» » 15 наурыз – Шежіре күні

15 наурыз – Шежіре күні


Азаматтық алаң" пікірталас алаңына қатысушылар биылғы жылы наурыз мерекесін 9 күн бойы атап өтуді ұсынған болатын. Ұсыныс қоғамда қолдау тауып, 14 наурыз - Амал мерекесі болса, бүгін, яғни 15 наурыз - Шежіре күні болып белгіленген еді.

Қазақ - ата тек, арабтар шежіре - бұтақ, тармақ деп атайтын бұл ұғым халықтың шығу тегін, ұрпақтың таралуын баяндайтын рухани жүйе. Ру, тайпалардың тарихын ұрпақтан ұрпаққа жеткізген, қалыптасқан ресми Шежіре барлық халықта кездеседі. Шежірені шежіреші қарттар ауызша таратып отырған. Сондықтан оны кейбір ғалымдар далалық ауызша тарихнама (ДАТ) деп те әспеттейді. Кеңес өкіметі заманында Қазақстанда Шежірені зерттеу, оны тарихи дерек ретінде пайдалану идеологиялық саясат әсерінен көп қолға алына қойған жоқ. Дегенмен, Х.Арғынбаев, М.Мұқанов, В.Востров, т.б. этнолог ғалымдар еңбектері тарапынан ішінара көрініс тапты. 
Жалпы Шежірені жинақтаған көнекөз қариялардың көмегімен қазақтың ру-тайпаларының өткені туралы біршама мәліметтер алуға болатындығы 18 ғасырда белгілі болды. 18-19 ғасырларда мұндай Шежірелердің біразын зерттеушілер жазып алып, ғылыми айналымға енгізді. Алынған жинақтар Шежіре деректері орта ғасырлардан бастау алатындығын, тіпті жекелеген нұсқалары Адам атадан басталатындығын айқындады. Кейбір Шежіре нұсқалары ортағасырлық деректемелермен де ұштасып жатты.
Түркі, соның ішінде қазақ ойшылдары топтаған Шежірелердің ең бағалылары — Мұхаммед Хайдар Дулат пен Қыдырғали Жалайыридың еңбектері болып саналады. Сондай-ақ “Көшен-Қарауыл шежіресі“ (18 ғасыр), “Жәңгір хан шежіресі“ (1835), Уәлиханов жазып алған “Ұлы жүз шежіресі“, А.Ниязовтың “Үш жүздің шежіресі“, А.Жантөриннің Шежіресі, Потанин жазып алған Мұса Шорманұлы Шежіресі, Ө.Бөжейұлының “Қазақ жұртының шежіресі“, Қ.Бірімжанұлының бастауымен жинақталған “Орта жүз және Кіші жүздің шежіресі“ (1894), “Насабнама“ сынды шығармалардың да құндылығы жоғары. Шежірені топтаудағы дерегі мол еңбектер қатарына   Ш.Құдайбердіұлы, Қ.Халиди, Мәшкүр Жүсіп Көпейұлы, Н.Наушабаев, Торғай би жинаған “Үш жүздің шежіресі“ (Гродеков жазбасында), Диханбай батырдың “Ұлы жүз шежіресі“ (Аристов жазбасында) сынды жұмыстар жатады.
Қазақ Шежіресінде тайпа, ру, аталардың таралуымен қатар, оларға байланысты тарихи оқиғалар, елдің қоныс аударуы, бір ел мен екінші елдің қарым-қатынасы, ол елдерден шыққан шешендер, батырлар жайлы әңгімелер қоса жазылады. 
Қазіргі таңда Шежірені дерек көзі ретінде қарастырып, одан алынған мәліметтерге ғылыми пайымдаулар жасау, тарихи материалдармен байланыстыру біршама жолға қойылып келеді. Қазақ тайпаларының Шежіресі “Өнер“ баспасынан бірнеше том болып басылып шықты. “Алаш” ғылыми-зерттеу орталығында (жетекшісі Х.Ғабжәлелов, Т.Омарбеков) Шежіре деректері жинақталып, қазақ ру-тайпаларының нақты тарихы жанжақты баяндалуда.
Шежіренің қазақ қоғамындағы рөлі, одан алынатын құнды мағлұматтар тарихшы мамандар тарапынан зерттелу үстінде. Қазақтың шежірелік мұрасына қатысты пайымдаулардың түйіні мынаған саяды:
Қазақстан тарихын жазу барысында Еуразия көшпелілері туралы, оның ішінде түркі тілдес халықтар жайында жазылған байырғы және ортағасырлық еңбектердің баршасы тілі мен діліне қарамастан қаперде болып, ғылыми сараптан өткен деректер рухани айналымға түсуге тиіс.
Еңбектері шежірелік сипатта жазылған, әсіресе Алтын Орда ұлысынан бергі кезеңді тілге тиек еткен төл авторлардың еңбектері Қазақстан тарихы үшін аса құнды дерек көзі.
Қазақтың фольклорлық мол мұрасындағы (тарихи өлең-жырлар, аңыз-әңгімелер, шежірелік баяндар, мақал-мәтелдер, т.б.) деректерді өмір шындығымен шендестіре отырып, Қазақстан тарихының мазмұнын байытатын қыруар мағлұмат сүзіп алуға болады.
Естеріңізге сала кетейік, Наурыз мерекесін бірнеше күн тойлау дәстүрі түркітектес халықтардың біразына ортақ. Қазақстанда алғаш рет 2013 жылы Шымкентте бастау алған. Ал Амал мерекесін атап өту еліміздің батысында ежелден жалғасып келе жатқан дәстүр.
Қазақ халқы балаға 7-9 жасында әкесінен бастап ағайын-туысын, нағашы жұртын, алыс-жақынды таныстыруға, ататегін, руын, ел-жұртын білдіруге ерекше көңіл бөлінген, «Жеті атасын білу» заң болған. Әкесі, атасы балаға тек жеті атасына дейінгі бабаларының атын жаттатып қана қоймай, олардың қандай адам болғанын, ел-жұрты үшін жасаған ерлігі, өнегелі істері жайында әңгіме еткен. Сол арқылы бала ата дәстүрін жалғастырса екен деген мақсат көздеген. «Жеті атасын білген ұл жеті жұртқа жен айтар» деген аталы сөзді арқау етіп, баласына ата тарихын жастайынан жаттатқан. Ел-жұрт тарихын білу ер-азаматты ерлікке, елдікке, Отан сүюшілікке баулитынын білген.
15 наурыз 2021 ж. 435 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 055

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031