ЖАМАҒАТ ЖАРЫСЫ
Тәйімбет Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейде аудан орталығындағы «Қармақшы ата» және «Ораз ахун» мешіті жамағаты мен аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің, сонымен қатар өнегелі ісімен көпке үлгі көрсетіп жүрген бір топ жастың бірлесе ұйымдастыруымен шағын футбол, гір көтеру және арқан тарту сайыстары бойынша жарыс өтті. Жарысқа 17 команда бойынша 200-ге тарта спортшы қатысты. Жастарды бауырмалдыққа, мейірімділікке, отансүйгіштікке баулу және жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға арналған спорттық шара барысында оған қатысушылар тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап қаржылай қолдау көрсетті.
Сонымен қатар, олар аталмыш спорт түрлері бойынша өзара бақ сынысып, оның қорытындысымен, нақтырақ айтқанда шағын футболдан І орынды «1989 жылғылар», ІІ орынды «1985 жылғылар», ал жүлделі ІІІ орынды «1992 жылғылар» құрама командасы жеңіп алса, жарыс барысында үздік өнерімен көрермен көзайымы атанған Талғат Пернебаев, Айдос Мырзалиев, Берік Бәлібаев, Айбек Жалғасбаев, Медет Орынтаевтар арнайы номинацияға ие болды.
Сонымен қатар, арқан тарту жарысында да 1989, 1985 және 1984 жылдары туған жастардан құрылған құрамалар, гір тасын көтеру сайысында Әділет Әбдіқали, Нұрлан Шаймаханов және Салават Мұқамбетовтер марапатқа ие болып, арнайы диплом және естелік сыйлықпен марапатталды.
Н.ӘБІЛАХАТҰЛЫ.