Тарихи финал
Дзюдодан жылдың алғашқы бәсекесі қазақ спортының тарихына алтын әріппен жазылды. Португалияның Алмада қаласында дзюдодан өткен Гран-при сайысында алғаш рет екі қазақ қызы (48 кг) финалда күресті. Алтын үшін айқаста Әбиба Әбужақынова тағы бір жерлесіміз Ғалия Тынбаеваны ұтты.
81 елдің 550-ге жуық татами шебері күрескен додада Әбиба Әбужақынова алдымен аргентиналық Кейси Перафан мен сербиялық Андреа Стоядиновты жеңіп, жартылай финалға шыққан. Жартылай финалда тәжірибелі израильдік Шира Ришонидің жауырынын жерге тигізді.
Ғалия Тынбаева іріктеу кезеңінде француз Мелани Вьені, америкалық Мария Селия Лабордені, ширек финалда испандық Лаура Мартинес Абеленданы голден-скорда ұтқан. Ал жартылай финалда ол португалиялық Катарина Костаны жеңді. Екі дзюдошы голден-скорды қоса есептегенде 11 минут 14 секунд күресті. Осы орайда Ғалияның қайсарлығын ерекше атап өткен жөн.
Жарыстың екінші күнінде 73 килоға дейінгі салмақта бақ сынаған Жансай Смағұлов Қазақстан құрамасының қоржынына күміс жүлдені салды.
Тәжірибелі отандасымыз финалда өзбекстандық Обидхон Номоновқа есе жіберді. Ж.Смағұлов іріктеу кезеңінде әуелі швед Олоф Хермодссонды, украиналық Владислав Казимиров пен бельгиялық Йерун Кассені ұтып, В тобынан суырылып шықты. Ал жартылай финалда А тобының жеңімпазы испан Хосе Антонио Аранданың жауырынын жерге тигізді.
Бұл бәсекеде ел намысын қорғаған өзге спортышыларымыз жеңіс тұғырынан көріне алмады.
egemen.kz