Азия ойындарының жүлдегерлері Сыр еліне келді
Сыр жұртшылығы «Қорқыт ата» әуежайынан Қытай елінің Ханчжоу қаласында өткен жазғы «Азия ойындарының» дзюдодан қола жүлдегерлері Шамшадин Мағжан, Абылайхан Жұбаназар, Шархан Нұрлыханды күтіп алды.
Жеңімпаздарымызды күтіп алу салтанаты жас ақын Бексұлтан Орынбасардың арнауымен басталды.
Әрі қарай, облыс әкімі апаратының басшысы Ш.Байманов аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының құттықтауын жеткізіп, жеңімпаздарға қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын айтып, палуандарымыздың келер жылғы «Париж-2024» Олимпиадасында да жеңіс тұғырынан көрінетіндігіне сенім білдіретінін жеткізді. Дүбірлі додаға Сыр елі атынан қатысып жатқан барша спортшыларымызға алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.
Облыстық дзюдо федерациясының президенті, С.Мұстафа өз құттықтауында Азия ойындарына дзюдо спортынан Қазақстан құрамасында барлығы 7 спортшы болса, оның ішінде Қызылордадан қатысқан үш спортшының жүлдемен оралғанын ерекше атап өтті.
Шара облыс әкімінің атынан дәстүрге сай жүлдегерлер мен олардың бапкеріне тұлпар мінгізу рәсімімен қорытындыланды.
Айта кету керек, Ханчжоу қаласында өтіп жатқан жазғы «Азия ойындарында» бокс, ауыр атлетика, гандбол, дзюдо, грек-рим күресі, стенд ату, таэквондо, каратэ, велоспорт, көгалдағы хоккей, шахмат секілді спорт түрлерінен Қызылорда облысынан 20-дан аса спортшыларымыз қатысуда.
Біз спортшыларымызға үлкен үміт артып, жерлестеріміз жеңісті жолдарды жалғастырып, еліміздің көк байрағын асқақтатады деп сенеміз.