Қызылордада теннистен республикалық турнир өтіп жатыр
Қызылорда қаласында теннистен «Қызылорда мастерс» республикалық турнирі басталып, жарысқа еліміздің 9 облысынан 12 команда қатысып жатыр.
Бас-аяғы 100-ге жуық спортшы енді 5 күн бойы шеберлік байқасады. Жалпы бүгінде елімізде дәл осы спорт түрі қарқынды дамып келеді. Мәселен, өткен жылғы Азия чемпионатында қыздар құрамасы 3-орын, ал ұлдар 5-орын иеленді. Осы ретте өңірлердегі жас теннисшілердің талпынысы қуантады. Жетінші рет ұйымдастырылып отырған «Қызылорда Мастерс» турниріне 25 сырбойылық бақ сынауға бел буған. Бірнеше жыл бұрын бұл спортпен айналысушылар қатары саусақпен санарлық ғана еді.
Қанат Нұрмаханов, Қазақстан теннис федерациясы облыстық филиалының директоры:
- Алдағы уақытта жаз айларында тағы осындай республикалық, халықаралық деңгейде жарыстар өткізу ойда бар. Өйткені Нұрсәт теннис орталығының өзінде жылдан-жылға бала саны артып келе жатыр. Ата-аналар да түсініп келе жатыр, бала қанша дегенмен спорт болғасын жарыс арқылы өседі. Жарыс деңгейін, санын көтеру керек екенін түсініп жатыр. Соңғы 3-4 жылда жақсы нәтиже көрсетіп жатырмыз.