» » Нағыз жомарт кім? (әңгіме)

Нағыз жомарт кім? (әңгіме)

Заманаға "жазған мақалаңды оқып бір жылап алдым" деп звандады бір танысым таңертең. Олай болса бір адамның болсын жүрегін жібіте алғаным ғой деп өздеріңізбен бөлісіп отырмын.
Қатты тарыққан кезімде жалғыз сиырын сатып, ақшасын берді. Қазір адамдардың «мені туыстарым мен достарым қиналғанда немесе ақша керек болғанда ғана іздейді» дейтінін жиі еститін болып жүрміз. Естімек былай тұрсын, біреу бір көмек сұраса әлдеқандай боп өзіміз де айтып қаламыз сондай әңгімені. Негізі адам өз басына қиындық немесе бір мұқтаждық түспей кісінің жанын түсіне бермейді екен. Бұлай деуімнің себебі де жоқ емес.
Осыдан бірер жыл бұрын үйде құрылыс жұмыстарын жүргізіп, құрылысшыларға екі жүз мың теңге берешек болып қалдым. Сатылатын учаскелік жерім бар еді, сол өтіп кетер деп дәметіп тірлікті бастап жібергенмін. Оның да сау­дасы келе қоймады. Айлықтан берем дейтіндей істеп жатқан жұмысымыз да жоқ еді сол кезде. Жұмысшыларды алдағандай ыңғайсыз жағдайда қалдық.
Содан беттің арын белге буып, өзім ең жақын тартқан, іштей жақсы көретін адамдарымнан қарызға ақша сұрадым. Кімнің алыс, кімнің жақын екенін осындайда біледі екен ғой адам. Мұндайда жақын деп жүргенің жақын емес боп шығады екен. Ақшалы туыс, дос-жарандарымның бәрі түрлі сылтаулар айтып «жоқ» деп бастарын алып қашты. «Сенің проблемаң – ол сенің проблемаң, оған не үшін біздің басымыз ауыруы керек?» деген секілді көрініп кетті олардың салқынқандылығы. Тіпті бір досым: «Доллармен беремін, доллармен қайтарасың», – деді. Қатты қысылғаным сондай, мен оның талабына көндім де. Ол: «Үйге барып ойланып көрейінші. Дәл бүгін бере алмаймын», – дегесін сү­мірейіп үйіме келдім. Үлкен қызым интернеттен доллардың курсын көрейінші деп қарады да: «Керегі жоқ, алмаңыз. Бас-аяғы екі-үш айда осыншама көтерілсе, жыл соңына дейін не болатынын білмейсіз. Одан да кредит алғаныңыз жақсы», – деді. Сонымен осы шешімге тоқтап отырғанбыз.
Үйдегі жұмысшыларға да бірер күн күтсе, несиеге ақша алатынымды айттым. Олардың да көңілі орнына түсті. Сөйтіп кешке батып бара жатқан күннің қызыл шапағын тамашалап, іштей: «Қойшы, ақыры несие алады екенмін, миллион теңге бір-ақ сұрайын. Берсе үйімді бітіріп, қалған ақшаға азын-аулақ мал алып, соны көбейтсем, тарықпайтын шығармыз» деп армандап отырғанмын. Үйден кіші қызым: «Сізге қоңырау шалып жатыр», – деп телефонымды ұстап жүгіріп келді. Кім екен деп қарасам, ауылда тұратын сырлас досымдай боп кеткен туыс әпкем екен. Менің жағдайымнан хабардар еді: «Ақша таптың ба?» – деп сұрады. Мен ешкімнен табылмай, ертең банкке барып несие рәсімдегелі отырғанымды айттым. «Ойбуй, жазған-ай! Ана пәленшеде жоқ па екен?», «Анада ше?», «Мынада ше?» – деп бақуат тұратын туыс-тумаларды түгелдеп тастады. Мен бәріне хабарлас­қанымды, ешқайсысында жоқ екенін айттым. Сосын әпкем: «Мен сені бұлай шырылдатып қоя алмаймын. Оған менің арым жібермейді. Ертең үйге кел. Мен тауып беремін», – деді. Сенер-сенбе­сімді білмедім. Жүгіріп үйге кіріп, күйе­уіме әпкемнің сөзін айттым. Ол несие алғаннан соның дұрыс екенін айтты. Сонымен ертесі күні ауылдағы әпкемнің үйіне жол тарттым. Шынымды айтсам, бұл кісіде ақша бар деп мүлде ойламаппын.
Күйеуі ерте қайтыс болып, шиеттей бала-шағаны жалғыз өзі асырап жет­кізген адам ғой. Соңғы кездері денсаулығы да болмай қалып, мүгедектігі үшін төленетін жәрдемақымен күн көріп отырған. Қолында тұратын ұлының да табысы мардымсыз. Соның бәрін көріп-біліп тұрып, не деп сұраймын одан?
Барсам, әпкем үйінде жоқ екен. Келіні базарға кеткенін айтты. Мені шақырып алып, өзі базар аралап кеткені несі деп біртүрлі болып қалдым.
Келіні екеуміз шай ішіп бола бергенде әпкем де келді. Өңі шаршаулы көрінді. Сонда да мені көрісімен жарқылдай күліп, көңілді амандасты. Шай жаңаланып қайта келді. Бірер кесе шай ішіп, өз-өзіне келген соң әпкем: «Әй, несібең күшті екен, – деді мейірімді жүзінен нұр төгіліп. – Неше күннен бері сенің шырылдап ақша іздеп жүргеніңді естіп, қайтіп көмектесем деп уайымдап отыр едім. Кеше келді ойыма үйдегі сиырды сату. Соны балам мен келініме айтып едім, айналайындар, бұлар да көне қойды. Екеуі де ойланбастан берейік деді. Содан таң атпай тұрып балам екеуміз сиырды базарға әкеттік. «Мен ұрлық қылғанда ай жарық болды» дегендей, қасақана тура бүгінгі базарда сиыр көп, әрі арзан екен. Өтпей, түске дейін тұрып-тұрып, кетті ғой әйтеуір. Өтпей қалса үйге алып қайтамыз ба, сөйтіп жексенбінің базарына әкеп сатамыз ба деп тұрған едік».
Күрең қызыл шайға жіпсіген маңдайын жаулығының ұшымен сүрткіштеген әпкем камзолының ішкі қалтасынан ақшасын шығарды. Сөйтіп: «Құдайдың құдіреті, артығы да, кемі де жоқ, тура сен сұраған ақша болды да қойды жануардың бағасы», – деп күлді. Ақшаның табылғанына қуансам да шайларын ақтап отырған жалғыз сиырын мен үшін сатып жібергеніне қатты ыңғайсыздандым. «Әпке, мұныңыз не? Аузыңызды аққа жарытып отырған жалғыз сиырды сатып жібергеніңіз қалай? Ертең келініңіз босанса, сөк көжені қалай істейсіз?» – дедім қысылып. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген. Ол бала да өз несібесімен келер. Баламның айлығы, менің пенсиям бар, жетеді ғой. Уайымдамай, ала бер. Бір байығанда қайтарарсың. Болмаса, біздің үйіңе қосқан бір көмегіміз болар», – деді.
Өмірінде қаншама қиыншылық пен жоқшылық көріп, қатты ауырып, өлім аузынан аман қалса да, өзіміз де жетісіп отырған жоқпыз, керек боп қалады деп артына тыққыштамай, есігінің алдындағы жалғыз сиырын сатып бере салатын мұндай жомарттық... әй, адамның адамының ғана қолынан келетін шығар. Өз басым бұлай ете алар ма едім, жоқ па? Кейде өзімнен де біреу ақша сұрап келгенде бар боп тұрып жоқ деген кездерім еске түсіп, алдымда отырған періште тектес адамнан өлердей ұялғаным-ай... Жылап қоя бердім. Бұл менің ешкімге өкпе артпай-ақ, қателігімді түсініп, өз арымның алдында ұялғаннан төгілген көз жасым еді.
Әпкеме алғысымды жаудырып, үйге қайтып келе жатып жол бойы «нағыз жомарт кім?» деп сұрадым өзімнен. Өйткені мен бұған дейін нағыз жомарт деп үйі жоқ қиналып жүрген адамға үй әпере алатын, жетім балалар үйіне ақша аударып қамқорлық жасайтын, жол мен мешіт салдыратын байлар ғой деп ойлайтынмын. Сөйтіп өзімнің де жұртқа қайырымдылық жасау үшін тез арада байып кеткім келетін. Сөйтсем нағыз жомарт өзі үлде мен бүлдеге оранып отырып табысының белгілі бір мөлшерін ғана қайыр-садақаға жұмсайтын байлар емес, нағыз жомарт өзіне жетпей тұрса да, өзгенің қамын жейтін осындай кеңпейілді, жылы жүректі жандар екен ғой. Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман?!
Фейсбуктегі парақшадан
24 қараша 2019 ж. 743 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031