. Тіпті сауда нүктелерінде жаңа жыл нышаны ретінде айдаһар бейнеленген тауарларды күн сайын көзіміз шалатын болды. Бұл – батыс және қытай дүниетанымындағы символ. Біз ата-бабамыздың наным-сеніміндегі жолмен шығыс күнтізбесіндегі Ұлуды қаңтардағы және наурыздағы жыл басында «босағадан аттатуымыз» керек. Аузынан жалын шашқан айдаһарды емес, кәдуілгі кінәсіз, нәзік тіршілік иесін жаңа жыл нышаны ретінде дәріптеуіміз керек секілді.
Ертеңіне әрдайым үмітпен қараған ұлттың ұрпағы ретінде келешектен игілік пен жақсылық қана күтейік. Ұлу жылы ырыс-құт пен тыныштықтың жылы болсын!
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА