Шаршы алаңда шеберлік
Киелі Қармақшы топырағы бүгінде танымал тұлғаларға бай. Әсіресе спорттың өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан жандар жетерлік. Соның бірі – ғұмырының қырық жылдан астам уақытын спорт саласына арнап, бокстан талай дүлділдер шығарған жаттықтырушы, «Қазақстан Республикасының спортына сіңірген еңбегі үшін» Құрмет белгісінің иегері Қуаныш Қаражанов атындағы турнир биыл ауданда 10-шы рет жалауын көтерді.
Турнирдің негізгі мақсаты – жастар арасында саламатты өмір салтын сақтау, қазақ боксшыларының жетістіктерін кеңінен дәріптеу.
Дәстүрге айналған жарысқа елдің әр облысынан 12 команда және 100-ге жуық боксшы қатысып, 3 күн бойы шаршы алаңда жарыс көрігін қыздырды. Жарыстың өтуіне ұстаздың халықаралық дәрежедегі танымал шәкірттері демеушілік етті. Спорттық шараны аудандық мәслихат хатшысы Әділ Қошалақов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Ауданда спортпен шұғылданушы жастарға барлық жағдай жасалған. Соның нәтижесінде спортпен тұрақты түрде шұғылданатындар қатары көбеюде. Мұның барлығы халықтың саламатты өмір салтын ұстанып, дені сау ұлт қалыптастыруға жол ашады, – деді ол.
Қызыл бұрыш пен көк бұрыштан әртүрлі салмақта шыққан жасөспірімдер шаршы алаңда шеберліктерін салып, жұдырықтасты. Бокс қолғабы қанша жұмсақ болғанымен қарсыластар аянбай, бірі жеңіліп, бірі жеңді. Нәтижесінде командалар арасында аудандағы №15 спорт мектебі жеңіске жетіп, биіктен көрінді.
Қорытындылай келе 42 келі салмақта Нұрперзент Назымбетов, 52 келі салмақта Бейбарыс Базарбаев, 60 келі салмақта Мақсат Қуанышбек, 80 келі салмақта Алдияр Нұрғабылов І орынды жеңіп алса, 40 келі салмақта Ерасыл Абдрахманов, 44 келі салмақта Серік Бердібеков, 48 келі салмақта Нұрсерік Ержан, 66 келі салмақта Мирас Қорғанбек ІІ орынды иеленді. Ал Диас Саят, Фараби Әбішов, Әлімжан Жұмабаев, Ақылжан Амангелдиев, Данияр Иманзада, Ілияс Төлегенов, Ердәулет Маратұлы, Хәкімжан Әбләкімов, Саддам Хусейн, Ермек Бердібекұлы ІІІ орынды қанағат тұтты. Жеңіс тұғырына көтерілген жеңімпаздарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ