Татамиде тарландар айқасты
Кент орталығында орналасқан дене шынықтыру және спорт кешенінде балалармен жеткіншектер және жасөспірімдер арасында таэквондодан Қармақшы ауданының ашық біріншілігі өтті. Балта аяқты, балға жұдырықты бағландар жарысына Қызылорда қаласы мен Байқоңыр қаласынан және Шиелі, Қармақшы ауданынан 150-ге жуық жас спортшы белсенділікпен қатысты.
Шараның ашылуына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаев балалар мен жасөспірімдер арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру, жастар арасында спортпен шұғылдану бағытында өткізіліп отырған шараның маңыздылығына тоқталып өтті. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, ізгі лебізін білдірді.
Қазір ауданымызда таэквондоға деген қызығушылық жоғары. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбол Мырзабаевтың айтуынша, қазір аудан көлемінде таэквондо клубтары мен үйірмелері белсенді жұмыс атқаруда. Қандай жарыс болмасын барлық салмақта бәсекелестік бар. Жарыста жастар мен жасөспірімдер түрлі салмақта және жас аралық бойынша бақ сынап, татамиде тек мықтылар ғана топ жарды. 12-14 жас аралығы және әр түрлі салмақта жерлестеріміз І, ІІ және ІІІ орындарға көтеріліп жеңіс туын желбіретті. Атап айтсақ Жомарт Қылышбаев, Әділ Байболов, Руслан Сағындық, Сағыныш Ишанова, Жалғас Сұлтандар І орынға көтерілсе, Назира Әскербек, Бексұлтан Жұмабековтер ІІ орынды иеленді. Ал ІІІ орынға Бекзат Сабитов, Төлеби Жұмабеков, Нуриддин Құндыбеков, Нұртас Нұрым, Асқар Мырзабек, Әділжан Болатов, Дарина Мукашева, Саяхмет Ермағанбет, Азиада Қабілет, Қарлығаш Айболатқызы, Дінмұхаммед Әділ, Ерасыл Қайназаровтар жайғасты.
Жарыс соңында барлық жүлдегерлер арнайы дипломмен марапатталып, сый-құрметке ие болды.
Ерсін СӘДУҰЛЫ,
«Қармақшы таңы».