» » Сырғанақтағы сейіл

Сырғанақтағы сейіл

ЖЕРДЕ ҚАТҚАН МҰЗДЫ КӨРСЕК ҮСТІНЕН СЫРҒАНАЙ КЕТЕТІН ӘДЕТІМІЗ ЕМЕС ПЕ? АНА БАСЫНАН МЫНА БАСЫНА ДЕЙІН ЖҮЙТКИМІН ДЕП ТАЛАЙ ТАЙЫП ҚҰЛАП, МҰЗДАН ТАЯҚ ЖЕГЕНІ КІМНІҢ БОЛСА ДА ЕСІНДЕ ШЫҒАР. АЯҒЫМЫЗҒА КОНЬКИ БЕРСЕ ҚҰДДЫ ӨЗІМІЗДІ СЫРҒАНАУДЫҢ ШЕБЕРІ СЕКІЛДІ СЕЗІНЕМІЗ. КЕЙДЕ МҰЗ АЙДЫНЫ БОЛСА АЛАҢСЫЗ СЫРҒАНАР МА ЕДІМ ДЕГЕН БАЛА ҚИЯЛДЫҢ ЖЕТЕГІНЕ ЕРІП ТЕ КЕТКЕНІМІЗ ЖАСЫРЫН ЕМЕС.
Осыдан біраз күн бұрын Жосалы кентінің орталық стадионында мұз айдыны ашылғаны жөнінде хабар алып, сонда бардық. Әлгі қиялымызға қанат біткендей коньки тебуге асықтық. Шағын етіп ашылған мұз айдыны бүгінде көптің қызығушылығын оятыпты. Әсіресе балалардың жиі келіп сырғанауы дағдыға айналған. Мұз үстінде жарыса сырғанаған олардың қуанышында шек жоқ. Бірі тайып құлап енді үйреніп жатса, бірі емін-еркін сырғанап жүр. Бұларға қарап біз де шамамызды байқап көрмекке арнайы коньки киетін бөлмеге бардық. Аяғымыздың өлшеміне қарай ыңғайлысын таңдап киіп, сыртқа шықтық. Көптен бері коньки теппегеніміз көрінгені былай тұрсын, мұз алаңына жетпей жатып, жолда та­йып бір-екі рет құлап алдық. Мұндайда ептілігіңіз болмаса әп-сәтте тайып кетуіңіз ғажап емес. Жүзі жалтыраған қырлы коньки мұз түгілі қар үстінде сырғып тұр. Әйтеуір көмекшінің демеуімен әлгі мұз айдынына жетіп жығылдық. Бір сәт балалық шақты еске түсіріп шамамыз келгенше сырғанадық. Мұз алаңы үлкен болмаса да, келіп сырғанап үйренемін деушілерге тамаша мүмкіндік. Жоқтан бар етіп жасап берген аудан әкімдігі мен спорт бөлімінің бұлай ұйымдастыруы бірінші рет емес. Жыл сайын кент тұрғындарын қысқы спорт түрімен шынығуға шақырады.
– Коньки тебу спортын ұйымдастырып жүргенімізге 6 жылдан асты. Жыл сайын қыс басталып аяз түскенде стадионның бір бөлігін дайындап, су құйып қатырамыз. Бұл енді аудан әкімдігі мен аудандық спорт бөлімінің бірігіп жасайтын жылдағы жоспары. Орталық стадионның ғимаратында бокс, күрес спортынан жаттығу өтеді. Мұнда спортшылар тек іште жаттығып қана қоймайды. Сыртқа шығып жүгіреді, футбол ойнайды. Соған қосымша есебінде мұз айдынын аштық. Басты мақсат – балаларды спортқа тарту. Қазір өздеріңіз де білесіздер, жасөспірім балалар спорттан бұрын телефонға көп үңіліп кетті. Дым қимыл, қозғалыс жоқ. Ол ертең жалқаулыққа, аурушаңдыққа әкеп соғады. Осы бастан алдын алуымыз керек. Сол үшін балалардың қызығушылығы оянсын, спортқа тартылсын, бос уақытында үйренсін деп мұз айдынын аштық. Қазір жаман емес, бірінен бірі естігендер келіп сырғанап ойнап жүр. Конькидің түр-түрін әкеліп қойдық. Енді болашақта жан-жағын қоршап, бұдан да кеңейтсек деген жос­парымыз бар. Балалар қызығып ойнаса бәлкім, осы қысқы спорт түрін ауданда дамытып қалармыз, – дейді стадион меңгерушісі Бауыржан Байшылықов.
Өзге аймақта спорттың дамып жатқанына қызығып қарағаннан өз жерімізде де мұндай бастамалардың ілгерілеп жатқаны қуантарлық жағдай емес пе? Ендеше саламатты өмір салтын ұстанып, бір уақыт спортқа ден қойып, балалық шағыңызда армандаған сырғанаққа келіп, сейіліп қайтыңыз.

Ерсін ӘБЛӘКИЕВ

05 ақпан 2022 ж. 542 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 292

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 387

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930