ҚХЛ: «Барыс» «Сочиді» жеңді
Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынында Ресейдің Сочи қаласында жергілікті «Сочи» командасымен кездесіп, 3:0 есебімен басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сочи» командасының құрылғанына биыл бес жыл толады. Соған қарамастан олар құрлықтық хоккей лигасында тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізіп келеді. Алғашқы төрт жылда үш мәрте аталмыш лиганың батыс конференциясында ширек финалға дейін жетті. Биыл жалпы турнир кестесінде 47 ұпаймен 14-орында тұр.
Екі команда төрт жыл ішінде сегіз мәрте шеберлік байқасқан. Оның 4-еуі «Сочидің» басымдығымен аяқталса, қалғанында «Барыс» жеңіске жетті. Айта кетерлігі, соңғы үш кездесуде «Сочи» басым түскен. Қос команда биылғы құрлықтық хоккей лигасында алғаш рет кездесіп отыр.«Барыс» сырт айдындағы бұған дейінгі үш кездесудің екеуінде жеңіске жетті. Елордалық клуб 28 желтоқсанда Челябіде «Тракторды» 0:3 есебімен ойсырата жеңсе, одан кейін 30 желтоқсанда Омбыда «Авангардқа» буллиттен 3:4 есебімен ұтылып қалды. Біздің хоккейшілер Мәскеу қаласында жергілікті «Спартактан» 3 қаңтарда 3:2 есебімен басым түсті.
Бүгінгі кездесуде «Барыс» өздерін жақсы қырынан көрсетті. Қарсыластар шабуылына тойтарыс беріп, өздері де қарсыластар қақпасы маңында қауіпті сәттер ұйымдастырды. Осындай сәттердің бірінде Даррен Диц өз командасын алға шығарды. Алғашқы кезең 1:0 есебімен біздің басымдығымызбен аяқталды.Екінші кезеңде де біздің хоккейшілер қанжығасын майлады. «Барыс» сапынан 26-минутта Мэттью Фрэттин мергендік танытты. Қос команда да есепті өзгертетін мүмкіндіктер болды. Дегенмен олардың ешбірі діттеген мақсатына жете алған жоқ.Тағы бір шайба үшінші кезеңде соғылды. Оны да біздің хоккейшілер өздерінің еншісіне жазды. Атап айтқанда, 46-минутта Кёртис Валк қақпаны дәл көздеді. «Барыс» бүгінгі кездесуде 3:0 есебімен жеңіске жетті.Осының нәтижесінде «Барыс» жалпы турнир кестесінде алтыншы орынға көтерілді. Ал шығыс конференциясында бесінші орыннан үшінші орынға көтерілсе, Чернышев дивизионында Омбының «Авангардын» артқа салып, көш тізгінін қолға алды.«Барыс» командасы енді Астанада қатарынан бес ойын өткізеді. Алдымен 8 қаңтарда Хабаровскінің «Амурымен» кездессе, одан кейін 10 қаңтарда Қытайдың «Куньлунь Ред Стар», 14 қаңтарда бүгінгі қарсыласымыз - «Сочи», 15 қаңтарда Мәскеудің «Спартак», 17 қаңтарда Уфаның «Салават Юлаев» командаларын қабылдайды. Осы категория бойынша:« 2018 жылы ең көп табыс тапқан футболшылар. ТОП-10Шетелдік БАҚ: Головкин төрешілер шешімімен жеңіске жете алмайды »
Пікір 1