» » БАТЫР АТЫНДАҒЫ ДҮБІРЛІ ДОДА

БАТЫР АТЫНДАҒЫ ДҮБІРЛІ ДОДА

Біздің өлкеде есімі елге белгілі ардақты да атақты ер азаматтар аз болмаған. Олардың арасында Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев есімін ерекше құрметпен айтамыз. Өйткені ол 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында қан майданда от кешіп, Отан үшін кеудесін оққа тосқан, соғыста ерекше ерлігімен, жаужүрек батырлығымен халық батыры атанды.
Биыл – Ұлы Жеңіске 80 жыл. Осыған орай сенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен ересектер арасындағы халықаралық турнирдің ашылу рәсімі өтті. Оған 10-нан астам мемлекеттен, еліміздің әр өңірінен келген балуандар 10 салмақ дәрежесінде белдесті.
Турнирдің ашылу салтанатына Тәйімбет Көмекбаевтың ұлы, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, генерал-майор Бағбан Тәйімбетов, ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов, басқа да құрметті қонақтар қатысты.
Аймақ басшысы қатысушыларға сәттілік тілеп, өңірдің спорт саласындағы ауқымды жұмыстарына тоқталды.
– Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр өңіріне қош келдіңіздер! Баршаңызды Кеңес Одағының Батыры, даңқты жерлесіміз Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен халықаралық турнирдің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда «Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі» деген болатын.
Сыр өңірінде соңғы үш жылда 18 спорт кешені салынып, іске қосылды. Өткен жылы «Самұрық қазына траст» қорымен бірге құны 3 млрд 400 млн теңге болатын «Үстел теннисі орталығы» салынып, халыққа қызмет етуде. Облыс орталығында халықаралық стандарттарға сай 11 мың орындық орталық стадион салынуда. «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы басталды. Келесі жылы ел игілігіне табысталады. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің іргетасы қаланды. Жаңа нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Алдағы мамыр айында бірқатар спорттық үйірмені қоса қамтитын «Шығармашылық академиясы» ашылады.
Спорт – мемлекетіміздің мерейін үстем ететін, тұрғындарды салауаттылыққа жетелейтін маңызды сала. Бүгінгі халықаралық жарыс өздеріңізге қарап бой түзейтін жастарымызды елжандылыққа тәрбиелеп, спорттағы бәсекелестікті қалыптастыруға, татулықты нығайтуға септігін тигізетін дода болады деп сенеміз. Жарысқа қатысушыларға сәттілік, шын мықтыларға жеңіс тілеймін, – деді облыс әкімі.
Салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, батырдың ұрпағы Ардашер Шайымбетов сөз сөйледі.
Жарыстың қадірлі қонағы, қырғыздың атақты балуаны, Әлемнің екі дүркін, Азияның үш дүркін чемпионы, Олимпиаданың күміс және қола медальдерінің иегері Ақжол Махмудовқа дәстүрге сай иығына шапан жабылды.
Екі күнге созылған байрақты бәсеке өз мәресіне жетіп, Сыр елінің спорт саңлақтары алдыңғы орыннан көрінді.
Айта кетейік, Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевтың есімін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында жыл сайын түрлі шаралар өткізіліп келеді. Ал биылғы еске алу шарасының ерекшелігі – грек-рим күресінен халықаралық турнир тұңғыш рет ұйымдастырылуда. Осыған дейін батыр ұрпақтары ұйымдастырып келген турнир биылдан бастап облыс әкімдігінің қолдауымен халықаралық деңгейде өткізілді.
«ҚТ» ақпарат
22 сәуір 2025 ж. 331 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (10398)

26 сәуір 2025 ж.

№29 (10397)

22 сәуір 2025 ж.

№28 (10396)

19 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 640
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930