БАҚ өкілдері Қызылордада доп тепті
БАҚ өкілдері республикалық деңгейде жыл сайын осындай бәсекелерде бақ сынайды. Ал біздің облыста мұндай дүбірлі дода тұңғыш мәрте ұйымдастырылды. Жүлде қоры да қомақты. Сондықтан болар, айтулы турнирлерде топ жарып жүрген «Хабар», «Экспресс-К», «Қарекет», «Тараз-пресс», «Шымкент», «Түркістан-ТВ» және «Алматы» командалары қатысып, ойын көрігін қыздырды.
Жарыстың ашылу салтанатында қала әкімі Асылбек Шәменов журналистерді кәсіби мерекемен құттықтап, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.Жеребе нәтижесі бойынша «Ақмешіт» өз тобында «Хабар», «Шымкент», «Тараз-пресс» сынды мықты командалармен тайталасқа түсті. Қызылордалық журналистер топтық кезеңде шымкенттік және тараздық әріптестерін қапы қалдырып, «Хабар» командасына есе жіберіп қойды. Өз тобында екінші орын алған олар жартылай финалда «Экспресс-К» командасынан 2:4 есебімен жеңіліп қалды.
Осылайша 3-орын үшін сайыста Талдықорған қаласынан келген «Қарекет» командасымен күш сынасты.
Олар жақында Алматы қаласында өткізілген белгілі спорт журналисі Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған республикалық турнирде бас жүлдені иеленген болатын.
Ойын барысы өте тартысты өрбіді. Кездесуде қарсылас команда есепте үш мәрте алда тұрды. Соған қарамастан қызылордалық журналистердің жеңіске деген жігері ерекше көрініп тұрды. Алаңның әр шебінде тартысты ойын көрсетіп, қарсылас команда қақпасынан саңылау тапты. Нәтижесінде «Қарекетті» 5:3 есебімен жеңіп, турнирдің қола жүлдесін еншіледі.
Айта кетсек, «Ақмешіт» құрамында Әділбек Жақанов, Нұржан Батыршаев, Талант Айымбетов, Алтай Сағындықов, Нұрлыбек Нұрмахан, Рыскелді Жахман, Елдос Асан және Дархан Тоқсейт секілді әріптестеріміз бар.
Республикалық турнирдің финалында «Экспресс-К» және «Хабар» командалары бәске түсті. Тәжірибелі ойыншылардан жасақталған қос ұжым жанкүйерлерге тартысты ойын сыйлады. Негізгі кезең 1:1 есебімен тең аяқталып, пенальти тебуде экспресстік әріптестердің мерейі үстем болды. Олар турнир жеңімпазына берілетін 1 млн теңге қаржылай сыйлыққа ие болса, хабарлықтарға 600 мың теңге сыйақы бұйырды. Ал «Ақмешітке» 400 мың теңге, «Қарекетке» 200 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»