АУЫР АТЛЕТИКАДАН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ АШЫЛУ РӘСІМІ ӨТТІ
Жосалы кентіндегі дене шынықтыру және спорт кешенінде ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Еліміздің барлық өңірлерінен жиналған жас спортшылардың басын қосқан байрақты бәсекенің ашылу салтанатына аудан әкімі Жандос Еркінбек қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Сыр елінің қасиетті топырағына еліміздің әр аймағынан келген жас спортшыларды қарсы алу біз үшін үлкен мәртебе. Чемпионатқа 300-ге жуық спортшы қатысуда. Бұл жас буын арасындағы достықты дәріптейтін маңызды дода. Соңғы төрт жылда ауданымызда спорт инфрақұрылымын дамытуға 2 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталып, ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде халықаралық ареналарда көк Туымызды желбіретіп жүрген жерлестеріміздің қатары артып келеді. Бүгінгі жарысқа қатысып отырған талантты жастардың арасынан болашақта Қазақстанның намысын әлемдік додаларда қорғайтын чемпиондар шығатынына сенімдімін, – деді Жандос Еркінбек.
Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасының Ауыр атлетика федерациясының вице-президенті Жанболат Зарлыханұлы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаев және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Вилорий Пак құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға ізгі тілектерін білдірді.
Іс-шара аясында аудан басшысы ауыр атлетикадан Әлем және Азия чемпионы, жерлесіміз Ерасыл Саулебековті «Қармақшы арланы» белдігімен марапаттады. Сондай-ақ спорт саласының дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Спорт жанашыры» төсбелгісі табысталды.
Салтанатты іс-шара спортшыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған концерттік бағдарламаға ұласты. Аудан өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, көрермендерге рухани әсер сыйлады.
Айта кетсек ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты Қармақшы ауданында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Байрақты бәсеке 16–23 маусым аралығында жалғасып, мұнда еліміздің чемпиондары анықталады.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















