» » ТЕМІРДІ ИІП, ТӨРДЕН КӨРІНДІ

ТЕМІРДІ ИІП, ТӨРДЕН КӨРІНДІ

Ташкент төрінде өткен ауыр атлетикадан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында сынға түскен Мұхаммедәлі Қойшыбек жүлделі орыннан көрініп, додада қола жүлдегер атанды. Азияның әр елінен келген мықты атлеттер бас қосқан бәсекеде жүлде жолындағы тартыс жоғары деңгейде өтті.
Жарысқа дейінгі дайындық жұмыстары Астана қаласында жүргізілді. Жаттығулар күнара ұйымдастырылып, спортшының физикалық дайындығына басымдық берілді. Дегенмен, Ташкенттегі додаға дейінгі кезеңде салмақ қуу мәселесі біршама қиындық туғызған.
Бұған дейін жас ауыр атлет Түркістан қаласында өткен 20 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында бірінші орын иеленген. Ал араға бір ай салып Азия чемпионатына қатысу спортшыға оңай тиген жоқ. Қысқа уақыт аралығында екі рет салмақ қууға тура келді. Бұл физикалық тұрғыдан да оңай сынақ болмағанымен, Мұхаммедәлі жарысқа деген дайындығын сақтап, таразыдан кейін темір көтеруде де бар күшін салды.
Азия чемпионатындағы бәсеке де жоғары деңгейде өтті. Әр елден келген мықты спортшылар жүлдеге таласып, әр көтерілім үшін бар күшін жұмсады. Осындай тартысты додада Мұхаммедәлі өз мүмкіндігін көрсетіп, жүлделі орыннан көрінді.
– Азия чемпионатына дайындық Астана қаласында өтті. Жаттығу жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жарыстың бәсекесі де мықты болды, спортшылар көп жиналды. Шәкіртім осындай жауапты сәттерде өзін жақсы көрсете білді. Ол – мінезі мығым, жауынгер жігіт. Жарыс кезінде соңына дейін күресе біледі. Алдағы уақытта бұдан да биік нәтижеге қол жеткізетініне сенеміз, – дейді бапкері Айдар Ералиев.
Айта кетерлігі, бұл спортшының Азия чемпионатындағы алғашқы жүлдесі емес. Жас ауыр атлеттің қоржынында Азия чемпионатының екі күміс және бір қола жүлдесі бар. Сонымен қатар ол – Қазақстан чемпионатының бес дүркін жеңімпазы. Мұхаммедәліге Қазақстан Республикасының спорт шебері атағы берілген.
Алда спортшыны жаңа сынақтар күтіп тұр. Биыл ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында бақ сынаса, келесі жылы жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысу жоспарланған. Бұл додаларда жинаған тәжірибесін ұштастырып, нәтижесін одан әрі жақсартуға мүмкіндік мол.
Жас спортшының бүгінгі нәтижелері – тынымсыз еңбектің жемісі, алдағы жеңістерге бастар тағы бір баспалдақ.
Бауыржан ЖҮНІС
06 қазан 2026 ж. 38 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№76 (10544)

06 қазан 2026 ж.

№75 (10543)

02 қазан 2026 ж.

№74 (10542)

29 қыркүйек 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 982
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 210

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031