» » Нумерология: ғылым ба, әлде бизнес пе?

Нумерология: ғылым ба, әлде бизнес пе?


Адамның тіршілігінің бәрі санға келіп тіреледі. Мәселен, ай мен жылды есептеу үшін санға қараймыз. Уақыт өлшемін білмек үшін сағат та бар. Темір тұлпарды тізгіндеген әрбір жан «жылдамдығын асырмауды» көздеп рөл астындағы сандарды бақылап отырады. Жасымызды да санмен өлшеп білеміз. Қарап отырсақ, біздің өмірімізде сандар өте көп. Сандардың қандай сыр бүгетінін зерттейтін нумерология деген ғылым бар. Соңғы уақытта осы ғылымды үйретушілер мен оған жүгінушілердің қатары артқан. Әлеуметтік желіні аша қалсақ, түрлі нумерологиялық курстар, «тағдыр саныңды айтып, жетістікке жетуіңе көмектесемін» деген кеңес берушілер көп. Үлкен ғылымды үйрететін курстың құнын бар болғаны 1000 теңгеге бағалағандар да бар. Осыған қарап, бұл нақты ғылым ба, әлде адамды алдап табыс табатын бизнес көзі ме деген ойға қаласың. Саралап көрсек.

САНДАР ТУРАЛЫ ҒЫЛЫМНЫҢ СЫРЫ НЕДЕ?

Тылсым күштерге қызығу – адам баласына тән дүние. Көбіне бұл арқылы тағдырдағы жазмышты біліп, болашақты үйрену немесе мінез-құлық ерекшелігін анықтау көзделеді. Нумерология – табиғат болмыстарына, адамдарға сандардың жағымды немесе жағымсыз ықпал ете алатыны жайындағы мистикалық наным және сандар туралы ежелгі ғылым. Дәлірек айтсақ, сандардың сіздің өміріңізге, мінезіңізге, тағдырыңызға, болашағыңыз бен айналадағы болып жатқан жайттарға әсері. Нумерология адамға қай бағытта жұмыс жасау керек екенін де анықтап бере алады. Тіпті, адамның қай спорт түріне бейім екенін, қандай музыканы ұнататынын, тағамға деген талғамын да даралайды. Сандар жеке тұрып бір бөлек, бірге тұрып басқа мағына береді.
Қазіргі таңда нумерологияның түр-түрі бар. Мысалы туған күн нумерологиясы, Пифагордың сандар философиясы, үнді нумерологиясы, денсаулық нумерологиясы деп тізбектеп кете беруге болады. Тіпті, есіміңіздің де сізден жасырған нумерологиялық сыры бар деседі. Негізінде сандар сиқыры қашан, қайдан басталды? Осыған үңіліп көрсек.
Жалпы сандар сиқыры көне антикалық дәуірден бері адам өмірінде маңызға ие болған. Ежелгі ғалымдар сандардың ерекше әрі таңғажайып қасиетке ие екенін зерттеп шыққан. Бұл үрдіс діни нанымдарда да көрініс тапты. Киелі жазбаларда болашақта болатын оқиғалар мен қилы тағдырлар жайын сандар құпиясымен жеткізген. Алғаш рет сандардың сиқырлы қасиетін ежелгі мысырлықтар, үндістер және халдейлер зерттепті. Антикалық иудейлердің «Жаратылыстың бастауы» кітабында «сандар мен әріптер арқылы әлем жаратылған» деген дерек те бар.
Грек ғалымы Форд мырза жастайынан математикаға әуес еді. Бірде ол Пифагордың сиқырлы шаршы кестесіне көзі түседі. Көне грек ойшылы «әлемді сандар билейді» деген екен. Математиктің айтуынша дүниедегінің барлығын есептеп шығуға әрі математикалық анықтама беруге болады екен. Тіпті оның сандарға деген қызығушылығы сандар (нумерология) ғылымның құрылуына себепші болады. Сандар қатарын, негізгі тоғыз сандарының құрамын, қалғандарын құрамдас екенін дәлелдеп шыққан да осы грек ғалымы. Ол тоғыз саннан тұратын ерекше сиқырлы шаршы құрап, сол сандардың ішіне әлемнің үйлесімділігін сыйғыза білген бірден-бір ғалым. Шаршы құрылымы өте қарапайым құрастырылған. Осылайша Форд мырза көне шаршының қызығына ене берді. Олардың ерекше сиқыры барына бірте-бірте оның көзі жете түсті. Ежелгі гректердің жазбаларында Пифагордың шаршы кестесін олар алтын, күміс, бидай басқа да қазыналары бар қоймаларға қазынасы одан бетер молайсын деген ниетпен іліп қояды деген деректер бар. Ал американдық Форд мырза Пифагордың сандар шаршы кестесін доллар банкнотына сызып алып, әмиян түбіне салып, ел көзінен таса ұстаған көрінеді. Бір қызығы, осыдан кейін қаржысы көбейген үстіне көбейе түсіпті. Қазіргі күнде де нумерология ғылымында «Форд шаршысы» деген арнайы кесте бар.

ПАЙДАСЫ БАР БИЗНЕС КӨЗІ

Қолында ұялы телефоны бар адамның барлығына инстаграм әлеуметтік желісі қолжетімді. Қазіргі таңда осы әлемжеліде өз бизнесін жарнама беру арқылы дөңгелетіп отырғандар жетерлік. Мақаланы жазу барысында «Инста» әлемінің іздеу бөліміне «нумеролог» деп жазғаным сол еді, бірнеше адамның аккаунты шыға келді. Төменге түсе берсең, тізім көп-ақ. Көп ойланбай біріне кіріп қалғанымда өзін «үш баланың анасы, декретте отырған табысты әйел» деп таныстырған келіншектің парақшасы шықты. Жекесіне хат жолдағанымда қойған сауалыма жауап беруден бас тартып, тек нумерологиялық қызмет көрсететінін айтты. Бұл менің күдігімді одан сайын арттырды. Сандардан құралған дайын формуланы сатып алып, оны өзгеге сатып немесе тағдырын тапсырған жанға алдап кеңес беріп жүргендей көрінді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, нумерологтардың 80 пайызы әйелдер, қалғаны ер-азаматтар екен.
Ал психологтар өзіне сенімі төмен адамдар нумерологтарға жүгінетінін айтады.
– Бұл кәдімгідей пайдасы бар бизнес. Олар психологиялық тұрғыдан әлсіз адамдарға түрлі болжамдарды айтып, сендіреді. Адамның қай күні не істеу керек екенін, қай жыл оған табысты болатынын сандарға қарап айта салуы қисынға келмейтін дүние. Тіпті нумерологияның дұрыс-бұрыстығын әзірге нақты ешбір маман дәлелдеп айта алмады. Сондықтан да оған сену-сенбеу де кез келген адамның сана сезіміне байланысты, – дейді мамандар.
Алғашқы парақшамнан жауап ала алмаған соң, тағы бірнеше парақшаның жекесіне хат жолдадым. Солардың тек біреуінен ғана 2 күн өткен соң жауап келді.
– Мен бала күтіміне байланысты демалыс­­­қа шығар алдында, оны құр өткізбей, өзімді қалай дамытсам болады, бәлкім өзімнің өзге қырларым ашылар, немен шұғылдансам болады деген секілді ойлар маза бермеді. Осылайша нумерология ілімін зерттеуді қолға алдым. Нумерология – үлкен ғылым. Оны бір жылдың ішінде зерттеп, түбіне жету мүмкін емес. Себебі, нумерологияның түр-түрі бар. Адамдарға кеңес беріп, нумерология іліміне сай сандардың сиқыры туралы айтатындықтан жауапкершілікті жақсы түсінесің. Сол себепті, жан-жақты зерттеген абзал. Өзім әлі де зерттеп, зерделеп, ізденіп, үйреніп жүрмін. Осы бағытта білім беретін ұстаздардан оқып, білімімді жетілдірудемін. Нумерологияда екі үлкен бағыт бар. Біріншісі, адамдар көбіне өзінің бағытын дұрыс таңдау бойынша көмекке жүгінеді. Мәселен, немен айналысуға болады, ол үшін қандай бизнес түрі икемді, бизнесті қай кезеңде бастаған дұрыс деген секілді мәселелер. Екінші бір үлкен бағыт – балалар нумерологиясы. Дәл осы балалар нумерологиясы бойынша ата-аналар көп келеді. Баламды қай бағытта дамытуым керек, қандай мәселелерге назар аударуым керек, кішкентайынан қандай қасиеттерін көтеруім керек деген секілді сұрақтарына жауап алады, – дейді әлемжелідегі екінші нумеролог.
Ал енді бірі «Жұмысымды ватсап арқылы да жасай беремін. Адамдар маған туған күні, айы, жылы мен аты-жөнін жібереді, ал ақшасын банк карточкама аударады. Мұны бизнес деп есептеу­ге болады. Тапқан табысым өзіме жеткілікті. Жақын арада кәсіпкер статусын алып, салық төлеуді жоспарлап отырмын. Ешқандай ғылымда 100 пайыздық нақтылық жоқ. Сондықтан да көптің пікірімен келіспеймін. Менің көмегіме жүгінушілер берген кеңесіме риза. Сондықтан да өзімді дұрыс бағытта келе жатырмын деп ойлаймын» деген жауап қалдырыпты.
Парақшаларды зерттеп көрсем, қызмет кұны да әртүрлі. Мүмкін түріне де байланысты болар. 500 теңгеден басталатын болжамды, енді бірі 50000 теңгеге де жасайды екен. Өзінен кеңес алғандардан келген пікірді жарнамалау арқылы көпті қызықтырып жүрген нумерологтар келесі тұтынушысын осылай қақпанға түсіреді. Ал ол қаншалықты сенімді, қан­шалықты нақты екенін өздері де білмесе керек.

КӨПТІҢ ҚӨЗҚАРАСЫ ҚАНДАЙ?

Ең алдымен сандардың сиқырына жұрттың қаншалықты сенетінін білмек болып, әлеуметтік желіде сұрау салдым. Сонда бірі «ондайға сене қоймайды екенмін» десе, «мен қазақ болғаннан кейін, маған жеті саны өзіме ұнайды. Жеті саны маған ылғи сәттілік әкеледі. Әр жұма сайын, жеті шелпек пісіремін» дейді. Пікірлер арасында «сандардың ерекше құдыреті бары рас» деген көзқарас та бар.
– Жалпы, өзім нумерология деген саланың қашан, қалай пайда болғанын білмеймін. Бірақ адамның Аллаға деген сенімін бұрмалап, тағдырды сандарға байлап жүргендерге ренішім бар. Пайғамбарымыздың өзі «мойнымды оң жаққа және сол жаққа бұрып сәлем беремін дегенше нақты не болатынын білмеймін» деген. Ал біз болсақ алдағы 10-20 жылды болжап тастауға құмармыз. Нумерологқа сену – өз тағдырыңа өзің қайшы келумен тең. Мәселен, бүгін сіз жұмыс реті бойынша ұшуыңыз керек. Бірақ нумерологтың айтуынша сізге ұшуға болмайды. Үй ішінен үй тігу сияқты бұлар тағдырдың ішінен тағдыр жасайды. Бұл өте қисынсыз жағдай, – дейді танымал айтыскер бір сұқбатында.

ШАРИҒАТ ШЕҢБЕРІНДЕ

Исламдық діни сенім бойынша әлемдегі барлық құбылыстар, өзгерістер Алла Тағаланың қалауымен ғана жүзеге асады. Сонымен қатар, тағдырды, болашақты Алладан басқа ешкім білмейді. Бұл жайында «Ағраф» сүресінің 188-аятында «(Ей, Мұхаммед) оларға: «Мен, Алла қаламайынша, өз-өзіме титтей де пайда келтіре алмаймын, сондай-ақ өзіме келетін зиянның да бетін қайтара алмаймын. Егер ғайыпты (болашақты) білетін болсам (еш уақытта шығынға ұшырамай) әрдайым мол табысқа кенеліп отырар едім һәм (алдағы қауіп-қатерден алдын ала сақтанар едім де) басыма ешқандай жамандық та, бәле-жала да келмес еді» делінген.
– Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Кімде-кім балгерге, сиқыршыға, не сәуегейге барып бір нәрсе сұрап, оның айтқандарын растаса, онда ол Мұхаммедке түскен нәрсеге күпірлік еткен болады», – деген. Нумерология және соған ұқсас басқа да тылсым күштермен айналысуға, соларға жүгінуге шариғатымыз қатаң түрде тыйым салған. Себебі, оның дүние тіршілігіміз үшін де, ақыреттегі жағдайымыз үшін де ешбір пайдасы жоқ. Оған уақыт бөлу – бос әурешілік. Сонымен қатар, сандар болжамына сеніп, Алланың құдыретіне, тағдырына шек келтіру үлкен күнә саналады, – дейді ауданның бас имамы Жақсыбек қажы Әбиұлы.

ТҮЙІН
«Сандар әлемді басқармайды, бірақ қалай басқару керектігін үйретеді» деп ойшыл әрі ақын Гете айтқандай, сандар төңірегінде үлкен сыр бар екені шын. Әр санның астарында белгілі бір ойдың барына шүбә келтіре қоймаспыз. Дегенмен, сандардың құпиясын ашуға ұмтылып, тек сол сырдың жетегінде жүру жөн бола қоймас. Сенім әрбір жанның жеке басына байланысты болғандықтан, шешім шығару біздің іс емес. Болашақ кімге де болсын қызық. Десек те, «аңқау елге арамза молданың» күйін кешпей, еңбекпен тапқан ақшаны құр болжам сөзге құртпаған абзал.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

13 шілде 2021 ж. 969 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 042

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031