» » РЕСПУБЛИКАҒА ЖОЛДАМА ЖЕҢІП АЛДЫ

РЕСПУБЛИКАҒА ЖОЛДАМА ЖЕҢІП АЛДЫ

Жуырда Қызылорда қаласында ауыл балаларының спортқа қызығушылығын арттыру, саламатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ патриоттық сезімін ояту мақсатында «AUYL SPORT – 2025» аймақтық турнирі ұйымдастырылған болатын. Жоба өткен жылы тұсауын кескен.
«Халық» қайырымдылық қорының негізінде жүзеге асып жатқан жобаға былтыр 200-ден аса ауыл қамтылып, 10 мыңдай бала бағын сынаған. Жоба жеңімпаздары әлемдік, халықаралық деңгейдегі түрлі жарыстарда жүлделі орындар алып, жеңіске жеткен. Атап айтар болсақ, Сербия елінде 55 мемлекет қатысқан Дүниежүзілік гимназиясында ауыл спортының жеңімпаздары бокстан 3 алтын жүлделесе, еркін күрестен қола медаль тағынған. Ал ойлылар ойыны саналатын шахматтан халықаралық дәрежедегі 2 медальді еңсерген. Сондай-ақ Қырғыз елінде волейболдан өткен халықаралық турнирде Солтүстік Қазақстанның Бескөл ауылындағы қыздар командасы қола медаль жеңіп алса, Алматы облысының ерлер командасы алтын медальға қол жеткізді. Қытайда каратэден өткен Азия чемпионатында да тасымыз өрге дөңгелесе, Маңғыстау облысына қарасты Қызылсай ауылының өрімдей баласы қола медальмен мадақталып, ел абыройын биікке көтерген. Бұл – ауыл баласының қайсыбір жарыста болсын жеңіске жетуге қауқарлы екенін дәлелдей түскендей.
Биылғы жарыста жобаға 500-ден аса ауыл баласы 7 спорт түрінен сынға түсті. Бұл балалар – ертеңгі Қазақ елін әлемге танытар чемпиондарымыз. Осы додаға біздің де жас спортшыларымыз қатысып, аудан намысын қорғады. Аймақтық турнирде ауданымыздың жас спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, республикаға жолдама ұтып алды.
Атап айтқанда, үстел теннисінен жүлделі І орынды Іңкәр Темірова мен Нұрбек Назар жеңіп алса, ІІ орынды Нұрислам Назар, ІІІ орынды Еркеназ Мұхтар иеленіп, жұлдыздары жарқырады.
«Жалпы үстел теннисінің бала денсаулығына пайдасы өте керемет. Ойлау қабілетін жақсартады. Дене қозғалысына да таптырмас шипа. Әсіресе көздің көру қабілетіне пайдасы мол» дейді жасөспірімдердің жаттықтырушысы, А.Жанпейісов атындағы №105 мектеп-лицейдің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Руслан Тайбағаров.
– Балаларды 2021 жылдан бастап тенниске баулып келемін. Үйірме жұмысын жүргізе бастағаныма биыл 4 жылдан асып барады. Көп уақыт күттірмей-ақ еңбегіміз жемісін бере бастады. Шәкірттерім – Іңкәр мен Еркеназдың жаттығып жүргеніне 2 жыл болса, Нұрбекті жаттықтырып келе жатқаныма 3 жылдан асады. Ал Нұрисламға келсем, 3 жыл болады екен. Талаптары жаман емес, спорт – ол таза тәртіп пен дисциплина. Ұстазының айтқанын істеп, тәртіпке бағынса жеңіс те басын иеді. Баланың шеберлігін шыңдайтын – жарыс. Мүмкіндік болғанша жарыстардан қалмауға тырысамыз. Қазір уақытша мектепте жаттығу жасаудамыз. Аптасына 3 мәрте жаттығуға келеміз. Бүгінде үйірмеге 15 оқушы тұрақты түрде қатысып жүр. Теннисті түсінген бала алып кетіп жатыр.
Жалпы осы жарысты ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. «Әрбір бала – бір жұлдыз» демекші, бала бойына сенімділік ұялатып, кеудесіне болашаққа деген шамды жаға білсек, спорттың адам өміріне берері мол, – дейді Р.Тыныштықұлы.
Команда бұған дейін де бірқатар саралы жарыстардан жеңімпаз атанған. Атап айтқанда, облыстық бәсекеде 2023 және 2024 жылдары командалық есеппен чемпион атағын жеңіп алса, өткен жылы 5-6 сынып оқушылары арасында өткен теннисшілердің республикалық спорттық жарыстарда 5 орын көрсеткішімен жақсы нәтижеге қол жеткізген. Ұлттық мектеп лигасы Семейде өтіп, оған еліміздің барлық облысынан кіл мықты командалар қатысқан.
«AUYL SPORT – 2025» аймақтық турнирінен екі бірдей шәкіртім жеңімпаз атанып, республикаға жолдама ұтып алдық. Оған қызу дайындықты бастап та кеттік. Қараша айының басында жол жүреміз бе деп жоспарлап отырмыз. Ендігі мақсат – үздік үштікке кірсек деген үлкен үмітіміз бар алдымызда, – дейді білікті жаттықтырушы.
Сонымен қатар аудан жасөспірімдері спорттың баскетбол түрінен де олжалы оралды. Ұлдар командасы ІІІ орын биігін бағындырса, қыздар командасы І орынды қанжығаларына байлап, жас ерекшеліктерінде жарыстың фавориті атанды. Жас баскетболшыларымыз да алдағы өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысатын болады.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
23 қыркүйек 2025 ж. 185 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№82 (10450)

29 қазан 2025 ж.

№81 (10449)

25 қазан 2025 ж.

№80 (10448)

21 қазан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 756
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 494

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031